16 Қаңтар, 2019

Атыраулық кәсіпкерлерді не алаңдатады?

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бизнес бастаудың қиындығы да, қызығы да бар. Атыраулық кәсіпкерлер жер телімін алуға қатысты мәселелерге көп кезігеді. Облыстық кәсіпкерлер Палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұқпаеваның айтуынша, өткен жылы бизнесті қорғау туралы 165 өтінім түскен, соның 80-і кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Атыраулық кәсіпкерлерді не алаңдатады?

Палата басшысының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев өңірдегі бизнес иелерін негізінен жер алу, салықты әкімшіліктендіру, табиғи монополиялар мен бизнес субъектілері арасындағы азаматтық-құқықтық қатынас, қаржы секторына қатысты мәселелер алаңдататынын айтады. Палата тарапынан жасалған шаралардың нәтижесінде былтыр 310 млн теңгеге жуық сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалған.

-«Потенциал Ойл» ЖШС кең таралған пайдалы қазбаларды өңдеуге жер телімін беру кезінде заң талаптарының бұзылуы туралы Палатаға шағымданды. Инвестор 9 ай бойы кен орнын дайындауға жергілікті атқарушы органдардан рұқсат ала алмай келген. Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет Кеңесінің араласуымен мәселе оң шешілді,-дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.

Аталған Кеңестің ұсынуымен өткен жылы кәсіпкерлер құқығын бұзғандары үшін 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Палата сарапшылары, сондай-ақ, даулы мәселелер туындаған жағдайда сотта кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қорғайды. Мысалы, 2018 жылы 10 сот отырысы өтіп, оның бесеуі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Өткен жылдың тағы бір жетістістігі – атыраулық кәсіпкерлер электр энергиясын тұтынғандары үшін алдын ала төлем жасаудан толық босатылды. Бұл да прокуратура мен Палатаның бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Шағын және орта бизнесті берекетсіз тексере беру көрсеткіші де жыл санап кеміп келеді. Облыстық прокураторының дерегіне сүйенсек, 2017 жылы 5600 бизнес субъектісіне тексеру жүргізілсе, былтыр бұл сан 1046-ға дейін төмендеген.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ