Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

Алматыда XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті

1514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Дарын» РҒПО, Халықаралық IT университетінің қолдауымен биылғы жылы 15-ші мәрте өткізілген Жәутіков олимпиадасына әлемнің 18 елінен 83 команда қатысып, 500-ден астам дарынды оқушылар математика, физика және информатика пәндерінен бақ сынасты.

Алматыда XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті

Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында олимпиадада жеңімпаз танылған оқушылар мен мектеп ұжымдары марапатталды. Олимпиаданың Бас жүлдесі биылғы жылы екі жыл қатарынан Челябі қаласының №31 лицейі оқушыларының еншісіне тисе, бірінші орынды Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің оқушылары иеленді. Үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға математика пәні бойынша 91 медаль (20 алтын, 26 күміс және 45 қола медаль), физика пәні бойынша 71 медаль (15 алтын, 21 күміс және 35 қола медаль), информатика пәні бойынша 74 медаль (14 алтын, 23 күміс және 37 қола медаль) ойналды. Қазақстандық оқушылар 9 алтын, 23 күміс және 43 қола медалді еншілесе, жеке рейтинг бойынша математикадан Болгария, физикадан Ресей, информатикадан Грузия оқушысы үздік деп танылды.

Жасөспірімдер арасында математика-физика, информатика ғылымын насихаттауды, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, әлем елдеріндегі арнайы мектептер арасындағы байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуды мақсат ете отырып өткізілген сайысқа Жәутіков мектебінің оқушылары ерекше дайындықпен келген. Олимпиадалық резерв тренерлерінен дәріс алған оқушылар психологиялық дайындықтардан да өткен. Жәутіков атындағы физика-математика мектебі директорының Олимпиада бойынша орынбасары Асхат Кәрім биылғы жылы АҚШ (South Carolina Governor’s School of Science and Math) және Дания (Maria Kruse Skole) келген командалардың бірінші рет қатысып отырғандығын жеткізді. Олимпиада барысында оқушылардың  ғана емес, яғни физика-математика мектептерінің жетістіктері де сынға түсті.

Биылғы жылы қатысушылар электронды түрде тіркеліп, арнайы сайт жұмысы іске қосылған. Олимпиада есептері халықаралық  құрастырушылардың қатысуымен әзірленген.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар