Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

Мектеп асханаларына мән беру маңызды

1056 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымыз ежелден «Ауру – астан» деп ескертіп, бұл сөзді «Ас – адамның арқауы» деп қуаттаған. Бүгінгі таңда тағам түрі көп болғандықтан да, кейбір адамдардың тамақтану мәселесінде қайшылықтар туындап жатады. Ал енді мектепте балалар не ішіп, не жеп жүр деген мәселенің әрбір ата-ананың көкейіндегі сауал екені түсінікті. 

Мектеп асханаларына мән беру маңызды

Шынында, бүгінде мемлекет тарапынан балалардың тиісті деңгейде тамақтануы үшін мектептерге лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Алайда көптеген мектеп асханаларында ұн өнімдері, құрамында қанты басым сусындар мен түрлі өнімдердің көп сатылатыны жасырын емес. Сонымен қатар, көп жағдайда жаңа піскен жемістер мен көкөністердің жеткіліксіз мөлшері және асхана мәзірінің нормалары айқындалмаған болып шығады. Ал, мектептерде балаларды тамақтандыруды ұйымдастырудағы кейбір кемшіліктер, тамақ ішуге арналған уақыттың жеткіліксіздігі мен мектеп асханаларының ескірген материалдық-техникалық базасы және кейбір мектептерде тіпті асханалардың болмауы да көңілге кірбің ұялататыны анық. Бұл орайда, «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасының өз жұмысын бастағаны белгілі. Ал, партия Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен, бұл мақсатта сарапшы топ құрылып, Тараз қаласындағы бірқатар мектептердің асханаларын тексеріп шықты. Нәтижесінде, жетістіктермен қатар, бірқатар кемшіліктерді де көруге болады.

  Тараз қаласындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте 485 бала білім алады. Аталған мектептің директоры Зәуре Дүзенова балалардың дұрыс тамақтануы әрдайым басты назарда екенін айтады. Мұнда білім алып жүрген балалар түскі мезгілдегі үзілісте мектеп асханасынан тамақтанатын болса, оқушыларға берілетін ыстық тамақ еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бекіткен талабына сай екен. Ал, оқушылардың өздері де мектеп асханасында тәтті шай, қайнатылған жұмыртқа, түрлі ыстық тамақ, йогурт және балық етінен жасалған котлет берілетінін айтып берді.

  Ерекше дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп-интернатының балалары күніне бес мезгіл тамақтанады екен. Мекеме басшысы Назира Шілтаеваның айтуынша, мұнда 325 оқушы білім алады. Алайда мектеп асханасы 130 орындық қана. Демек, балалар үш топқа бөлініп ас ішеді деген сөз. Келесі топ кезек күтіп қалмас үшін кейде балалардың асығып ас ішуіне де тура келеді. Ендігі жерде мектеп асханасын үлкейту мәселесі туындайды. Дей тұрғанмен, аға аспаз Галина Мотовилова оқушылардың дұрыс тамақтануына аспаздардың да тиісті көңіл бөліп отыратынын жеткізді.

  Ал, облыс орталығындағы №44 мектепте 1100 бала оқиды екен. Сонымен қатар, мұнда әлеуметтік жағдайы әлсіз, аз қамтылған отбасынан шыққан 207 баланың тегін тамақтанатыны қуантарлық жағдай. Тағы жүз бала осы жерден ақылы түрде ас ішеді. Мектеп асханасы тиісті жабдықтармен жабдықталғанымен, ас ішетін аяқ-табақтың ескілігі көзге бірден көрінеді. Сонымен қатар, қол жуу бөлмесінде арнайы кептіргіштердің болмағаны да бірден байқалды. Сондай-ақ, мұндай жағдай бүгінгі таңда 1413 бала білім алатын №7 орта мектепте де қайталанды. Бірақ, бір қуантарлығы, 120 оқушыға арналған мектеп асханасынан 150 бала тегін ыстық тамақ ішеді екен. Ал, мектеп директорының орынбасары Гүлмира Райқұлова тегін ыстық тамақ үшін әрбір балаға 250 теңге бөлінетінін айтты. Ақылы түрде тамақтанатын әр балаға 200 теңгеден айналатын болып шықты.

  Бүгінде мектеп асханаларына мән беру маңызды болып тұр. Әйтпесе, балаға бергеннің бәрі ас. Олар тамақтың сапасына да мән бере қоймайды. Ал, келешек ұрпақтың денінің сау, өмір жасының ұзақ болуы бүгінгі амалға байланысты екенін ұмытпау ләзім.

 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы