Әдебиет • 16 Қаңтар, 2019

Шыңғыс Айтматов. Эйфельдейін мұнараның маңында...

818 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Шыңғыс Айтматов.  Эйфельдейін мұнараның   маңында...

Э С С Е

Өмір сүрмек үшін нендей хал кеш­пекті ылғи да шешпек керек
(Хосе Ортега-и-Гассет)

Сол кеппен және шығар күн,
Сол кеппен батар мұнар күн...

1.

Әңгіменің не тұрғыда екенін ә деген­нен-ақ сезгірлікпен түсініп, қы­зыға құ­лақ қоятұғын адамдармен тіршілік түйткілдері турасында, өтіп жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар хақында, күнделікті оны-мұны жағдаяттар жайын­да өзімсіне сыр шертісіп, шүйірке­леспекке, әсіресе мына біздің бұл­ғақты ғасырымыз тәмам­далар талма тұста себеп-салдар жетіп-ар­тылар. Тіпті бассаң аяқ астында, де­ген­дей-ақ.

Сонымен қатар бұл тұрпат­тағы тал­­пыныстың туындауына қашаннан-ақ аңсарлы ақиқатқа кенезесі кебе шөлір­кейтін, ілкі­ден бар интуициялық ішкі лүпіл де себепкер шығар-ау, сірә. Сол се­зім­тал шолғыншы тағы да та­ғат­сыздана бас көтеріп, дүн-дү­ниеге көз жіберіп, айнала әлем шынымен-ақ сен елестеткен күй­дегідей ме, бұл жөнінде өзге­лер не айтар екен, шынымен-ақ мына жалған­ның жүзінде түптің тү­бінде іздеп табуға болатындай шын­дық шіркін бар ма екен өзі, дейтіндей. Қашаннан-ақ осылай.

Әлбетте, осы репеттес, өзің­ді қызық­т­ырар бар-барша сауалдар­ға, тіпті өзің­нің де толайым-тү­гел жауап бере са­луың мүм­кін емес, ондай болмайды да. Алай­да өз-өзіңнен «тәубеге ке­луің» тә­­різ­дес кұбылыс белгілі мөл­шер­де ой-санаңды шынайы бол­мыс­қа, оның бас­тау-бұлағына жетелейтіні рас.
Осынау толғаныстарға осы жо­лы септес болған жас шағынан әлде­қайда кіші, көптен таныс бір журналист еді. Әлдеқалай кездес­кен сәттердің бірінде ол бүйдеді:

– Сіз бірде өзіңіз құралыптас ұрпақ­тың, сондағы сөзіңізді дәл­ келтір­­­сек, естен тандырар­дай, жадынан жаңы­лардай инкар­на­ция­ға ұшырағанын айтып қалған едіңіз. Олай болса, шынтуайтында, бәріңіз бірдей бір сәтте, қалай өзі, былай, одан кейін, баршасы бір­деннен...
Мен оның ойын айқындамаққа асық­тым:

– Айтпағың не сонда, мына бізді бірден тұншыға тыншу тауып, сосын басқа-бөгде бейнеде тү­гелдей тіріле-түрегеліп шыға кел­ді демексің бе? Жоқ, әлде, әл­гіндей жағдаяттардың болмағы беймүмкін демекпісің?

– Иә, шамамен алғанда осы ма­ңай ғой, – деді ол көңілде­не түсіп, – Бірақ, жаңағы жағдаяттардың бей­мүмкіндігіне келсек, онда тұр­­ған не бар, кұдайым-ай, бұл әлемде беймәлім нәрсе жоқ шы­ғар! Оның үстіне ар алдында кім­нің арылып, тірілгісі келмейді дей­сіз?! Тіріл де кете бар! Аһ! Құ­­­­­дайға, сосын қарқылдап тұрып кү­ле­сің-ай, міне, көрдің бе, арыл­дық та тірілдік! Ешқандай санк­ция­сыз-ақ! Гәп қайда, инкарнацияда ма?! О, Жараткан ие, о, Жа­рылқаушы? Біз кімге ұқсап тұ­рыппыз?

– Иә, шынтуайтқа келгенде, дәп осылай, – дедім мен. – Иә, иә, енді біз өзімізге өзіміз күле­міз. Құдайды қайдам, өзді-өзі­міз­ге қарқылдаймыз-ай келіп! Қар­қылдап күле жүріп, жаңбыр-жаң­бырдың арасынан сұрақ тас­таймыз тағы да. Япырай, бұл не сонда, өзі-өзінен бола салған, те­гіннен-тегін келе салған не нәр­се! Аяғымыз салбырап аспаннан түстік пе, сонда? Дәуірді біз өз­гер­тіп жі­бер­дік пе, әлде замана біз­ді илеп, билеп алды ма? Ха-ха-ха! Кім кімді ақымақ қылды сонда? Осының барлығына ба­ға берер қазы бар ма? Қазір біздің кім екенімізді кім айтар? Кейбіреулер кім­ге қарғыс жаудырарын, бәз­бі­реу­лер кімге алғыс жаудырарын білмей дал. Бәріне де қайта құ­ру кінәлі, сол бол­ма­ғанда ғой, «қа­ға­нағымыз қарық» күй­де жү­­рер берер ме едік. Оу, біз де­генің анау шақта, кеңестердің ке­зінде туып-өскен «XX ғасыр­дың құймалы құ­ра­масы» емес­піз бе? Еуразиялық ой-сана өлшем­дері тұрғысынан мен біз­дің ұрпақты осылай атаймын, әрине бұдан да кеңірек алу­ға болады. Біле-білгенге – төтен­ше өзгерісті бастан өткеріп, әлгі атап көрсеткеніміздей, ин­карнацияға ұшыраған ұрпақ­пыз біз. Әлеуметтік пе, мұраттық па, саяси ма, тағы басқа, қайсы­бі­рін айтсаң да! Сөйтіп біз келер ұрпақтарға, иә, иә, солай, олар­ға тағы да өзіміз-өзегіміз, өз тағдырымыз арқылы жол аш­тық. Тауарихта осындай жағдай, яки түпкілікті төңкеріс және бүкіл бір ұрпақтың өзін-өзі жоққа шығаруы ар­қылы күллі дәуірді жаңғыртып, жаңартуы, қайталап айтамын, қанды құрбандықтарсыз түбегейлі өзгертуі, әй қайдам-ау, кездесе қоймаған шығар...

– Пікіріңіз орынды, мұндай жағдай болмаған. Шын мәнінде, ешқашан кездеспеген, – деп келісті ол. – Алайда осынау ғажайып ғаламат үшін Құдайға алғыс жаудырған жөн бола қояр ма екен? Оның бізге тым қадалып қалғаны несі? Мінекиіңіз, енді тағы да бұрын болып көрмеген, жаңа геосаяси тәжірибені бізге таңды да тастады. Ал біз тағы да жонарқамызды тосып, жанталаса құштарлық танытамыз.

– Қалай ойласаң да еркің білгей. Былайша айтсақ, бостан­дықты ешкім де су тегін сыйлай салмас. Сен оны қалай аңсадың десейші бір кездері. Ақыры ал­дың ғой. Кешіргің, шырақ, оның құны – мына біздің ұрпақ. Бұ­дан әрі қалай болады, енді оны өздерің ойлаңдар, жаманды-жақ­сылы біз өз парызымызды өтедік...

– Сонда, сіздер осы шым-шытырық шытырман туралы не ойлайсыздар, бұл шатаққа шынымен-ақ шаттанасыздар ма?

– Бұл шатақ емес. Бұл – тарих. Бет-бейнелер мен тағдырлардағы тауарих­тың тап өзі.

– Жарайды делік, тарих бо­ла қойсын. Сонда осы тарихи тү­бірлі құбылыстың сізге, сіз құ­­­­­­ра­лып­тас адамдарға, инкар­на­ция­ға ұшыраған ұрпаққа әсері нешік?

– Бұл жағы соншама маңызды ма? Ендігі жерде мәселенің мә­нісі бізде емес, сізде, сіздің ұр­пақта емес пе?

– Жоқ, мен қадалған жерден қан алмақ емеспін. Міне, тағы да сол – әке­лер мен балалар! Менің айтпағым бұл емес. Тек қана сіз­дің көзқарасыңызды біл­гім ке­леді. Өмірде барлық нәрсе өз тұр­­ғың­нан дәлелдегенде ғана ила­нымды. Шын­дық атаулы да кешіріңіз, айналып келгенде, өз өреңе, өз өлшеміңе бай­ланысты. Бұдан ешқайда қа­шып құтыла алмайсың. Біздің «ме­німіз» өзімізден қашып қайда барар? Менің айтпағым мынау, – деген ол сәл-пәл үнсіз қалды да, әлде маған солай көрінді ме, кім біл­ген, төбеден қос қолдап қойып кеп жібер­гендей күйде бүйдеді. – Сонсоң, біздің әрбіріміз теңізде малтыған адамға әйтеуір бір жағымызбен ұқсайтын се­кіл­діміз. Жүзуші жағалауға жетер ме, жет­пес пе, беймәлім. Ал ту­ла­ған те­ңіз кемелерді жағаға лақтырады-ай ке­ліп.    

– Сіз жүзіп келесіз бе, жоқ суға батып бара жатырсыз ба?

Бұдан әрі жауап қатып жату­дың жөн-жосығы жоқ-ты. Осынау құ­­йынды толқыныстардың қан­­дай-қан­­­дай жағалаулардан толыққанды іске қосылмаған бостандығымыздың бү­гінгідей бұлғақты кезеңінде ой-са­на мен жан дүниені билеп алған, бұлың­ғыр­лықтан бұрқаққа дейінгі нендей-нендей белдеулерден желдей есіп тұрғанын түсіндім де ішкі түйсікпен сезіндім де. Бостандық бар, бірақ оны тұтастай сіңіруіміз тіпті қиынға соғып жатыр. Бостандыққа да ие керек екен-дағы! Күтпеген жайт па? Детерминизм бе? Тосын жаңалық па?

Өзіндік талдау-таразылауға ұм­тылыс – мына тіршіліктегі ақырғы деміміз таусылғанша жалғасатын мәңгілік тырбанысымыздың, пәнидегі пенделік әурешілігіміздің белгісі (ертең ажал құшарымызды біле тұра, жоқ... анау жақта не боп жатыр дейтініміздей), себебі сол, ылғи да ындынымыз құрып, бәрін білмекке құштармыз, әлімізге қарамай, әділеттілік қай деңгейде, иә, иә гәптің өзі сонда, айнала төңіректегі өмірде әділеттілік бар ма, іс жүзінде адамдар қалай тұрып жатыпты, әсіресе анау, жоғарғы жақтарда, бұрындары қорғандар мен сарайлар дуалдарының арғы жағы еді ғой, енді, қазір, индус­триалды кіділіктің жемісіндей олигархия мекендейтін көз қарықтырардай, жұмбақ жарқылды «диснейлендтерде», аса иланымды, айшықты кейіпте айтылатындай анау «аттракциондарда» жердегі «құдайлардың» жұғымды жұмыстары жүзеге асырылатынын, солардың шиырып қол қоюымен әлеуметтік бұқара аталатындардың тағдыры мен талайы шешімін табатынын, бар-баршасын, білгіміз келіп-ақ тұрады.

Әне солай, бүгінгі дүние осылай жасалып, кұрастырылған – «олигархиялык құдайлар» қиял жетпес қисынмен жиған көз тұндырар байлықтың аттракциондарын шыр айналдырар, ал әлдекімдер биік коршаулардың арғы жағына мойнын соза көз сүзіп, сол жаққа бас сұқпаққа, жол таппаққа жанталасар.

Сөз орайына сәйкес бір өлеңшінің жыры есіме сап ете түсті: 

Күнәһарлар қаптап жүр ғой әр елде,
Әулие жоқ ай астында, әлемде.
Кедей байға, бай құдайға ұмтылған,
Кімдікі жөн – жауабын ал қыртыңнан.

Ақынымыздың «пәлсапасына» күл­­­сек-тағы, аңғарымпаздығына шәк кел­тіру қиындау. Сөйтіп талай нәрсені тал­қылап тастағандай болып, келесі кездескенше деп тарастық. Бірақ ішкі әлемімізді сыздатқан сыртқы әлем проб­лемаларының біз індете іздемек мақ­сұттағы мән-мәнісі көмейге кептелгендей тылсым-тұнжыр, тұңғиықтана тұйық­­талған күйінде қалып қойғандай-тын. Тіпті «естен тандырар инкарнация» мәселесін айтудың өзі де сөз жоқ, ай­қындалмаған метафораның долбары ғана секілді еді. Мұндай әдіспен әлдебір нәрсені түпкілікті түрде түсіндіру, әри­не, аса ауыр екені аян. Шынында да тұс­­пал тек кана тұрпат нобайының нұс­қасы ғой...

Ақиқатында, біздің тұспалға толы пікірталасымыз күтпеген жерден бас­талған-ды. Бірер сөзбен ғана басын шал­ған жағдайларымыз мыналар еді: біз неге душар болдық және кеңестік кезеңнен кейінгі өміріміз не күйге ұшырады, бүкіл әлемнің және ең алдымен мына біздің бақытымызға қарай, тағы бір революцияны оның жаратылысына тән қанды қырғынсыз өткеріп, XX ғасырды түпсіз шыңыраудан алып өтіп, күллі дүние жүзін дүр сілкіндірген заманалық ғаламат құбылыстың тұрғысынан қа­ра­ғанда біз қандай тұстамыз, қай қиыр­дамыз? Иә, мұның бәрі де қайта құ­рудың арқасы, оның қолы жеңіл бол­ғандығының жемісі еді. Сонда да,­ бәрібір, ой-толғаныстан бір сәт те арыл­майсың. Өзіңе өзің қоятын сауал қау­лайды: біз кім едік, енді кім болдық, тап­қанымыз бен жоғалтқанымыздың арасалмағы, айырым белгісі қандай, ал­да нендей кеп күтіп тұр? Қайда бара жатырмыз?
Алқым түймеден алқынғандай күйдегі ғасырымыздың да түйткілге то­лы сұрағы осы...

Былай қарасаң, бәріміз-дағы (біз­дің барлық егемен елдер) әлемдік демо­кратияның мән-мәтініне жараса кірігіп, ойдағыдай орнығып алғандаймыз, бас­қашалау айтқанда, демократия барлық рәміздерімен рәсімделіп, ең бастысы капиталистік нарық өзінің жан-жақты тірлігін жасап-ақ жатыпты, алайда жүріп жатқан үрдіске деген шын мәніндегі қанағаттанғандық сезім бәрібір жоқ. Тұтастай алғанда прогресс хақында һәм осыны айтуға болады – өткен ке­зең­нің қатып-семген жақтары реформаланып, қайта құрылып жатыр, үміт шіркіннің шырағы бір жанып, бір сөнеді... Ал түйсік-сезімімізге жүгінсек, мына клиптік-кіді заманның ызғырық ыш­қынған мұзы үстінде жанұшыра ызғып бара жатқандаймыз. Жағдаяттың фантастикалық ахуалға айналғаны соншалық, экранды жаппай жаулап алған естен тандырарлықтай клипмонтаждар тұп-тура құйынды өміріміздің өзі дерсің. Ал біз ғасыр ғаламатын, адам­заттың жаңа дәуірі әкеледі деп алдын-ала аңсай күткен кереметтерді еліте, елі­ге армандаудан арыла алар емеспіз... Сөй­тіп енді тордағы торғай секілді жансебілміз... Тағдыр-ай, тағы да мұның бәріне де берілетін жауап әзір, оның ішінде ғылыми түсініктемелер де жетіп-артылады, бірақ неліктен екенін қайдам, өзіндік, адами төл қорытындыларың ғана жан-жүрегіңе жақын ғой. Сол ғана жұбатады емес пе? Сол себептен бе, әйтеуір, ой түбіне сүңгіп, тұңғиық тозағына түсесің де кетесің.

Мәселенки, бар-баршамызға аса ауыр тиген, буынсыз жерге пышақ ұрғандай сезіл­ген нәрселерді қалайша айтпайсың. «Клипті-кіді дәуірдің ызғырық ышқын­ған мұзы» үстінде біздей аңғырт та аң­ғал пақырларға қырғынды-құйынды уақыт азуын ақситып, қорқаудайын қыр көр­сетті, дүниежүзілік нарықтың Ақша-Құ­дай деген лақап аты бар қуаты күшті Құдайы­на тап болдық, ол жартылай жа­байы «соцварягтарды», теңгермешіл тай­қымаңдайларды қашаннан-ақ қара көлеңкеде қатыгездікпен күтіп тұр екен де.

Иә, сонда қалай, бұл мырза-жолдас неге тым тереңдеп барады, немене, кеңестердің кезінде ақша болмап па, біз тиын-сиынды білмеппіз бе, дейтіндер де табылар. Білгенбіз. Бірақ ондағымыз шымшуырмен шымшитын ақшасымақ-құдайсымақ, арық аттың бақытсыз бақ­ташысы болатын. Ол тіпті періште емес-ті. Шамасына қарамай, шікәмшіл-тұғын. Дүниежүзілік қаржы-қамшы пішту-пұшпаққа қуып тыққан сол сор­лының өзі де әлемдегі социалистік би­лік­тің ұшпағына шықпаққа ұмтылып, Еуразия түкпірлеріндегі мұнай мен газ арқылы, сондай-ақ дүниенің төрт бұры­шына жіберетін қару-жарақ арқылы ақ­шаны «самогоншалап» айдады, ал орманды және алтынды басқа да нарықтық дәрі-дәрмек атаулыны дұшпан көз етіп, жанарға жарқылдатты... Есесіне ел-жұртқа тиын-сиындар ғана тиді... Ақы­рында, бәрібір, әлгі құдайсымақ, арық аттың бақытсыз бақташысы өлім құшып, өмірем қапты да, елі мен жұртын тағдыр тәлкегіне тастап кете барды... Қазіргі шақта тоталитарлық жүйенің торынан шыққан біз байғұстардың басымызға не келіп, не кетпей жатыр. Кей-кейде бұрынғыдан бес-бетер, тағы бір тоталитаризмнің таз кепешін кигендей болатынымыз неліктен?
Алайда, қалай дегеніңмен, атына қашаннан-ақ қаншама қарғыс айтылса-дағы, ақша адамзатпен бірге дерлік егіз-қатар жасасып келе жатқан «метафизика» болып табылады, барлық «ұлы құбылыстар» секілді бұл «метафизикада» да диалектиканың қарама-қайшылық заңы бар.

Әу бастағы жаратылысында бейкүнә бола тұра, ақша дегенің болмыстың аласапыранында аса қауіпті, оның тасасында дерт қоздырар дуа пен капиталдың қитұрқы қуаты жасырынып жатады, сонда-дағы, өркениетті өрістетуге сеп­тесу деңгейі, нарықтық қарымы жөні­нен ақшаны алмастырардай айла-шар­ғы және жоқ. Өркениеттер келер де, кетер де, ал ақша қала бермекші. Сол алыпқа толық қуатында, құштарлы құл­шыныспен, бүгінге және ертеңге пайдалы да мақсатты қайтарыммен жұмыс іс­те­туге қалайынша қол жеткізуге болады?

Іштей ғана осындай ой кешесің, жан дүниең солай болғанын қалайды. Ал, әзірше біз нарықтың тозағында тозаңдай шарқ ұрамыз, иә, Жаратқан аңғырттығымызды кешіргей де, әзірше біз ақшаға емес, ақша бізге қатқыл да қатал, залым да зұлым билігін жүргізіп бағуда.

Тарихтың өкпекті өткелдерінде өзгеше қысталаң-қиналыстарға тап болатын да, соқтықпалы-соқпақты соқ­қыларға көбірек ұшырайтын да мә­дениет тағдыры, оның өрісті өркендері. Өмір­дің өзге салалары әйтеуір күнін ке­шеді, тығырықтан шығу жолдарын іздеп табады. Ал күтпеген жерден нарық қыспағының өткір тісіне түс­кен біздің «ерікті егемен елдеріміз» (олар­дың арасында Ресей де бар) ұзақ жылдар бойына жүйесіздеу жүйеде болғанның жазырына ұшырап, о бастағы табиғаттарынан тамыр тартатын бастау-бұлақтарын сақтап қалу мен жаппай жан алқымнан алған осы заманғы тобырлық мәдениеттің аралығындағы аяусыз ай­қас­тың шайқастарында шарқ ұруда. Осы­дан барып өмірлік маңызы еселеп артар ерекше сауал қаумалайды. Ұлттық мәдениеттеріміз әлемдік нарықтың ерік-жігері мен бұзғын-бұйрығына икемделе алар ма, мың құбылған мына заманда өз ұлтына, әсіресе жас ұрпаққа қажетті күйде қалар ма? Тағы да сұрақ – ұлттық мәдениеттердің тың талаптарға сәйкес жаңаша түрленбек деңгейлерін қалайынша, кандай өлшемдер мен мөлшерлердің бедер-белдерінде жүргіз­бек ләзім? Есесіне естен танып, кері кету, құл­дилай құлдырау сияқты кұбылыстар қасі­ретке ұрындырып, қирап тынбаймыз ба?

Әрбір мәдениеттің күн астындағы, жер үстіндегі өз орнын, өз сахнасына өз жолымен шығуды, өзінің шығар­­машылық өрістерін талап етері сөзсіз, сөйте тұра олардың ешқайсысы тек өзі­мен-өзі бола алмайды. Кез келген мәде­ниеттің басқа мәдениеттермен қол ұстасып, қосыла қимылдап, бірін-бірі байыта түскенде ғана толыққанды дамитынын, осыдан барып жалпыадамзаттық мәдениет құралатынын тарихи тәжірибе дәлелдеп келеді. Қазіргі тарих бедерлерінде бұл үрдіс барған са­йын қиындап барады, бұлдыр жаратылысты бұлыңғыр өзгерістерге ұшырады, жергілікті мәдениеттер XX ғасырдың екінші жартысындағы бұқаралық мә­дениет секілді дүниежүзілік жойқын құбылыстың алапат тасқыны астында тұншығып қалды. Мен «маскультті» мұқым мансұқтаудан аулақпын, мүлде жат, шынайы құндылықтан алшақ дегім де жоқ, тіпті де олай емес. Бұл жерде мәселеге басқаша өлшемдермен қарағанымыз орынды болар. Біз қаласақ та, қаламасақ та, тобырлық мәдениет әлдеқашан нарықтық кешенге айналған, өнердің тың «технологиясы» мен жаңа коммуникацияның жемісі, әсіресе Батыс вариантында ол бүкіл Жер шары мен адамзат үшін құлақ тұндырар, құдіретті күшке, әсіре бола тұра әлемдік әсерге ие. Мен тіпті оны осы заманғы «шаманизмге», электронды-лазерлік экстрасенстің магиялық рухына балар едім. Таңғажайып құбылыс. Пұтқа табынатын шаманизм XX ғасырда қайта тіріліп, басқаша бейнеде акиқатқа айналып, техникалық жабдықтар, теледидар арқылы жүздеген миллион адамдарды қармап, қамтып алды. Әрине, ішкі ояныстардың оябынан бастау алып, рухи-риясыз кызмет етпекті мақсұттайтын табиғи, дуашыл, дәстүрлі шаманизм мен қас-қағымда науадан құйылғандай қап-қабымен тасқынды ақша табатын осы кездегі электронды шаманизм ара­сын­дағы айырмашылықтар жер мен көк­тей. Сонда-дағы, мәселенки, Майкл Джексонды XX ғасырдың теңдессіз, тамаша шаманы деп санауға әбден болады! Алдымызда өтіп кеткен, кибернетикаға дейінгі замандарда мұндай ахуал болған емес, болмағы да беймүмкін-ді.

Сонымен айнытпай айтсақ, «маскультура» – рыноктың «лоббисткасы» деген анықтама тегіннен-тегін айтылмаса керек-дүр. Оның күш-қуаты мен қауіп-қатері де сондайлығында. Сондықтан да ұлттық мәдениеттер бұқаралық мә­де­­ниеттен сақтана отырып, төлтума қа­сиеттерінен айырылып қалмау үшін, өздерін-өздері сақтауға, өздерін-өздері қорғауға толық құқылы. Осымен қатар, жергілікті мәдениеттерге мынадай ымы­рашылдықтың кезеңінде төрткүл дү­ниені түгел жаулап алған бұқаралық мә­дениетпен мінәйі мәміленің жолдарын іздеуге де тура келетіні түсінікті шығар. Әсте, мұндай жағдайды демократизм дәуіріндегі дәстүр мен жаңашылдықтың жиынтығы ретінде туындаған тарихи мүмкіншілік деп қабылдаған абзал. Бұл мәністегі қызғылықты құбылыстар қазіргі Өзбекстанға көбірек тән болып тұрыпты. Мысал ретінде «Ялла» ансамблін келтірсек те жеткілікті.

Тәржімалаған Мархабат БАЙҒҰТ

1998 жыл

(Жалғасы бар)