16 Қаңтар, 2019

Депутат «Астана-Арена» стадионындағы кемшіліктерді атап көрсетті

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов «Астана-Арена» стадионындағы футбол кезінде қызмет көрсету саласындағы кемшіліктерді атап көрсетті.

Депутат «Астана-Арена» стадионындағы кемшіліктерді атап көрсетті

Ол осы мәселе туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына тиісті депутаттық сауал жолдады.

 «Стадионға өтетін турникеттерде ұзын-сонар кезекте тұратындар көп. Көп адамдар ойын көруге отбасымен келеді. Олар стадионға жан-жақтан қысылып әрең өтеді», деді ол.

Сонымен қатар, депутат стадионға жеткен кезде де кедергілер болатынын атап өтті. Төмендегі бірінші қатарлар мен жоғарыдағы қатарларға жанкүйерлер жіберілмейді. Барлық өркениетті елдерде қызмет көрсететін адамдар алаңның шетіне, баспалдақ өткеліне, сондай-ақ стадиондағы бірінші қатардың шеткі орындарына жайғасады. Бізде стюардтар мен Ұлттық гвардия қызметшілері төменгі бірінші қатар мен жоғары қабатта тұрады.  

«Адамдар футболды тамашалауға келеді. Алайда олар футболдың орнына алдындағы қызметшілерді, яғни алаңдағы көріністі жауып тұрған формадағы адамдарды ғана көре алады. Бұл өз кезегінде жанкүйерлердің наразылығын тудырады. Бұдан бөлек, бапкерлер құрамы мен ойыншылар орындарынан кейін тұрған секторлардағы көріністе кемшілік бар. Неге осы орындар жабық шатыршамен жабдықталған? Бұл нысаннан кейінгі қатарлар пайдаланылмауы мүмкін. Өйткені осы қатарларда отырғандар ештеңе көре алмайды. Барлығын есептесек,  1000 тарта орын пайдаланылмай қалады. Осы тектес кемшіліктер салдарынан жанкүйерлер мүдделері мүлдем назарға алынбай отыр. Осындай кедергілерді жою үшін дамыған еуропалық елдердің тәжірибесін зерттеу қажет », деді М. Магеррамов.