Медицина • 14 Қаңтар, 2019

Дәрі-дәрмек бағасы реттеледі

1946 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыған дейін ел дәріханаларындағы дәрі-дәрмек бағасының әркелкілігі, медициналық препарат саудасының кімдер үшін табыс көзіне айналуы қоғам назарын аударған өзекті жайттардың бірі болды. Биыл сәуір айынан бастап еліміздегі дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан реттелетін болады. Бұл жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын жүзеге асыру бо­йынша орындалмақ. 

Дәрі-дәрмек бағасы реттеледі

Мамандар заңға енгізілген түзетулер дәрілік заттардың қол­жетімділігін арттырып қана қоймай, дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етуде мемлекеттік шы­ғын­дардың да азаятынын айтады. Енді дәрі-дәрмек бағасы қаңтар және шілде айларында жылына екі рет бекітіледі. Осы уақыт аралығында дәрі өн­ді­ру­шілер мен сатушылар өз өнімдерін бекітілген бағамен тіркеп сатуға мүмкіндіктері бар. Елімізде 8 мыңнан астам дәрі түрі тіркелген болып, бүгінде оның 2 мыңнан астамының бағасы реттеліп бекітілген. Ал­дағы уақытта Қазақстан тер­­риториясында тіркелген бар­­лық дәрі-дәрмектің бағасы біркелкі болады. Дәрі бағалары туралы ақпарат Денсаулық сақ­тау министрлігінің Фармация комитеті және барлық об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­маларының ресми сайттарында жарияланып отыратынын айтқан Фармация коми­те­тінің төрайымы Людмила Бюрабекова бағаны тексеруге арналған мобильді қосымша да жасалып жатқанын жеткізді. «Аталған заң үш айдан соң күшіне енеді. Өйткені осы уақыт аралығында министрлік дәрі-дәрмектің бағасын реттеу ережесін бекітеді. Онда кө­терме және бөлшектеп сату­дың нормасы мен баға көр­сет­кіші нақты көрсетілетін бо­лады. Дәрі-дәрмек жеткізу және сатумен айналысатын ұйым­дар сол ережеге сай жұмыс істеуі тиіс. Бекітілген ереже сақ­талмаған жағдайда, яғни дәрі бағасы заңсыз көтерілгені анық­талса, ұйым әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылады немесе лицензиясынан айырылады», дейді комитет басшысы. 

Осы тақырыпқа байланыс­ты «Медсервис плюс» Қазақ фармацевтикалық ком­пания­сы­ның сапа бойынша директоры Саида Ерденбековаға хабар­ласқанымызда, аталған заңға сай алдағы уақытта дистрибью­тор­лық компаниялар жер­гілікті тасымалдаушыларға бас­ым­дық беретінін айтады. «Біздің компания дистрибь­ютор­лық бағытта және фар­ма­­цевтикалық өндіруші ре­тін­де жұмыс істейді. Бізде баға белгілеу деген арнайы бөлім бар. Бұл заңға сәйкес бар­лық дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағаларын бақы­лап отырады. Әсіресе шетелден келетін дәрілер қатаң қа­да­ғалау­да болады. Қазіргі таңда 300-ге тарта тасымалдаушымен жұмыс істейміз.  Оның тең жартысы шетелдік тасымалдаушы. Осы уақытқа дейін түпнұсқалық дәрі-дәрмектерді тасымалдасақ, енді жергі­лікті тасы­малдаушыларға басым­дық беретін боламыз», дейді С.Ерденбекова. 

Атап айтқанда, жаңа заңда «СК-Фармация» ЖШС бір­ың­ғай дистрибьюторы мен басқа да медициналық ұйым­дар электронды сатып алуға толықтай көшуі қарас­ты­рыл­ған. «Қазіргі таңда тестілеу ре­жімінде 2019 жылға бір­ың­ғай дистрибьютордың дәрі-дәр­мектерді сатып алуын іске қос­тық. Аталған қызметті Қаржы министрлігінің электронды сатып алулар порталы атқаруда. Бұл сыбайлас жемқорлықтың азаюына мүмкіндік береді.  Өйткені бүгінде жет­кізу­шілер мен тендерлік комис­сия мүше­ле­рі арасында еш­қандай байланыс жоқ. Барлық үдеріс онлайн режімде, электронды форматта өтеді. Үлкен қағаз пакеттері түріндегі құжат­та­маны беру тұрғысынан жет­кізу­ші­лердің жүктемесі азайды», деді Л.Бюрабекова.

Бұған қоса  2019 жылға ар­­нал­ған дәрімен қамтамасыз етуді қаржыландырудың жалпы сомасының 90%-ы сатып алынған. «СК-Фармация» ЖШС басқармасы төрағасының мін­де­тін атқарушы Берік Шәріп­тің айтуынша, бұл препарат­тар­ды дистрибьютордың қой­ма­ларына жеткізу желтоқсан айынан бастап жүргізілуде, қазір дәрі-дәрмектің басым бө­лі­гі бүкіл Қазақстан бойын­ша тран­зиттік қоймаларға тасыл­ған. Ал пациенттерді тегін дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәр­мек­тер­дің тізімі 1144-ке жеткен. «Медициналық ұйымдар 203,5 млрд теңге сомасында алдын ала өтінім берді. Дәрі-дәрмектердің 421 атауы 45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаториялық емдеу үшін анықталды. Олар үшін 105,1 млрд теңге сомасында, ал 953 атауы 98,4 млрд  теңге сомасында дәрі-дәрмектер стационарлық көмек көрсету үшін сатып алынуда», деді Б.Шәріп.

Өткен жылы тегін дәрілер алатын пациенттер үшін кері бай­­­ланыс құралы жүзеге асы­рыл­­ған болатын. Соның нә­ти­­жесінде халықты тегін дәрі­лермен қамтамасыз ету мәсе­ле­­лері бойынша 1439 бай­­ланыс ор­­та­лығы жұмыс істеуде. Онда дәрі-дәр­мектерді жет­­­кізу уақыты, көле­мі және жос­­пар­­ланған күні ту­ралы ақ­­па­рат­ты ұсынатын опера­торлар жұ­мыс істейді. «Бұдан басқа, дәрі­лер­дің нақты боса­тыл­уы­на мониторинг жүр­гізу үшін «Дәрілік қамта­­масыз ету» ақ­пар­аттық жүйе­­­сіне сәйкес тегін препа­рат­тар алған пациент­терге SMS-хабар­ламалар тарату жалғасуда.

Майгүл СҰЛТАН, 

«Егемен Қазақстан»