Әлем • 17 Қаңтар, 2019

Брексит: Британия Еуроодақтан қашан шығады?

836 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы 15 қаңтар күні Еуроодақпен Брексит процесі бойынша 2018 жылғы қараша айында жасалған келісімге қарсы дауыс берді. Нақтылай айтқанда, аталған келісімге 432 депутат қарсылық білдіріп, 202 депутат қолдады. Соңғы 100 жылда Британ үкіметі дәл осындай айырмашылықпен ұтылып көрмеген екен.

Брексит: Британия Еуроодақтан қашан шығады?

Үкіметтің сүрінген сәтін пайда­лан­ған оппозициядағы лейбористер партия­сының жетекшісі Джереми Корбин бірден үкіметке сенімсіздік вотумын жариялауды ұсынды. Ол кеше, яғни 16 қаңтар күні дауысқа салынуы тиіс болатын.

Жалпы, Брексит процесіне не түрткі болды?

Брексит – 2016 жылы Ұлыбритания­ның Еуроодақтан шығу процесі. Сол жылы маусымда өткен референдумда Британ халқының 51,9%-ы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 48,1%-ы қарсы дауыс берді. Осылайша Британ елі еуроинтеграция бойынша өз ұстанымын анықтады, яғни «ортақ еуроотбасы» идеясынан іргені аулақ салуды жөн көрді. Одақтан шығуды құп көргендер мигранттардың көбеюін, Брюссельдің шексіз бюрократиялық талаптарын, Еуроодақты «асырау» үшін төленетін үлкен төлемдерді мәселе етіп көтерді. Ал одақ құрамында қалуды жақтаушылар Ұлыбританиядағы мил­лиондаған жұмыс орны Еуропамен байланысты, 200 мың британиялық компания сол Еуропамен сау­да жасайды, елімізге күніне 66 млн фунт инвестиция Еуропадан келеді, ағылшын тауарының 44 пайызы Еуроодаққа сатылады, егер одақтан шықсақ, мыңдаған Еуропалық компания Британиядан кетеді, яғни жұмыссыздық басталады деп қарсы аргументін келтірді. Дегенмен, миграция мәселесі көптеген британиялықтың кө­­кей­­індегі мәселе болғандықтан ба, арал кон­­ти­неттен бөлек ғұмыр кешуді таңдады.

Алайда, Ұлыбритания Еуропадан қан­дай шарттармен ара-жікті ажыратпақ деген сауал референдумнан кейін алға шықты. Себебі Брит елі Еуроодақ аясында бірнеше халықаралық ұйымға мүше, ондаған халықаралық келісімге қол қойып, өзіне белгілі міндеттемелер алған еді. Егер қандай да бір ел сол міндетін орындамаса, онда айыппұлмен жазалануы тиіс. Осы және өзге де сұрақтарды келіссөздермен шешу үшін Британ үкіметінде Брексит бойынша арнайы министр де тағайындалды. Бірақ өткен 2,5 жылдағы ұзақ әрі күрделі келіссөздер қос тарап үшін, әсіресе Британияның премьер-министрі Тереза Мэйге үлкен сынақ болды.

Келіссөздердің тақырыбы келе­шек­тегі тауар саудасының шарттары, қос тарап азаматтарының еркін жүріп-тұруы, инвестиция, Ирландия мен Сол­түстік Ирландияның шекарасы, Гибрал­тар­дың мәртебесі, Лондонның төлем­ақысы және басқалары болды. Әсі­ресе Ирландия мәселесі қазір Тереза Мэй­дің ең осал тұсы. Өйткені Еуроодақ Ирлан­дия Республикасы мен Британия құра­мындағы Солтүстік Ирландия арасында ше­кара болмасын деген талабын қойып, оны өзгертпей қойды. Яғни Ұлыбритания Еуроодақтан шықса да, Солтүстік Ир­лан­дия Еуропаның кеден юрисдикциясында қалып қоймақ. Басқаша айтқанда, Лон­донның бақылауынан шығады, елдің тұтастығы бұзылады деген сөз. Парла­мент мүшелері көтерген ең өткір мәселенің бірі осы болды.

Референдум өткен 2 жылда Брекситке қарсы болған азаматтардың болжамы орындала бастады. Ағылшын жерінде жайғасқан Панасоник, Дайуа, Номура секілді жапонның компаниялары мен банктері Еуропаға көшіп кетті. Bank of America 200 жұмыс орнын Лондоннан Парижге көшірді. Деутч Банк Лондондағы мекенін Франкфуртқа ауыстырды. Ал Британияның Ллойдс, HSBC және басқа банктері бірқатар филиалын Еуропаға жеткізді. Мыңдаған жұмысшысы бар Airbus пен BMW компаниялары Бри­тания­­дағы зауыттарын жауып, кәрі құр­лыққа аттанамыз деп қорқытып отыр. Ал тек былтыр ғана еуропалық 2300 профес­сор Англиядан көшіп кетті. Ба­сым бөлігі Оксофрд пен Кембридж ұстаз­дары. Осы уақытта Ұлыбритания экономи­касы 2,2 пайызға азайды. Егер Еуро­одақ­ты тас­тап шықсақ, онда бюджет апта­сына 350 млн фунт үнемдейді деген сая­сат­кер­лердің болжамы орындалмады. Соңғы зерттеулер оның орнына Брекситтің кесірінен Британия аптасына 500 млн фунт жоғалтып жатқанын көрсетті.

Енді жағдай қалай өзгеруі мүмкін? Егер жоғарыда айтқандай, Парламент үкіметке сенімсіздік танытса, онда қазір биліктегі консерваторлар 2 апта ішінде жаңа үкімет жасақтауы тиіс. Егер консерваторлар партиясының ішінде соңғы Брексит шартын қолдамағандар көп болғанын ескерсек, онда жаңа үкіметті қазіргі премьер-министр Тереза Мэй бас­қармауы да мүмкін. 2016 жылы рефе­рендумнан соң премьер Дэвид Камэ­рон орнын босатқанда, ішкі істер министрі Мэй ханым дайын орынтаққа жайғасқан еді. Бұл жолы да осы сценарий қайталануы бек мүмкін. Ал егер Парламент үкіметке сенімсіздік вотумын қолдамаса, онда кезектен тыс сайлау өту мүмкіндігі жоғары. Алайда, мұндай сайлау 2017 жылы ғана өткен еді. Сайлау бола қалса, қос партияның қайсысы басым түсетінін дөп басып айту қиын. Консерваторлар елдің Брексит-үмітін ақтамағандай, сол үшін біраз дауыстан айрылуы ғажап емес. Лейбористердің жұлдызы жанып, олардың жетекшісі Джереми Корбиннің алғаш рет билікке келу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Ұлыбританиядағы белгілі yougov.co.uk сайтында дауыс берушілердің
39%-ы Консервативтік партияны, ал
36%-ы Лейбористік партияны қолдапты. Яғни әзірге мүмкіндіктер шамалас. 

Жағдайдың келесі даму жолы – Ұлыбритания Еуроодақтан ешбір келісім жасамай шығады, бұл басқаша айтқанда «қатаң Брексит» деп аталады. Бұл нұсқаны кезінде Лондонның мэрі, Британияның Сыртқы істер министрі бол­ған Борис Джонсон секілді саясаткерлер қолдайды. Бірақ Одақты бұлайша тастап шығу ел экономикасына ауыр соққы боларын Парламенттің біршама мүшелері түсініп отыр. Себебі Британияның экономикасы Еуропамен тығыз байланысты. Олардан ат құйрығын үзгендей, еш құжат жасамай, уағдаласпай кету ертең көптеген компанияға қиындық туғызады.

Еуропадан «ажырау» тым күрделі процеске айналып кеткен соң, Брексит бойынша екінші референдум өткізу мәселесі де жиі талқыланып келеді. Бірақ Британияның бас екі партиясы да 2016 жылғы халық таңдауын сыйлауға уәде берген. Яғни мемлекет Еуроодақтан шығуы тиіс. Ал жоғарыда айтылған yougov.co.uk сайтында енді Еуроодақ құрамында қалуға азаматтардың 46%-ы, шығуға 39%-ы дауыс беріпті.

Еуроодақпен былтыр қараша айын­да жасалған келісім Парламентте қолдау таппаған соң енді ереже бойынша Бри­тан үкіметі 3 жұмыс күні ішінде жаңа құжаттың (баламалы жоспар) нұсқасын ұсынуы керек. Оны осындай қысқа уақытта жасау өте қиын болары сөзсіз. Біріншіден, соңғы келісімді жасауға келіссөздер 2 жыл жүрді. Екіншіден, Еуроодақ өкілдері қарашадағы келісімге ешқандай өзгеріс енгізбейміз деп отыр. Осы ұстанымды 16 қаңтар күні Еуро­комиссияның төрағасы Жан-Клод Юн­кердің «уақыт бітті, енді Британ үкіметі өзінің жоспарын бізге жеткізсін» деген туиті қуаттай түсті. Осылайша премьер Тереза Мэй қазір екі оттың (бір жағында өз Пар­ламенті, екінші жағында Брюссель) ортасында қалғандай. 

Енді Лондондағы жағдай қалай өрбісе де, алдын ала жасалған келісім бойынша Ұлыбритания ресми түрде 2019 жылдың 29 наурызынан бастап Еуроодақтың құрамынан шығады. Бірақ жаңа шарттар жазылған құжат сол мерзімге дейін жасала ма, әлде 29 наурызға белгіленген мерзімі кейінге шегеріле ме, әзірге белгісіз. Британ Парламентінің өткен сейсенбідегі дауыс беру нәтижесі жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Осыншама келіссөз, текетірес, дискуссия, еңбек 2016 жылы 3 пайыз басымдыққа ие болған халық таңдауын жүзеге асыру үшін ғана жасалып жатыр.

 

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Егемен Қазақстан»