Аймақтар • 16 Қаңтар, 2019

Сыр өңіріндегі мектептердің асханалары сын көтермейді

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде республика бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен «Мектеп асханалары» партиялық жобасы басталды. Құрамында «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиал өкілдерінен бөлек ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдары мен ақпарат құралдары және ведомствоаралық сараптама тобынан жасақталған құрам мектеп асханаларына тексеру жүргізіп жатыр. Бұл осы асханаларды тағамдармен қамтамасыз ететін кәсіпкерлердің ісіне қол сұғу емес, мектеп асханаларындағы келеңсіз жағдайлар көбейіп кеткеннен кейін қолға алынған шара.

Сыр өңіріндегі мектептердің асханалары сын көтермейді

Ведомствоаралық сараптама тобының мүшелері, БАҚ өкілдері, Қызылорда облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ата-аналар комитеті, ҮЕҰ төрағасы, облыстық, қалалық Білім бөлімінің мамандары, облыстық партия филиалының Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің кеңесшілері қатысқан іс-шарада көптеген кемшіліктің беті ашылды.

Мектептегі тамақтану сапасын күн сайын бақылауға және олқылықтарды анықтап отыруға міндетті мектептің сарапшылық комиссиясының есептік құжаттамасы мен белсенділігі тексерілді. Қызық болғанда, көптеген мектепте олар жұмыс істемейді екен. Ескертуі бар бірде-бір хаттама немесе олқылықтарды жою бойынша бірде-бір акт анықталмаған.

Партиялық ведомствоаралық сараптамалық топ мектеп әкімшілігінің кезекшілік кестесінің болуына визуалды тексеріс жүргізді, оқушылардың тамақтану тәртібін қарады.

Мектептердегі балалардың тамақтану сапасы жайлы қалай айтуға болады, егер көптеген мектептегі асханаларда жоспарлы мәзір талапқа сай келмейтін болса. Тамақ құнарсыз. Тағамдарды сақтауда талап сақтала бермейді. Ыдыс-аяқтың өзін таза ұстау жағынан кемшіліктер бар. Рейд барысында осындай келеңсіздіктер топ мүшелерінің алдынан шықты.

Арнайы мониторингтік топ жетекшісі Жандос Тұрмағамбетов бір күндік тамақ мөлшері бір оқушыға 220 теңге болатынын ақылға қонымсыз деп санайды. Өйткені, мұндай аз ақшаға құнарлы тағам мәзірін жасау мүмкін емес. Сондықтан, анықталған кемшіліктер бойынша партия филиалына ұсыныстар бермек.

- Әр балаға ас мәзіріндегі белгіленген нақты бір тағамның бүгінге мөлшері 223 теңге деп қалалық білім бөлімі бекітіп отыр. Бекітілген стандартқа сәйкес балаға тиісті қажетті барлық дәрумендермен қамтамасыз етілу керек. Осы мәселеге аса мән берілмегендіктен біраз балаға тиісті тамақ дұрыс жеткізілмей отыр деп есептейміз, - дейді «Нұр Отан» партиясы ҚО филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева.

Ата-аналар да өз пайымдауларын айтқан. Олар мектеп асханаларына тағам дайындауда мемлекеттік сатып алу сатысында кемшіліктер барын сынға алған. Әрине, тендерде ең төмен баға қойған кәсіпкер жеңіске жетеді. Нарықтағы бағадан төмен қойып, жеңіске жеткен кәсіпкер өзіне пайда қалу үшін әр түрлі амалдарға барады. Құнарсыз жасық ет, май орнына маргарин, ботқалардың да сапасызы, мерзімі өтіңкіреген тағамдар мектеп асханасына барады.

Сол кәсіпкерлер тендерді өткізген орындар мен мектеп басшыларының да жылы-жұмсақтан дәмететінін айтып қалады. «Ұсталмаған ұры емес» дегенмен, мұндай фактілердің орын алып жатқандығы рас. Өткенде бір блогер мектеп асханасынан тағамдар ұрланатынын айтып, жәшік-жәшік тамақ өнімдерін қосалқы есік арқылы алып бара жатқан адамды ұстап, әлеуметтік желіге салды.

Бюджетте ағыл-тегіл ақтарылып жатқан қаржы жоқ. Жоққа жүйрік жетпейді. Солай бола тұра ата-аналар мардымсыз деген қаржының өзіне балалардың ағзасына пайдасы бар дәруменді тағамдарды дайындауға әбден болады.

Көп мектепте бракераждық комиссияға сол мектептің қызметкерлерін енгізіп қоятын фактілер бар.

Бұл, әрине, дұрыс емес. Ата-аналардан бөлек, ақпарат саласының мүшелері енсе, «Сырдың суы сирағынан келмейтіндер» аяғын аңдап басар еді.

Кемшіліктер бірер күндік рейдпен түзеліп кетпейді. «Бала - бауыр еті» дейді халқымыз. Олардың болашағы жарқын болуы үшін ең алдымен денсаулығы мықты болуы керек.

«Нұр Отан» партиясының бұл жобасы оқушылар үшін деңсаулықтың кепілі болып тұр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы