Қазақстан • 17 Қаңтар, 2019

Алматыда тікұшақ апатқа ұшырады

444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыда тікұшақ апатқа ұшырады

Фото: tengrinews.kz

Бүгін сағат 16:05-те Алматы қаласы аумағында Sky Service әуекомпаниясына тиесілі «Еврокоптер-130» маркалы тікұшағы апатқа ұшырады. Мәлім болғандай әуе кемесі шаһардың Наурызбай ауданына қарасты «Алатау» шипажайының ашық алаңқайына құлаған. Апат салдарынан әуе кемесінің 1968 жылы туған командирі Валентин Шитов оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем каретасында қаза тапты.

Мәлім болғандай, төрт кісіге арналған шағын тікұшақ кабинасында ұшқыш өзі ғана болған. Төбеден жай түскендей әсер еткен қайғылы оқиға орын алысымен бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті растаған болатын. Жедел қызмет мамандары оқиғаның себеп-салдарын анықтау үстінде. Алдын ала мәлімет бойынша тікұшақ Боралдайдан Үлкен Алматы көліне бағыт алған. Арнайы жедел қызмет тобы мен көлік апаттарын тергеу департаменті апат салдарын анықтау ісін бастады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ