16 Қаңтар, 2019

Қазақстанда баспасөздің міндеті

882 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №407 санында жария­ланған Смағұл Сәдуақас­ұлының бұл мақа­ласы сол кез­дегі газет­тің шыққанына 4 жыл толуына байланысты есептік, бағыт-бағдарлық сипатта жазылыпты. Онда газеттегі сыни мақалалар жөнінде де айта келіп, «Мағжанның өлеңдерін басуымыз керек пе, жоқ па?» деген сауалға да қисынды жауап бере кетеді.

Қазақстанда баспасөздің міндеті

Бүгін біз «Еңбекші қазақтың» төр­тін­­­ші жы­лын мейрам етеміз. Бұдан бір жыл бұрын «Еңбекші қазақтың» алды­рушыларының саны 2300 еді, бүгін «Ең­бекші қазақ» 3000 данамен тарайды.

Бір жылдың ішінде «Еңбекші қазақтың» бұлай болып өсуі жалпы халықтың газетке ынтасының күшейгендігін көрсетеді.

Баспасөз тұрмыстың айнасы дейміз. Көп жерде халық тұрмысының қай жағы болса да  газетке жазылып тұруы керек. Газеттен халық тұрмыста болып жатқан оқи­­ғаларды біліп отыруы керек. Бұл реттен қарағанда газет тұрмыстың айнасы екені әбден рас. Газет халық тұрмысын  құр ғана айнадағыдай қылып көр­сетіп отыр­майды, газет күнделікті өмірдің қисық-қыңыр жерлерін түзетуге де себеп­ші бола­ды. Бұл жағынан қарағанда газет тәрбиеші болып шығады.

Біз өткен жылдың ішінде осы айтылған екі та­рау міндетімізді шамамыз келгенше атқаруға тырыстық.

Соңғы жылдың ішінде, әсіресе тіл­шілер­ден хат көбейді. Бұрын ең әрі бар­ғанда біздің қолымыз үйезге жетуші еді, болыстан келген хаттар бірен-саран, ауыл­дан анда-санда бірер хат болушы еді. Осы күні «Еңбекші қазақтың» нағыз ауыл­дың қалың ортасынан жүзден ар­тық тіл­шілері бар.
Тілшілер мәселесі де соңғы жылда сезі­ліп отырған бір жаңалық. Бізге осы күні Қа­зақ­стан­­ның бар түкпірінен хабар келеді. Әсі­ресе күн­­шығыс Қазақстан (Семей, Ақмола гүбір­нелері) соңғы жылдың ішінде газетке көп хабар берді.

Тілшілерден хабар келу кем емес, бірақ біздің тиісті кеңес мекемелеріміз әлі де елден келген хабарларға шабан қарайды. Кей­бір гүбірнелік прокурорлар (мысалы Ақ­моланікі) болмаса, прокурордың көбі ел туралы жазылған хабарды түбіне дейін зерттей ал­май келді. Бұдан былай біздің прокурорлар ел хабарларына же­тігірек қараса, біздің бұл тура­лы газеттегі қызметіміз бұдан да жақсы көр­кейер еді.

Өткен жылдың ішінде газетке жазылатын мәселелердің де саны көбейді. Осы күні біз үнемі партия тұрмысынан жаза­тын бөлім жасап отырмыз. Бұрын анда-санда болатын кооперация, ауыл ша­руасы, халық ағарту, денсаулық, сот, жұмыс­керлер тұрмысы – осы сықылды бөлімдерді тәртіпке салып отырмыз. Дұрысын айтқанда, бұл бөлімдер де тіл­шілерден түскен хабардың арқасында жасалады. Бірақ онымен қабат өзімізден де ұсақ мақалалар жазылып отыр. Әсіресе шаруа­шылық бөлімінде ауылдың ұғы­мына қарай қысқаша жеңіл мақалалар беру­ге тырыстық.

Жалпы айтқанда, бұл бөлімдердің бә­рі бұрынғысынан анағұрлым ілгері аяқ бас­ты.

Бірақ биыл да түзететін, оңдайтын  жер­ле­ріміз толып жатыр. Бұрынғыдан гөрі биыл жа­зу­шылардың да саны кө­бей­ді. Бірақ бұл туралы да біздің әлі істе­генімізден істеме­­геніміз алдымызда. Бұрынғы сықылды кіндік мекемедегі азамат­тар биыл да сараң жаза­ды. Бұлай болу­дың себебі бір жағынан азамат­тардың қа­ламға шорқақтығы болса, екінші жағынан біз­дің газетіміздің кемшілігінен.

Қазақ газеттері жаңа-жаңа жұртшылық­тың тілі болып келеді. Біз қазақ газетінде қызық бір сөз жазылса, кейде байқамай қаламыз. Орыс газетінде сол сықылды сөз жазылса, ол туралы жұрттың бәрі сөйлейді. Бұлай болуына бір себеп­тен орыс жолдастардың қазақ газетін оқи алмайтыны да себеп шығар, мүм­­кін бұлай болмауы да. Әйткенмен қазақ азаматтары қазақ газетінде басылған сөзге тез қоз­ғалмайды.

Біз бұдан былай газетімізді шын жұрт­шы­лықтың тілі қылуымыз керек. Газетте көте­ріл­ген мәселе жұмыс жүзінде де көте­рілсін. Елге, пар­тияға айтам деген сөзімізді газет арқылы айтайық, біздің істегелі жүр­ген ісіміз көптің құ­лағына естілсін. Жаңа пікіріміз болса, оны біреуге әңгіме ретінде сөй­лемей, я болмаса біреуге жасырын айтпай (бұл тіпті жаман), газет жүзінде тал­қыға салайық. Әрине бұл сөз­дер ойыңа не келсе соның бәрін газетке сыза бер деген ма­ғына шықпайды. Біз жаңа пікір деп іс жө­нінен туған пікірді айтамыз. Мы­салы, қазақ ішінде кооперативті қалай жасау ке­рек деген мәселе туады екен, осыны әркім өз білгенін ішіне сақтап, сүйгенге ғана айту ке­рек пе, жоқ көптің ортасына салу керек пе? Әри­не көптің сөзі – бұл. Міне, осы сықылды әңгі­мелер бізде толып жатыр. Соның бәрін газет бетінде айтатын болу керек. Бұл айтылған сөздер біздің жалғыз ұсақ бөлімдеріміз туралы емес, газетте жа­зы­латын ірі мәселелерге де осын­дай көз­­қарас болу керек. Әлгі айтылған коопе­ра­ция­ның мысалы, сондай ірі мәселенің бірі. 

Ендігі біздің айтып өтетін сөзіміз жан­жал мақалалар туралы. Былтыр біз қыс­тай латын қарпі туралы айтыстарды бастық. Бұл бір түрлі айтыс. Екінші түрлі айтыстар бар: біз былтыр Қошке Кемеңгерұлының кітабы туралы қарсы мақалалар жаздық, «Ақ жол» туралы Ғаббастың мақалалары болды. Мұның бәрі орысшалап айтқанда критика (сын). Біз сынды басуға тиістіміз. Біздің газеттерге сын керек. Сынға қазақ оқушылары жете баға бер­мей жүр. Бұқара қазақ өз алдына, біздің жазу­шыларымыздың кейбіреулері сынды қарсылық сөз деп ұғады. Егер біреуге біреу сын жазса, ол екеуі араз екен, қас екен дейді. Әрине мұның бәрі – жете білмегендіктің белгісі. Біз бірімізді бі­рі­­міз сынауымыз керек. 

Сын – мидың жануы. Сын ойларды қосып, адам­ның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды. Сон­дықтан бізге сын керек.

Біз жуырда біраз өлеңдер бастық. Мағжан­ның бұл өлеңдерінің ішінде бізге қосылмайтын да жері бар. Бірақ ішінде азырақ жанжал сөзі бар екен деп біз Мағжанды тоқтатып тастауымыз керек пе, жоқ басуымыз керек пе? Әри­не  басуымыз керек! Басылғаннан кейін қате жерлерін тағы сол газет жүзінде көрсету керек. Мағ­жанның теріс сөздерін жасырып қой­ғанмен біз ақылды болып кетпейміз, қайта соларды тексеріп, соларға қарсы өзімізден қару іздесек, ақылымызға ақыл қосамыз.

Кеңес Одағының осы күнгі өмірі мәде­ни жолға түсті. Біз бұрынғыдай өзі­мізге қарсы­ларды итере салып, құлата салып, жоқ қыла бермейміз. Біз қарсы пікір­лер­мен солардың өз қаруымен күресеміз. 

Ұлтшыл ақынға қарсы екенбіз, коммунист ақын оны жұдырығымен жыға ал­майды. О да өзінің ақындығымен күре­су керек. Анадан ақындықты асыруға ты­рысу керек. Ақындық ауызға салып жібе­ретін алма емес, өнермен, еңбекпен табылатын нәрсе. 

Біздің марксшыл сыншыларымыз көптің алдында осыны дәлелдеп түсіндіру керек. Қа­зір­гі орыс әдебиетінің түсіп отырған жолы да осы. 

Орыстар Сергей Есенин, Борис Филь сы­қыл­ды жазушыларын коммунист болмаса да, жазғандарын бастырып отыр. Бірақ мұнымен қатар коммунист сыншылар олардың қатесін айтып, көпке бе­ріп отыр. Сондықтан орыс әде­­биеті осы күні ілгері басып барады.­ Біз­ге де осы ке­рек. Әдебиет майданында ұлт рес­пуб­лика­ларының хәлі басқа түрде. Біздің ша­руа­шы­лық сауда мекемелерімізде орыс жол­дастар отыр, ел билеу жұ­мы­сында да солай. Мәдениет жағынан ауыр­лық түгелімен қазақ жігіттерінің өз мойнында. 

Біздің мектептерімізге қанша құрал керек, сауатсыздықты жою жолында толып жатқан әде­биет керек. Осының бәрін біз қайдан алмақ­пыз?

Переводқа сенуге болмайды. Перевод осал жағын көрсетіп отыр. Әсіресе мектептерге қазақ тұрмысынан, қазаққа таныс тұрмыстан жазылған сөздер керек. 

Сөздің кестесі, сөйлену ыңғайы бә­рі қазақ­­тың миы ұғатындай болсын. Сон­дықтан бізге өзімізден шыққан жазушыларды іске асырып, қатесі болса түзетіп, соларды баулу, түзетуші маркс­шыл сыншы болу керек. Жазушыға да, сыншыға да газет бетінде орын берілу керек. Қазақ­станда баспасөздің өсуі –жалпы жұрттың өсуге бет қойғандығының белгісі. Биылғы қазақ былтырғы қазақ емес, жылдан-жыл­ға халықтың тілегі зорайып ке­леді. Сон­дықтан біздің баспасөздің де міндеті үл­кейіп отыр. Жыл сайын бір табал­дырық жоға­рылаймыз, жоғарылаған сайын біздің міндетіміз артады.      

Биыл да былтырғы сынайтын ұраны­мыз – өмірге, тұрмысқа жанама жүр деген болу керек. Өмірден алыстамай, өмірдің мұң-мұқтажын жазып отырса – баспасөз өз міндетін атқарғаны. 

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»