Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

Алматыдағы Баум тоғайы түрлене түспек

1012 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматылықтар жиі келетін орындардың бірі қаладағы Баум тоғайы. Бүгінгі күнге дейін тоғай республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын аумақтардың санатына кіргендіктен, заң жүзінде мұнда қандай да бір жұмыстар жүргізуге тыйым салынып келген еді. Жуырда ғана қала әкімдігінің қарамағына өткен тоғай енді жаңа кейіпте түрлене түспек.

Алматыдағы Баум тоғайы түрлене түспек

Қос бірдей футбол алаңы қайта қалпына келтіріліп, бақ аумағына кіші архитектуралық мүсіндер орналытмақ. Бақтағы жасыл желектердің жағдайы тексеріліп, ағаштардың иммунитетін жақсарту, өсімдіктерді зиянкестерден қорғау бойынша биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мамандар топырағы сортаң тартқан аумақтарды құнарландыру ісі де бірінші кезекте қолға алынатынын айтады. Бүгінде алқапқа алты күзетші мен бес орманшы қарайды. Былтыр тоғайдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында төрт бірдей  полиция бекеті қойылыпты.

 Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр Сергеевтің сөзінше,  былтыр шаһар тұрғындарына қолайлы болу үшін мұнда 70 орындық орнатылған. Оған қоса 50 шақты жол сілтегіш бағандар мен ақпараттық тақтайшалар қойылыпты. Бұдан былай Баум орманы жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне кірмек.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ