16 Қаңтар, 2019

Шымкентте 263 мың тұрғынға мекенжайға тіркеу кодтары берілмеген

542 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі «Халықты құжаттандыру жүйесі» арқылы жеке тұлғалардың мекенжай мәліметтеріне автоматты режимде мекенжай тіркеу кодын енгізу тетігін іске қосты.

Шымкентте 263 мың тұрғынға мекенжайға тіркеу кодтары берілмеген

Осыған орай Шымкентте азаматтардың мекенжай мәліметтерін өзектендіру кезінде 263 мың қала тұрғынына мекенжай тіркеу кодтары берілмегені анықталған. Тіркеу коды болмаған жағдайда тұрғындар жылжымайтын мүлік аясында мемлекеттік қызметтер бойынша қажетті мәліметтерді толығымен ала алмайды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ендігі кезекте жылжымайтын мүлік иелері мен Шымкент қаласының тұрғындары тіркеу кодтарын иемдену үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінулері қажет. Тіркеу кодтарының бар-жоқтығы туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына жүгіну арқылы алуға болады. Ол үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек.

Айта кетерлігі, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде «Электронды үй кітапшасы» қызметі де қосылған. Онда үй иесінің сұранысымен тіркелген азаматтар туралы мәлімет беріледі.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»