17 Қаңтар, 2019

Қостанайда тергеуші кісі тонаушыны қылмысы үстінде ұстады

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы қалалық Полиция басқармасының «Оңтүстік» полиция бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Мейрам Аджабаев қылмыстың үстінен түседі де, қылмыскерді өзі қуып жетіп, ұстайды. Үйіне түскі тамаққа барған тергеуші автобус аялдамасына келе бергенде, сол маңдағы үйлердің бірінің ауласынан әйелдің жан дауысы шығады. Мейрам дауысқа елең ете қалады да, солай қарай жүріп, қарай бастайды. Сол сәтте үйдің подъезінен қашып шыққан ер адамды көреді. 

Қостанайда тергеуші кісі тонаушыны қылмысы үстінде ұстады

 «Әйелдің «ең болмаса суреттерді таста» деп жанұшыра айғайлаған дауысын жұрт кәдімгі отбасылық ұрыс-керіс деп ойлап қалған сыңайлы, мән бермей тұра берді. Ер адамның жүгіре жөнелгенінен оның отбасылық жанжал емес екенін түсіндім» дейді Мейрам.

 Полицейдің «тоқта!» дегенін қашқын тыңдамады. Бірақ тонаушы тәртіп сақшысының күші басым екенін байқады, ұрлаған заттарын тастады. Бірер минуттан соң, Мейрам оны қуып жетіп алды. «Дереу кезекші бөліміне телефон шалдым. Олар келісімен жедел-тергеу тобындағы әріптестеріммен бірге ер адамнан не болғанын сұрадық. Ол Қостанай қаласының ұрлығы үшін бірнеше рет сотты болған 33 жастағы тұрғыны екен» дейді Мейрам.

Түзеу мекемесінен шыға салысымен әлгі адам өзінің үйреншікті ісін қайта жалғастырған екен. Подъезде бір әйелді аңдып жүріп, оның ақша салған әмиянын жымқырып кетеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Мұндай ұрыларды полицейлер жиі ұстайды. Тергеуші Мейрам Аджабаев та осы сипаттағы қылмыстарды тергейді, бірақ Полиция департаментіндегілердің айтуынша, қылмыскерді тергеушінің өзі ұстап алғаны сирек кездеседі. «Әңгіме кімнің ұстағанында емес, қылмыскердің ұсталғанында» дейді Мейрам.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай