16 Қаңтар, 2019

Енді дәрігер «қағазсыз» емдейді

619 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 Жаңа мыңжылдық күн өткен сайын нағыз цифрлы әлемге айналып барады. Бүгінде үйде отырып ұшаққа, пойызға билет аласыз, компьютер, түрлі гаджет арқылы бар қажетіңізді, үстіңізге ілер киімнен бастап ішер асыңызға, керегіңіздің бәріне тапсырыс бересіз. Яғни, бір қолыңызды екі ете алмай жатқанда «ләппайлап» қызмет ұсынатын осы цифрлы жүйенің игілігі қоғамдық өмірге дендеп енді. Енді қаңтардан бастап еліміздің барлық емдеу мекемелерінде қағазсыз жүйе іске қосылды.

Енді дәрігер «қағазсыз» емдейді

Дәрігерге қаралу үшін тіркеу бөлі­мі­нен басталатын қағаз­бас­­тылық кісіні әбден мезі етіп жі­бе­ретіні талай қозғалған мәселе. Бұл жайында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев дәрі­гер мен мұғалім қағаз тол­тырумен емес, шәкіртіне білім берумен, алдына келген пац­иен­тін емдеумен айналысуы тиіс деп цифрлы жүйеге көшу­ге арнайы тапсырма берді. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру аясында былтыр жыл басында денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында 4 облыста қанатқақты жоба қолға алынды. Жоба барысында ем алушыларды тексеруден өткізу мен емдеу нәтижелері, созылмалы аурулары, дәрілік заттарға аллергиялық реакциясы, тамақтану, диета және тағы басқа дәрігердің ұсыныстары туралы мәліметтерді біріктіретін элек­тронды денсаулық сақ­тау төлқұжаты жасалды. Ал элек­тронды төлқұжаттың артық­шы­лы­ғы – бұған дейін азаматтар емхана, ауруханалардан алған жолдамаларын, амбулаторлық құжат­тарын түгел арқалап, әуре­ге түссе, енді жеке куәлік арқы­лы тіркелуге де, ем алуға да даң­ғыл жол ашылды. Сөзсіз, цифр­лы жүйенің пациентке де, дәрігерге де пайдасы мол екені айқындалды.

Цифрландыруды енгізу барысын аңдауға арналған жоба барысында көптеген ауылдық мекендер үшін интернет желі­сі­­нің қаттығы белгілі болды. Алай­да 2022 жылға дейін ауда­н мен ауылдық жерлерге Ақ­па­рат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, интернет желілері тартылып, одан басқа, интернет жеткізу мүмкіндігі жоқ, тым шалғай мекендерге Қорғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрліктерімен бір­лесе спутник құрылғылар ор­на­ту­дың қажеттігі байқалды. Бір қуанарлығы, Қазақстан бо­йынша мұндай елді мекен­дер басым­дыққа ие емес. Сон­дық­тан қаңтардың алғашқы күн­дері­­нен цифрландыру емдеу меке­мелерінде айналымға енгізі­ліп, медициналық құжаттардың 200-ден аса формасы электронды форматқа көшірілді. Яғни, Ден­саулық сақтау министрлігі 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ден­саулық сақтау ұйымдарында ме­ди­циналық құжаттарды қағаз­сыз, цифрлы форматқа көшіру аясында бастапқы ме­ди­цина­лық құжаттаманың 62 формасын алып тастап, 221-ін элек­тронды форматқа көшіріп, авто­маттандыру мақсатында 12 фор­маны біріктірді.

Біз осы орайда Астанадағы №4 емхананың бас дәрігері Серік Шаймерденовтен цифрландыру барысының қалай жүріп жатқаны жайлы сұраған едік. Бас дәрігердің айтуынша, емхана 2018 жылдың мамыр айынан бастап кешенді медициналық ақпарат жүйесін және пациенттің денсаулық сақтау төлқұжатымен электронды жеке кабинет жүйесін енгізген екен. 

– Кейінірек емделушіге лабо­ра­тория­лық зерттеуді және көр­се­­ті­­летін қажетті меди­ци­на­лық қызмет турасында смартфон арқылы тегін хабарлама жіберетін «DamuMed» қосымшасын іске қостық. Мобильді қосымша кө­ме­­гі­мен 6 мыңнан астам па­циент дәрігермен байланысқа шығып отырды.

Олардың ішінде аяғы ауыр 600 әйел, бес жасқа дейін балалары бар 2 мың ата-ана болды. Біз цифрлы жүйенің тиімді екенін, оның екі жаққа да қолайлылығына көз жеткіздік. Электронды картаны енгізу арқылы бірталай көрсеткішіміз жақ­сарды. Атап айтқанда, дәлізде кезек күту азайды, дәрігер қа­был­дау уақытында пациенттің дерегін толтырып отырмайтын болды, нәтижесінде нақты тексеруге, ауруға көңіл аударуға уақыт бөлді. «DamuMed» арқылы және сайт қызметін пайдаланып қабылдауға жазыл­ған, жоғарыда аталғандай өзге де ілгерілеушілікті сезінген пациент­тердің 2018 жылдың соң­ғы үш айын­да жұмысымызға қана­ғат­тануы 8 пайызға артты. Бізге керегі – осы, – дейді С.Шаймерденов.

Яғни, дәрігер бас көтертпейтін қағазбастылықтан арылды, ендігі бар назар пациентке аууы тиіс.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»