Әдебиет • 17 Қаңтар, 2019

Әбіш Кекілбайұлы. Ақиқат айдынындағы ақ шағала

679 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Әбіш Кекілбайұлы. Ақиқат айдынындағы ақ шағала

Жасырақ кезімде көздерін көре қалған екі ауылдас кәрияның есіме түсіп отырғаны.

Екеуі түйдей құрдас еді. Ел ішінде екеуі де сондай қадірлі еді. Екеуінің де алдын ешкім кесіп өтпейтін. Біреуін, қартайып кеткен көзінің өзінде, көрерге көз керектұғын. Жаратушының өзі оны әлденеге қатты риза болып, көңілі марқайып отырған күні жарық дүниеге әкелген бе деп қалғандайсыз. Келбет десеңіз келбетті, тұлға десеңіз тұлғаны, қайрат десеңіз қайратты аямай-ақ үйіп-төгіп бағыпты. Ал енді тіл дегеніңіз ақ алмастай... Қиып түседі. Енді аша берген аузыңызды қалай қайта жауып ала қойғаныңызды өзіңіз де байқай алмай қаласыз. Отырысы, тұрысы, жүрісі, киім киісі, тіпті қамшысын қалай сілтеп, шақшасының тығынын қалай ағытатынының өзі талайдың аузының суын ағызған қырғын-қызық әңгіме-тұғын. Жас көзінде оңды келін-шектердің төсегінен, салихалы көзінде сыйлы үйлердің төрінен елден бұрын шыға келетін өтімділігі де аңғарылмай қалмайтын. Сондықтан одан әр тұста әр қилы жәбір көргендер де аз болмаса керек. Бірақ, соған қарамастан, оның шашбауын көтерушілер шаш-етектен еді. Біреулері оның жұрттан асқан келбетіне тамсанып, екіншілері ауыздылығынан айбынып, үшіншілері әншейін желекпе дақпыртқа елігіп әз-әулие тұтатын. Тіпті баяғы бір көздері оған бола келісті атынан, әдемі өрілген қамшысынан, ажарлы әйелінен айырылып қала жаздағандардың өздері бүгін кеп, араларына ештеңе болмағандай, онымен бір табақтас болуға, тізелес отыруға тырысып, тыраштанып-ақ бағарды.

Түптеп келгенде, жұрт оның істеп жүргендерінің бәрі жөн, бәрі дұрыс болғандығынан емес, олай істеу өздерінің қолдарынан келе қоймайтындығынан сыйлайтын. Бұл сонау үңгірдегі ата-бабаларымыздың күшке, күштіге табынуға мәжбүр болған заманынан өлмей-өшпей келе жатқан жексұрын мінез, жегі құбылыс. Ондай құлықтың түп-төркінін аңғарып, оның дегеніне берілуді намыс көретіндер әлгі біз айтып отырған «азуы алты қарыс» айбынды қарияның маңайына көп жолай қоймайтын. Ал бағзыдағы бигологиялық инстинкті бүгіндері кеп «күш атасын танымас» дейтін философиялық қағидаға айналдырып, оны дүниедегі ең үлкен данышпандық санайтындар оның қасында бөгелектеген тай-құнандай бас шұлғудан жалықпайтыны айтпаса да түсінікті.

Екінші қарияда ондай көзге ұрып тұрған оқшау қасиеттің бір де бірі жоқ-ты. Бірақ, жұрт одан да шырқ айналып шыңпайтұғын. Бірдеңеден тарықса, бірдеңеден ақыл таппай аңтарылса, екі етек боп далақтап соған жетіп барар еді. Ондайда ақсақал өзінің әлгі «азуы алты қарыс құрдасындай естіген құлақты елең еткізбей қоймайтын төтен бір тұжырымды қынаптан суырған қылыштай жалт еткізіп айта салмас еді. Өзіңмен бірге: «Апыр-ай, ә!» – деп біраз толғанып отырар еді де, «бұны былай істесеқ қайтер еді!», «Жоқ, әлде бүйткен дұрыс па екен!», «Мүмкін, екеуі де емес былай еткен жөн шығар», – деп бірнеше шешімді жарыстыра көлденең тосып, онсыз да шаршап барған шақшадай басыңа біраз жаңа шаруа тауып берер еді. Сондайда әлгі алдыңғы әңгіме болған қариядан: «Пәленшекемнен кеңес сұрап ем, былай ет деді. Солай етпесем болмас», – деген нық тапсырмамен оралсаң, соңғысынан: «Пәленшекеме барып сөйлесіп ем. Бұны былай еткеніміз жөн секілді», – деген пәтуамен қайтатынсың. Соңғысының ақылын ол айтпағандай, өзің тапқандай, өзіңнің көзің жеткендей сөзінетінсің.

Чехов жайлы ойларды қайдағы бір ауылдағы қашанғы бір сүйегі қурап қалған қариялардан бастауымыз, тіпті де тегін емес.

Көркем өнер жұмыр басты екі аяқты нәсілдің өзін қоршаған ортаны танып түйсігуінің бір жолы болумен қоса, сол өзі танып-түйсінгенді екінші біреудің сөзімі мен рухына, ақылы мен парасатына сол қалпында жеткізіп, сол арқылы оның да санасына, тек санасы ғана емес, құлқы мен қылығына, қамы мен қаракетіне белгілі бір мөлшерде ықпал жасаудың тәсілі екені баршаға мәлім. Ал адам санасының өсу эволюциясының өз шырғалаңдары тағы жеткілікті. Ол әуелі не көрсе де, я шошынды, я таңғалды. Сосын барып: «Бұл не өзі?» – деп ойланды. Ойланып барып қарекетке көшті. Сондықтанда ол екінші бір өзі секілді пенденің назарын өзіне аудару үшін, не өзінің көңілінде жүрген құбылысқа аудару үшін, оны ең алдымен әлгіндей бір таңғалдырып алуға тырысты. Бағзы бабалардың таным диалектикасының осы бір мінезінің үзағырақ ірге тепкен жері де – көркем өнерпаздық. Өйткені, көркем шығарманың әлеуметтік беделінің өзі де сол көз келген кісі назар аудара бермейтін құбылысқа назар аударатын ерекше елгезектігінде еді. Ондай өзі назар аударған құбылысты өзгелерге де тамсандыра, таңдай қақтыра әсерлі жеткізе алатындығында еді. Суреткерліктің өнер саналатыны, өнерді шеберлік тудыратыны, шеберлік екінің бірінің қолынан келмейтіндігі, сол себепті де, көркем өнер көп жағдайда соншалықты бір сиқырлы құбылыс болып көрінетіндігі кім-кімге де белгілі. Сондықтан да өнер адамдарының елден ерек характерлер мен ел естімеген оқиғаларға ерекше үйір келетін әдеті. Кейінгі көздері үйреншікті күнделікті болмыстың көп көзге іліге бермейтін, іліксе таңғалдырмай қоймайтын соны қорларын табуға бой ұра бастады. Шарль Бодлердің «Әдемілік қалай да таңғалдырмай қоймайтын елден еректік» – деп өзеурейтіні де осыдан. Өз көкірегіндегі идеяны оқушы көкірегіне қондыру үшін ақын әуелі оны өлеңнің соны ырғақ, соны әуезімен, теңеулерінің ел естімеген батылдығымен, прозаик – сөз етіп отырған ситуацияның шытырман қызықтығымен не шығармасының бұрын соңды кездесе қоймаған соны композициялық құрылымымен қайран қалдыруға тырысады. Сөйтіп, оны өз ықпалына көндіреді. Сосын өз ыңғайына көшкен иі жұмсақ санаға өз идеясын сіңіріп бағады.

Чехов өзіне дейінгі әдебиетте кеңінен етек алған суреткер мен оқушы арасындағы мұндай кіріптарлыққа үзілді-кесілді қарсы шықты.

«Барлық ұлы данышпан біткен әкіреңдеген генералдар секілді өктем де озбыр келеді. Ондай жер тәңірлердің ейткен философиясын сайтан алсын!», – деп ызаланғанды ол Лев Толстойдың «Крейцер сонатасына» жазған соңғы сөзін оқып шығып.

Бұл тамаша суреткердің өзінің данышпан қаламдасына деген бір сәттік реніші ғана емес, көзі жұмылғанша кісі қызығарлықтай ерекше бір дәйектілікпен берік тұтынған суреткерлік кредосы еді.

Чехов өз оқушысын алдымен әлгіндей «рухани кіріп-тарлықтан» құтқарып алуға тырысты. Оқушыға: «Мен айтпасам, бұны саған білу қайда?» – дейтіндей кергіп сөйлеспей, әлгі біз сөз еткен екінші қариядай, оны да өз қабырғасымен кеңесуге итермелеп, еліктіре әңгімелесуді мақсұт тұтты. Оны өз суреткерлігінің құдіретіне таңғалдырып қана қоймай, өз көкірегінде де сондай суреткерлік отын тұтатуды гуманистік әдебиеттің бірден бір парызы деп білді.

Сондықтан да ол реалистік прозаның поэтикасында түбірлі бетбұрыс жасады.

Чеховқа дейінгі прозада шығарманың идеялық концепциясын өрбітуде негізгі жүк авторлық баяндауға түсер еді де, авторлық позиция тым өктем көрінерді. Тіпті психологиялық талдаудың не бір үздік үлгілерін жасаған Толстой мен Достоевскийлердің өздерінде де шығарма идеясын өрбітуде автордың айырықша мүдделілігі, оның өз құштарлығы мен өз құлқы жер түбінен мен Мұндалап тұратынды. Сондықтан ол көзде прозалық шығарманың текстік бітімін құрайтын авторлық баяндау, суреттеу, диалог, ішкі монолог секілді элементтердің ара-жігі тайға басқан таңбадай айқын сараланып, беп-белгілі боп жатушы еді. Чехов проза текстін ондай авторлық өктемдіктен атымен арылтты. Шығармада кейіпкер нені көріп, нені сөзінсе, сол ғана суреттеліп, сол ғана баяндалатын болды. Сөйтіп, баяндаушы мен кейіпкер бір субъектіге, бір тұлғаға айналды. Бұл оған дейінгі прозада дара-дара тұратын авторлық баяндау мен суреттеудің, автор сөзі мен кейіпкер сөзінің ара-жігін жымдастырып кіріктіріп жіберді. Бұндай тәсіл бұрын Толстой, Достоевскийлерде де ұшырасатын. Бірақ, олар мұндай тәсілді кейіпкердің ішкі дүниесіне тереңірек үңілуді талап ететін жекелеген тұстарда ғана пайдаланатын. Ал Чехов келе-келе өз шығармасын бастан-аяқ осы тәсілмен жазуға көшті.

Мұндай поэтика шығарма фабуласына, кейіпкеріне, өмірлік факт пен керкемдік фактіге, деген дәстүрлі көзқарастарды түбірімен өзгертуге мәжбүр етті. «Көркемдік факт – сұрыпталған өмірлік факт», – деген үйреншікті формуланың Чехов күл-талқанын шығарды. Ондай алдын-ала сұрыпталып, алдын-ала қиыстырылған көркемдік структура, шындап келгенде, оқушыға өмірді таныту емес, оған автордың жеке басында қалыптасқан қағиданы зорлап таңудың жолы болып шығар еді. Чехов өмірді өз келбетінде, қаз қалпында көрсетіп, өмірлік идеяны алдын ала сараланған жүйелі қалпында емес, болмыстың өзінде қалай туып, қалай өрбитін диалектикалық қалпында танытуға ұмтылды. Кейіпкердің рухани ізденісінің нәтижесін емес, сол ізденістің азапты жолын, шытырманы мен шырғалаңы мол өрбу процесін бейнелеуді мақсұт тұтты. Өмірлік факт пен кейіпкер жан-дүниесіне деген мұндай көзқарас фабуланың селкеусіз өрбіп, Чехов шығармаларында эпизодтар алдын-ала белгілі бір идеяға бағындырылып сұрыпталмай, өмірде ұшырасатын эмперикалық қалпындағы оқиғалар тізбегі ретінде қарастырылады. Чехов бастапқы көзіндегі оқиғаның ширақтығына, фабуланың серпінділігіне деген бөлекше құмарлығынан айнып, оның орнына суреттеудің екжей-тегжейлігі мен дәлдігін, кейіпкер санасындағы метаморфозалардың байыпты да нақты жетуін баса күйттейтінді шығарды.

Чеховтың мұндай поэтикасы оның өмірге деген әлеуметтік көзқарасынан туындап жатқан-ды. Өмір тек естіген құлақты елең еткізбей қоймайтын төтен оқиғалардан тұрмайды ғой! Қоғам тек өңшең шідер үзген жүйріктер мен аузымен құс тістеген сұңғылалардан түзілмейді ғой! Ендеше, әдебиет те тек айырықша ситуациялар мен айырықша кейіпкерлерді ғана бейнелеп қоймауға тиісті. Онда ел не бөлекше бақытты, не бөлекше бақытсыз ерекше жандардың басындағы ешкімге ұқсамайтын, күнде-күнде ұшыраса бермейтін тым сиреқ тым оқшау халдердің коллекциясына айналар еді, өмірді тек бір қырынан, қызықты қырынан зерттеп, ол жайында үстірт ұғымдар мен тайыз көзқарастар қалыптастырар еді. Ел қатарлы тіршілік етіп жатқан қарапайым жандар әдебиет туындыларынан орын таппай адамзаттың рухани сахнасынан атымен тысқары қалар еді. Чехов әдебиеттен әр кімнің өз басындағы хәлді көріп, сол үйреншікті тіршілігінің ар жағында жатқан үйдей әлеуметтік проблемаларды мықтап сөзінуіне түрткі болуды талап етті. Сондықтанда ол күллі адамзатты толғандыратын күрделі проблемаларды елден ерек кейіпкерлердің басындағы елден ерекше жағдаяттардан іздемей, кәдуілгі күнделікті күйбең тіршіліктің бүге-шігесін терең қамтып, жан-жақты көрсету арқылы қозғауды қатты ыждаһаттады. Бұл жолда қолға оралғы, аяққа тұсау болатын әдеби канондар мен нормалардың бәрін мансұқтап, ал септігі тиетін барша жаңалық атаулының бәрін мақұлдады. О ретте, Чехов – адамзаттың көркемдік танымы мен эстетикалық көзқарастарына бүкіл бір көзеңдік өзгерістер енгізген үлкен реформатор.

Жалпы алғанда, қашан, қандай жағдайда шыққаны белгісіз қайдағы бір қасаң қағидаларға бас шұлғи бермеу, өмірдің өзекті дамуымен жанаспайтын догматикалық шарттылықтардың алдында кіріптар болмау, адам санасына тұсау, адам қарекетіне бөгесін болатын барша рухани кедергілердің бәріне мойын ұсынбау – Чехов поэтикасының түп қазық принципі болумен қоса, Чехов творчествосының да басты пафосы.

«Күндақтағы адам». Бұл – Чеховтың бір ғана әңгімесінің емес, күллі шығармашылығының өзекті тақырыбы. Бұл – сол тұстағы орыс қоғамының, қажет десеңіз, бүкіл адамзаттың басындағы әлеуметтіқ рухани ахуалдың қырағы суреткер дәл ұстаған жиынтық кескіндемесі.

Құндақ және адам – Чехов шығармаларының басты объектісі. Провинциялық мектепте көне грек тілін оқытатын Беликов өзін қоршаған табиғи ортаның көздейсоқ атмосфералық өзерістерінен басына қол шатыр ұстап, аяғына рөзина кебіс киіп сақтанады, ал әлеуметтік ортаның ауа-райындағы өзгерістерінен әркім-ақ білетін қасаң қағидалар мен әлдеқашан кесіліп-пішілген тәр мен төртіптің, ережелік жіктеме шектеулердің тар ауқымына тығылып қорғанады. Мұндай тіршілік оны өз басына өзі ие азаматқа айналдырмай, тірілей қуыршаққа, көзге көрінбейтін өктемдік иелерінің екі ауыз қарсы тілге келмейтін құлақ кесті құлына, оңай қол жаулығына айналдырады. Ондай қуыршақ, расында да, құндақсыз өмір сүре алмайды. Провинциялық түкпірге тосыннан тап болған бейтаныс Коваленконың ауызынан шыққан тосын сөздер Беликовтың бағзыдан бері жанына майдай жағып келген жайлы құндағын құлпаршалап күлге лақтырғандай болды. Құндағынан айырылған қуыршақтың құрымай тынбайтыны, сірә, белгілі. Беликов те әлгіндей рухани соққыға шыдай алмай кенеттен жан тапсырды. Тіршілігінде соншалықты сиықсыз, соншалықты сүйкімсіз Беликов табытта жатқанда шығарып салуға барғандарға өмірдегісінен әлдеқайда келісті боп көрінеді. Чехов бұл детальге мән беріп отыр. Өйткені, табыт та құндақтың бір тұрі ғой. Бейшара Беликов шын құндағын енді тапты ғой! Егер табыт – құндақтың бір тұрі болса, қуыршақ та - өліктің бір тұрі, өлі дүниенің жұрнағы. Ендеше, қуыршақтың дәрежесінде құндақтаулы жүріп өмір сүріп, бақытты болу еш мүмкін емес. Великов та қолына қонғалы тұрған бақытты өзі мансұқ етті. Үйреншікті тіршілігімнен айырылып қалам ба деп қорыққан ол көңілі құлап тұрған Варенькаға үйленуге жүрексінеді.

Чеховтың ұғымындағы құндақ – адамды өз ықпалынан шығармай уысында ұстайтын үйреншікті дағды. «Біздің қалада, қайдағы бір қапырық тар қапаста тұратынымыз, қайдағы бір түкке қажеті жоқ қағаздарды шимайлап, винт ойнайтынымыз – құндақ емей немене? Ал енді бүкіл өмірімізді қайдағы бір еңбек етуді білмей еріккен елтең-селтең делқұлылар мен сайранпаз әйелдердін арасында өткізіп, қайдағы бір қиямпұрыс әңгіме айтып, қысыр сөздерді тыңдайтынымыз – құндақ емей немене?» – деп күйінеді осы бір бейшара кепті баяндап берген әңгімеші.

Иә, дүниедегі ең қатерлі кесепат – үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау.

Чеховтың көрсетуінше, дүниедегі ең жексұрын нәрсе – үйреншікті дағдыға айналған қиянат емес, сондай қиянатқа қыңқ етпейтін үйреншікті дағдыға айналған көнбістік. Ондай бейшаралыққа жаның аши қоймайды. Чехов та өз кейіпкерлеріне көп ретте жанашырлық сөздірмейді. Чиновник Червяковқа кенеттен мерт тапқызған генерал Бризжаловтың қатыгездігі емес, өзінің шектен асқан мәймөңкелігі. Генерал оның театрдағы көздейсоқ ерсі қылығына оның өзіндей боп қатты мән берген жоқ. Сондықтан оның әлгіндей ағаттығын алғаш келгенде-ақ кешіре салды. Бірақ, оған құлақкесті құл болып қалған Червяков қанағаттанбады. Егер сол арада генерал жер-жебіріне жетіп балағаттаса, оның бүйтіп өле қалмауы да мүмкін еді. Өйткені, өзінен дәрежесі үлкен ұлықтың ұрысқан-сөккенін Червяковтай «заты малай» зәрөзап жандар жәбір санамайды. Оны өлтірген – дәрежесі үлкен ұлықтың ұрысқанын көрген қорлық емес, сондай дәрежелі ұлыққа өзінің шыннан да шексіз құрметпен қарайтынын ұғындыра алмаған өкініші.

Тағы да бір әдеби сүйекке сіңген тас қалыптың тас-талқаны шықты. Тағы да бір қуыршақ күйреді.

Бірақ, ескеретін бір нәрсе: Беликов – рухани құндаққа оранған елексе қуыршақ болса, Червяков – рухани қуыршақты ораған өлексе құндақ.

Міне, осындай өз еркімен кіріптар бола салу, өз еркімен жағдайға құл бола салу, өз еркімен малайға айнала салу – Чехов шығармаларында мен Мұндалап тұрар ызалы уыттың басты себебі. Базардағы жұртты табанына сап таптап өтуге бар астам надзирательдің кенет генералдың өзін емес, адасып кеткен күшігін көріп, оның аяғын жалауға дейін баратын рухани жалдаптығына қалай ызаланбассың, қалай төбе шашың тік тұрмас!?

Сөйтсе, құлдық психология тек көнтерілі көнбістікпен, жалбаң қаққан жалпылдақ ауыз, жылмаң көз жағымпаздықпен, күле кіріп, күңірене шығатын екі жүзділікпен шектелмейді екен. Ол пендені әуелі мәймөңке малайға, келе-келе нағыз найсап пиғыл екі аяқты хайуанға айналдырады екен!

Оған Чеховтың «Мұжықтарын» оқысаңыз әбден көзіңіз жетеді. Көзінде әдебиет әлемінде ызы-қиқы шу туғызған бұл шығарма – Чехов творчествосының әлеуметтік болмысын мейлінше жарқыратып жайып салған шоқтықты шығарма. Лев Толстой: «Чехов жүз жиырма мың орыс шаруаларының тек қараңғы жақтарын ғана қазбалап бағыпты. Егер орыс шаруалары, шындығында да, осындай болса, онда біз әлдеқашан жойылып кеткен болар ек», – деп ашуланған бұл повесте орыс қауымының талай нәрсеге көзін ашып берді. Шын патриот өз халқын жегідей жеп жатқан рухани мерөздерге ашынбай отыра алмайды. Халқым жаманатты болмасын деп оның тарихи тағдыры мен болашағына кесепаты тиетін әлеуметтік келеңсіздіктерді көрсе де кермегенсіп, жауырды жаба тоқу, шын мәнінде, өз қауымыңның алдында рухани сатқындық боп саналса лазым. Сахалин аралына барып, каторга шындығын көзімен көріп келген Чехов бүкіл елдің, түптеп келгенде, «Сахалинге айналып бара жатқанын» ашына жазды. Оны ашындырған тек бүкіл тіршіліктің шын тамұққа айналып кеткендігі ғана емес, жұрттың сондай тамұққа әбден көндігіп көнтері боп алғандығы еді. Ол ол ма, кейбіреулер басындағы құлдық пен кіріптарлықты қорлық санамай, бақыт пен мерей санай бастағаны кемел суреткер қаламынан соншалықты шынайы кескін тапты. Москвадағы «Славян базары» ресторанының малайы Николай Чикильдеев кенет дертке ұшырап деревнясына оралады. Емделем деп келген неме құсадан өліп кетеді. Оған дүниедегі нағыз жұмақ ресторандағы жалшылық өмірі болып көрінеді. Бүйтіп қорлықтан ләззат алатын жалғыз Чикильдеев қана емес екен. Чикильдеев малайлықты өз өмірінің мәні мен мағынасы деп тапса, жөзәкше Клавдия Абрамовна да өз кәсібін дүниедегі ең бір қасиетті мамандық санайды. Жөзөкшелік оның ырзық айыратын кәсібі ғана емес, жанының ләззат табатын «рухани мүддесіне» айналады. «Инабатты мейманды қабылдап, ізетпен бабын таба білу оның басты парызы, тіпті бақыты мен мақтанышы секілді еді... Күн ашықта Клавдия Абрамовна өзін салихалы ханым сөзініп, басын жоғары ұстап, шалқақ басып кіші Бронная мен Тверьскойдың қиылысына серуенге шығады». Басқа түссе, баспақшы деп бәріне кене беру ақыры, міне, рухани құлдыраудың осындай шыңырау түбінен бір-ақ әкеп шығаратынын Чеховтай жеріне жеткізе ашып берген суреткер кем де кем. Ол «Мұжықтарда» шаруаның, даяшының, малайдың, жөзөкшенің тағдырын қамшының өріміндей қатарластыра қарастырып, қатарластыра ербіте отырып, оңушыға көнбіс кіріптарлықтың рухани малайлыққа, ал рухани малайлықтың өз көзегінде рухани жөзөкшелікке ұрындырмай тынбайтынын ұғындырады.

Әділетсіздік құлақкесті құлдықты өрбітсе, құлақ-кесті құлдық әділетсіздікті одан әрі ершіте түседі. Сондықтанда Чехов дүниедегі барша кесепаттың басы – кімге болса да, көне беретін, неге болса да, төзе беретін құлақкесті құлдық деп білді. Құлдық жүрген жерде, ол асқындататын қияңат жүрген жерде ешкімнің бақытты болуы мүмкін емес. Қиянат етек алып тұрған тұста өмір сүріп, өз мерейіңді есіруге тырысу – түптеп келгенде, зорлықтың сойылын соғу болып табылады. Қиянатты ортада өмір сүріп отырып, бақытты болу – қылмыс. Ондай ортада тек адамгершіліктен жұрдай арсыздықтың ғана көсегесі көгермекші.

Чехов шығармаларының қай-қайсысы да рухани енжарлыққа қарсы атой салады. «Маған бір ой келді: расында да, бұл өмірде қаншама өзіне өзі дән риза бақытты жандар бар! Олар неткен өктем күшке айналған! Осы өмірге көз жүгіртіп көріңізші: күштілердің уайым-қайғысыз дарақылығы мен арсыздығынан, әлсіздердің арамдықтан атымен жұрдай найсаптығы мен надандығынан басқа нені байқай аласыз, қайда қарасаңыз да – тар қапас, азғындық, маскүнемдіқ көлгірліқ әтірік пен өсектен басқа не табасыз. Сөйте тұра үй біткен, көше біткен неткен жым-жырт, неткен тып-тыныш; қалада тұратын елу мың жаннан ашына айқайлап, наразылығын ашық айтқан, қорлыққа шыдай алмай, шыңғырып жатқан бір де біреуі жоқ. Біздің көретініміз: өңшең бір базардан азық-тұлік тасып, күндіз сылқия ішіп-жеп, түнде тылпия ұйқы соғып, қайдағы бір қысыр әңгімелерді қоздатып, қатын алып, қартайып, өлген-жіткенін молаға қарай сүйрелеп мәре-сәре боп жүрген, дәнеңеден хабары жоқ бейқам жұрт; біз азапқа тұншығып, сырты бүтін, іші түтін қапа боп жүрген шын мұңлықтарды көрмейміз де, елемейміз де; бізден көз таса көлгір шымылдықтардың ар жағында қандай сұмдықтар болып жатқанын білмейміз де, сөзбейміз де... Кім біліпті, керегі де дәл осындай жым-жырттық шығар; бәлкім, бақыттылардың бай болып, барша мұраттарына жетіп жататындары да бақытсыздардың өз азабын үнсіз көтеріп, өз қайғысына үнсіз төзетіндігінде шығар... Мұндай меңіреу үнсіздік етек алмайынша, ешкімге бақытты болу еш мүмкін емес шығар...» – деп толғанады «Қарлыған» деген әңгіменің кейіпкері.

Ал «Құндақтаулы адам» деген әңгіменің кейіпкері: «Беттері бұлк етпей өтірік соғып, сол өтірікке төзгенің үшін сені сыртыңнан ақмақ санап жер-жебіріңе жетіп жатқандарды көріп, әңгімелерін есту, жәбіріне көніп, кемсіткеніне шыдау, адал да арлы адамдарды жақтайтындығыңды ашық айта алмай, өзіңді-өзің алдап, күңірене жүре күлген боп көріну, осының бәрін қайдағы бір үзім нанға бола, жылы баспанаң мен көк тиынға керегі жоқ болмашы шен-шекпенге бола істеу – жоқ, бүйтіп өмір сүру еш мүмкін емес!» – деп ширығады.

Көнбістік – көлгірлік. Көлгірлік – шындықтың аяғындағы тұсау. Шындық жоқ жерде әділдік жоқ. Чехов стилінің қарапайымдығы, шығармаларында суреттелетін тұрмыстық халдердің табиғилығы суреткер санасындағы өз ортасына деген осындай наразылықтан өрбіп жатыр. Ол жасандылықты, уағызшылдықты, жылтырағанның бәрін алған, батпансығандардың бәрін данышпан санаған рухани кемтарлықты ит етінен жек көрді. Өмірдегі не бір қаны тамшылаған шындықтар қайдағы бір жалған намыстың сойылын соққан рухани көлгірліктің тасасында қалып қояды. Не бір шын құрмет, шынайы ықлас, нағыз махаббатқа лайық абзал жандар өзін өзі көтермелеп, өзін өзі қолдан қолға өткізіп, өзін өзі саудаға салып жүрген рухани жалдаптардың құрбандығына айналады. «Ваня ағайдағы» Войницкийді, Астровты, Соняны алыңызшы. Пьесадағы... түнек дүниеде бұл үшеуіндей жарық жұлдыз жандардың барлығы таңданарлық-ақ құбылыс. Өмірде біреу бақытты болуға тиісті болса, сол үшеуі бақытты болуға лайық-ақ. Бірақ, үшеуінің де жолы болып жүрген жоқ. Жолы болып жүрген – даңғаза даңқ иесі профессор Серебряков. Бірақ, ол да өз өміріне риза емес. Өз тіршілігінің мәнсіздігін сөзініп риза болмай жүрген жоқ, басындағы бар бақытты қомсынып риза болмай жүр.

Чехов драматургиясы Чехов поэтикасының демократтық, гуманистік сипатын аша түсті. Чехов қаламы сахнаға да шытырман оқиғаны, шырғалаң тартысты шығарған жоқ, кәдуілгі күнделікті күйбең тіршілікті өз қалпында алып шықты. Кейіпкерлер бір-біріне тұзақ құрмайды. Бірге отырып шәй ішеді, серуендейді, сырласады, пікір таластырады. Соның өзінде адамдардың ағымындағы тұрмыстық тіршілігінің қаншалықты қайшылықтарға толы екендігі ашылады. Үйреншікті тіршіліктің үйдей драматизмі біреулердің қажырын қайрап, екінші біреулердің жігерін мұқатып жатады.

Басқалар алған оқиғаларының айырықша тосындығымен таңғалдырса, Чехов өзі суреттеп отырған болмыстың қарабайыр қарапайымдығымен таңғалдырады. Замандастары оның кейбір шығармаларынан, әсіресе, сахналық туындыларынан дәстүрлі мағынадағы сюжетті де таба алмай таңырқады. Ондайларға жазушы: «Ешқандай сюжеттің керегі жоқ. Өмірде сюжет жоқ, ондағының бәрі – тереңдік тайыздықпен, ұлылың бейшаралықпен, қасіретті күлкілілікпен мидай араласып кеткен. Сіздер, мырзалар, баяғы бір көне ұғымының ұйқысынан елі ояна алмай, қасаң қағидалардың тұтқынынан әлі құтыла алмай, қоштаса алмай жүрсіздер. Жаңа тұрлер іздеу керек», – деп тойтарыс берді.

Расында да, Чеховтың стилі де, поэтикасы да, өмірлік материалдың көркемдік шешіміне деген көзқарасы да атымен соны, атымен жаңа еді. Оның жазған әңгімелеріндей әңгімені оған дейін ешкім жазған жоқ. Оның жазған повестеріндей повесті оған дейін ешкім жазған жоқ. Оның жазған пьесаларындай пьесаларды оған дейін ешкім жазған жоқ. Бірақ, Чехов поэтикасы Чеховтан кейінгі әлемдік проза мен әлемдік драматургияның өзекті қағидасына, өрісті сипатына айналды.

Чеховтың өз тұстастарына біраз уақыт тым салқын қанды, тым бейтарап жазушы боп көрінуінің себебі де оның ұстанған суреткерлік кредосының атымен сонылығында еді. Ол өз тұсындағы жексұрын болмыс пен бейшара жандардың басындағы хәлге оқушысын Гогольдей тұңілтіп, Салтыков-Шедриндей жиренткен жоқ. Ол өмірдегі нағыз трагедияны ызалы ироняиға, нағыз драманы қырғын комедияға айналдыра салғанмен, мерөз атаулыны әшкере қылғанмен іс бітпейді, ең алдымен әр пенде өз көкірегінен құлақ кесті құлдықты, көнтерілі көнбестікті қуып шығуы кереқ заман мен адам сонда ғана түзеледі деп түсінеді. Сондықтан да ол оқушысын өз тұсындағы күрделі шындықтың қалың ортасына қолынан жетектеп апарып кіргізіп жіберіп, өзіне пікір түйгізді. Күнделікті үйреншікті деп салғырт көз салатын самарқау тіршіліктің қалтарыс-қалтарысына тереңдеп үңілтті. Соның нәтижесінде соны ой түйіп, маңайындағы болмысқа басқаша көзқараспен қарай бастаған жандардың бейнелері Чехов шығармаларына көктемнің майса самалындай оптимистік леп бітірді. Ол өз тұсындағы әлеуметтік өмірдің мерөздерін батыл аша білуімен қоса, сол тұстағы орыс қауымының санасындағы рухани ояну, тұлеуді де жіті көрсете білді. Оған дейінгі әдебиеттегі айырықша жігерлі, айырықша күрескер, айырықша сұңғыла кейіпкерлердің орынына сырт кейпінде, қимыл-әрекетінде ешқандай ерекшелік жоқ, өзінше адал, өзінше әділ болуға тырысатын, сондықтанда төңірегіндегі жамандық пен жалғанды аңғармай тұра алмайтын қарапайым сергек сөзімді кейіпкерлер келді. Бұл орыс әдебиетінің одан әрі демократияшылдана түсуіне түрткі болды. «Тіл пәнінің мұғаліміндегі» Никитин кенет қайын жұртының жан дүниесіндегі қасаңдықты аңғарып, өз басындағы бақыттың әділеттігіне күмәндана бастайды. «Ит ерткен әйелдің» кейіпкері өмірінде алғаш рет шынайы махаббаттың демін татқан соң барып, төңірегіндегі адамдардың ең бір қалтқысыз пәк сөзімдері мен ықластарын жұрт көзінен жасырып ұстап, ал қайдағы бір миыңа қонбайтын даңғаза қағидаларды мейлінше дабырайтып бағатындарына қайран қалады. «Алтыншы палатадағы» доктор Рагин өмірдегі бейтарап позиция түптеп келгенде қиянаттың қолтығына дым бүрку болып шығумен қоса, адамның өзін күйретпей тынбайтынына көзі жетіп, ақыры өзі «қасірет палатасынан» барып бір-ақ шығады. Дүниедегі барлық құбылысты тиынға шағып, не «пайдаға», не «шығынға» жоритын табытшы Ронза «Адамның өмір сүргенінің қып-қызыл шығынға ұшыратып, өлгеннің пайдаға шығатынына» көзі қанша жетіп отырса да, «адамға бір-ақ рет берілетін өмірдің неге мұнша «пайдасыз» өтетініне түсіне алмай басын қатырады.

Жоқ, адамның өзі құндаққа сиғанмен, қалыпқа үйренгенмен, арының тар қалыпқа сиып, қасаң дағдының тар ауқымына көне беруі еш мүмкін емес.

Чеховтың өмірінің соңғы жылдарындағы туындыларының басты пафосы осы.

Ол ортаның, қоғамдық дағдының адамдарға тигізетін ықпалын жіліктей зерттеумен қоса, адамдардың ондай ықпалға қарсы тұрып, ондай кіріптарлықты талқандап Бұзып шығуға тиісті екендігін ұғындырады.

Оның идеалы – бақыт емес, ізгілік... Ізгілікке азаттық аңсаған асаулық қана жеткізе алады. Адамдық табиғат бір басының ғана бақытын аңсаған эгоистік мүддеден рухани ләззат табуы еш мүмкін емес. Ол тек өзгелерге де ізгілік жасап, игі іс тындырғанынан ғана рахат ала алады. Чехов суреткерлігінің гуманистік сипатының түп-төркіні де осында: адамдардың өзін қоршаған ортаның қыры мен сырын әділ көрсетіп, әділ тануына, жалған мен өтіріктің, жасаң мен жаңаның, келеңсіздік пен кемелдіктің ара жігін айна-қатесіз дәл ажыратуға көмектесетіндігінде: адамды рухани ізгілікке, рухани кемелділікке үнд ейтіндігінд е.

Ендеше, мұндай өнердің көсегесі әр бір жаңа ұрпақпен бірге жаңғырып, әр бір келешек күнмен бірге көгере бермекші.

Өйткені, ақиқат жолындағы айқас, әділдік жолындағы күрес ешқашан толас таппақшы емес.

Сондықтанда Чехов шығармасы бүгінгідей күрделі әлеуметтік шайқастар заманында да бұрынғысынша соны, бұрынғысынша зәру көрініп, жер бетіндегі әр бір ізгі ниетті жанның көңілінен шығуда.

Ол өмірге, қоғамға, заманға, адамға деген жаңа моральдық, әлеуметтік көзқарас пен өрелі қағидаларды өз қолдарымен жүзеге асырып, ең ізгі, ең ежелгі гуманистік идеалдарға өз тағдырларымен тарихи шындыққа айналдырып жатқан бүгінгі оқырмандар үшін айырықша ыстық, айырықша қасиетті.

1984