Қазақстан • 17 Қаңтар, 2019

Жүзге жуық оқушы Wiki Camp акциясына қатысты

603 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жүзге жуық оқушысы Wiki Camp акциясына қатысты. Бұл шара биылғы Жастар жылына орай «Жастар - еліміздің мақтанышы» деген ұранмен ұйымдастырылды.

Жүзге жуық оқушы Wiki Camp акциясына қатысты

Бұл оқу орынында 2013 жылы «Википедия» клубы құрылған болатын. Содан бері оқушылар қазақ, ағылшын, орыс тілінде мақала жазып, оны онлайн-энциклопедияға өз бетінше жолдап, толықтыруды меңгерген екен. Бүгінге дейін «Уикипедия» клубының мүшелері Жетісу өңіріндегі тарихи-мәдени мұра туралы, ғылыми жаңалықтар мен еліміздің қазіргі заманғы жетістіктері туралы үш мыңға жуық мақала жазып, сайтқа орналастырыпты.

- «Уикипедия» клубы мектеп оқушыларын мақала жазуға және редакциялауға дағдыландырады. Оларды академиялық адалдық пен жауапкершілік қағидаларын ұстана отырып, шығармашылықпен айналысуға үйретеді. Біздің оқушылар үшін бұл әлемнің бөлігі болуға, қазақша уикипедия мазмұнын дамытуға үлес қосудың керемет мүмкіндігі, - дейді мектеп жанындағы «Уикипедия» клубының үйлестіруші Нәзира Сұлтанова.

Жалпы, Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ғана емес, тұтас ел бойынша «Уикипедия» клубтары жұмыс істеп тұр. Барлық Зияткерлік мектептерде 2012-2013 оқу жылынан бастау алған үрдістің арқасында қазақша Уикипедия оқушылар жазған 20 мыңнан астам мақаламен толықты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы