Қазақстан • 17 Қаңтар, 2019

Браконьерлікке бұғау бола ма?

597 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы қорықшының мезгілсіз қазасы қоғамның қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға болды. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев сирек кездесетін және құрып кету қаупi төнген жабайы аңдар мен ақбөкендерді қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу барысында браконьерлердің қолынан ауыр жарақат алған болатын. Ол бір тәуліктен астам Астана қаласындағы №1 аурухананың қарқынды терапия бөлімінде өкпені жасанды желдету арқылы ес-түссіз жатып, көз жұмды.

Браконьерлікке бұғау бола ма?

Ерлан Балғабекұлы 1966 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Мамандығы – дене шынықтыру және әскери дайындық пәнінің оқытушысы. 2012 жылғы наурыздан бастап «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қарағанды тірек пунктінде орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарды.

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев қазақ даласының көркіне баланатын ақбөкендерді және сұлу табиғатымызды қорғауда өзінің қыз­­мет­­тік міндетін адал орындау кезінде қаза тапты.

Бұл жайында АШМ Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспа­сөз ­хатшысы Сәкен Діл­дахмет хабар таратқан еді.

Оқиға қалай өріс алды? Инспекторлар 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысының Нұра ауданына рейд жа­сау­ға шыққан. Сол жерде атылған 5 киік­-
ті тауып алған. Сонымен қа­тар Toyota Land Cruiser маркалы екі авто­кө­лікті көрген, көліктердің нөмірлері тіркелмеген екен.

«Көлікті тінту барысында оларға белгісіз біреулер қарсылық көрсеткен. Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, ал екінші инспектор бас-сүйек жарақатын алып, біршама уақыт ауруханада ес-түссіз жатқан. Алайда, дәрігерлер екінші инспектордың өмірін сақтап қала алмады. Оқиға орнында құқық қорғау органдарының тобы тергеу ісін жүргізетін болады», дейді комитеттің баспасөз хатшысы.

Аталған қанды оқиғаға байланыс­ты ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бабы­на сәйкес қылмыстық іс қозғалып, кү­дік­тілерді қолға түсіру жұмыстары жүргі­зілуде.

Қарағанды облысындағы инспекторларға шабуыл жасау ісін еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров жеке бақылауына алды.

«Полиция департаменті ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр», деді бас прокурордың орынбасары А.Лукин.

Бұған қоса, ол ІІМ орталық аппаратының бір топ қызметкері жергілікті полицейлерге көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанғанын мәлімдеді. А.Лукин күдікті кім болса да, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынын атап өтті.

Міне, әзірге оқиғаның ұзын-ырғасы осындай.

Жалпы, Қазақстанда 10 қорық, 12 ұлттық парк, 5 резерват, 50-ге тарта қаумал бар. Бұл ерекше қорғалған аумақтарда жануарлар дүниесі әр алуан деп айтуға болады. Осы жануарлар дүниесін, оның мекендеу ортасы мен биологиялық әртүрлілігін сақтау, олардың өсімін молайту, осы саладағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен күресу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырумен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК айналысады.

Елімізде браконьерліктің етек алғандығы туралы бұдан бұрын да талай хабарлар жарық көрді. Басқа өңірлерді айтпағанның өзінде, осы қайғылы оқиға болған Нұра ауданында жиырма күн бұрын атылған 18 киіктің денесі табылған болатын. Енді міне, екі аяқты жыртқыштар даланың тағысын қойып, соларды қорғау ісімен шұғылданатын адамдардың өзіне шабуыл жасауға кірісіп отыр. Бұл браконьерлік әбден басқа шықты, аң атып қана қоймай, адам атудан да тайсалмайтын жағдайға жетті деген сөз. Қорықшыларға қару кезенгендер мінген Toyota Land Cruiser маркалы машиналар арзан автокөліктер емес. Осыған қарап-ақ оқиғаның қылмыс жасаушы бізге белгісіз кейіпкерлері де осал қарақшылар емес екендігін аңғаруға болады.

Ал мұндай қылмыстың етек алуына, браконьерлердің тоңып емес, тойып секірулеріне не себеп? Әрине, оның себебі көп. Түбін қуа келсеңіз, жеке қызығы мен пайдасы жолында заңды аттап өтудің талай мысалына жолығатыныңыз анық.

Екінші жағынан алғанда, браконьерлікпен ымырасыз күрес те әлсіздеу жүргізіліп жатқандай. Қоғамда браконьерлік проблемасының қаншалықты асқынып отырғандығын білу мақсатында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-не қоңырау шалған едік. Біздің не қоңырауымызға жауап бергенімен, ондағы қызметкерлердің ешқайсысы аты-жөндерін айтқысы келмеді. Бір білгеніміз, Нұра ауданының аумағында 2016-2018 жылдар аралығында браконьерлік оқиғасына байланысты 15 іс құқық қорғау органдарына жолданған екен. Әзірге соның екеуіне ғана сот шешімі шығарылған. Бірінші жағдайда қылмыс жасаушы 2 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жылға аңшылықпен шұғылданудан шеттетілген және 9,5 миллион теңге айыппұл төлеген. Ал сотқа тапсырылған екінші қылмыстық іске қатысты қандай шешім қабылданғандығын «Окотзоопром «ӨБ» қызметкерлері бірден айтып бере алмады.

Құқық қорғау органдарына жолданған 15 істің 3-еу құрамында қылмыс жоқ деп саналып қысқартылыпты, қалғандары құқық қорғау органдарының қарауында көрінеді.

Әрине, браконьерлікпен күресте заң бар және оның пәрменін дұрыс қолданған жағдайда браконьерліктің жолын кесуге әбден болады. Сот шешімі қабылданған бірінші қылмыстық істің нәтижесі осының айғағы.

Бірақ өкінішке қарай заңның пәрменін браконьерлікпен күресте толық әрі дұрыс қолдана алмай келе жатқан секілдіміз. Құқық қорғау органдарына жіберілген 15 істің біреуінен ғана нәтиже шығып, қалғанының тағдыры белгісіз болып отыруы, оның ішінде үшеуінің қысқартылуы осындай ойға жетелейді. Әрине, мұндай жағдайдан кейін браконьерлер есірмегенде кім есіреді?!

Оның үстіне, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК секілді жануарлар дүниесін қорғауға тиісті ұйым қызметкерлерінің өзі тайсалақтап әрең сөйлесті. Ал мына жақта аңды қойып, мекеме қызметкері әріптесі – сойталдай азамат қаза тапқан жоқ па?! Біздің мақсатымыз – браконьерлікпен күресте оларға көмектесу, іске ашықтық рең бере отырып, қоғам назарын аудару ғой. Осы жайтты айтқаннан кейін ғана тілге келді. Соның өзінде аты-жөндерін айтқылары келмеді. Әрине, олардың ортасынан Ерлан Нұрғалиев секілді азаматтың браконьерлерді батылдықпен ұстауының өзі ерлік. Бұл адалдықты ұрпаққа үлгі етуге тиістіміз.

Елімізде браконьерлікпен ымырасыз күреске қоғамдық қолдау қажет.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Коллаж авторы: Амангелді ҚИЯС