Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Аралас мектеп мәселесі алаңдатады

2535 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Аралас мектеп патша заманынан, Кеңес кезеңінен бері талқыланып келе жат­қан, бүгінгі зиялы қауым өкіл­дері де айтып жүр­ген өзекті мәселе. Қоғамды тол­ған­дырған түйткілдердің бірі болғандықтан, бұл та­қы­рыпты «Egemen Qazaqstan» газеті де ұдайы назарда ұстап отыр. Бел­гілі ғалым Ме­кемтас Мыр­зах­метұлы­ның зерт­теуінше, 1937-1938 жыл­дар­дың өзін­де елімізде 478 аралас мектеп болған екен. Ал бүг­інде Білім және ғы­лым ми­нистр­лігінің мәлі­метіне сәйкес, Қазақ­станда 2046 ара­лас тілде оқы­татын мек­теп бар.

Аралас мектеп мәселесі алаңдатады

Аралас мектеп мүддесі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін «Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бас­тысы, маңыздысы», деп атап көрсеткені мәлім. Кейбір ұлт зия­лы­ларының пікірінше, ана тіліміздің тынысы ашылып, өрісінің ке­ңеюіне кедергі келтіріп тұрған бір тосқауыл – осы аралас мектеп­тер. Аралас мектептердегі тіл­дік ахуал осы сөзімізге дәлел бо­ла алады. Ең алғашқы аралас мектеп ХІХ ғасырда Перовскіде ашылған. Сырдария губернаторы орыс-түзем мектебіндегі орыс тілін меңгеріп жатқан қа­зақ балаларын бақылауға кел­генде тапсырманың орын­да­лып жатқанына қанығады. Ал сыныптан шыға сала бір-бірімен қазақша шүйір­ке­ле­сіп жүрген балаларды көр­ген­де көңілі көншімепті. Кейін қара­до­малақтарға орыс балалар­ды қосады, отаршыл губер­на­тор ойын осылай іске асы­рып­ты. Бұл тарихтың түп-төр­кі­ніне М.Мырзахметұлы «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген сауалға жауап іздегенде жә­не осы атпен шыққан кітабын жаз­ғанда жолыққан. Аталған тақы­рыпты көп көтерген ғалымға хабар­ласқанымызда «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі», деп түйіндеді. 

Оңтүстікте маман, солтүстікте орын жоқ

Көкшетау қаласындағы аралас мектептің ақиқаты туралы оқығанда таңғалғанымызды жасырмаймыз, тәуелсіз мемлекет болғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Көкшетауда жаңадан бірде-бір қазақ мектебі салынбаған кө­рінеді. Балаларын қазақ тілінде оқыт­қысы келетін ата-аналар ара­лас мектепті қанағат тұтқан. Тек былтыр ғана жаңадан қазақ мек­тебі салынып, осыны қосқанда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп саны 4-ке жетті. Онда 4105 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал қаладағы 20728 оқушыға білім беріп жатқан аралас мектептің саны – 21. Ондағы оқушылар үшін қазақ тілі тек 45 минуттық тіл екенін бұдан бұрын да сөз ет­кен­біз. Балалардың қазақ сыныбына барса да қазақшаға шорқақ екенін көзіміз көрді. Сонда  мұн­дағы таза қазақ тілді балалар саны бес есеге аз болып шығады. 

Мәселеге тереңдеу мақсатында Көкшетаудағы №1 мектеп гимназиясына хабарластық. Аралас мек­теп өкілінің мәліметінше, 67 сы­ныптың 20-сы қазақ тілінде бі­­лім береді, қалғаны орысша. 1883 баланың 483-і қазақ сынып­тар­ында, 1400-і орыс сыныптарында екен. Енді қараңыз, мек­теп 836 орындық, ал қалған 1047 бала қалай оқып жатыр? Сөйт­сек, екінші бір мәселенің тиегі ағытылды: үш ауысыммен оқиды екен. Міне, аралас мектептегі сы­ныптарды оқыту тіліне қарай екіге бөліп, таза орыс не қазақ мектебі етуге тағы бір себеп бар. 

Айтпақшы, осы өңірдегі білім басқармасының ақпаратына сенсек, Көкшетауда бірде-бір орыс мектебі жоқ екен. Бұл қуантарлық па? Асықпаңыз, оның орнын аралас мектеп басқан ғой, бұл – екі ғасыр бұрынғы отарлаудан кейін отарсыздандыру саясатының орындалмағанына дәлел. 

Енді 99 пайыз қазақы ортаға ойысайық. «Корейлер мен не­міс­тері де қазақша сайрайтын Қызылордаға аралас тілді мек­тептің қажеті қанша?» деген қи­сынды сұрақ ойға келеді. Об­лыстағы 293 мектептің 262-сі таза қазақ тілінде білім береді. Кө­ңіл қуантады. Ал 4 орыс тілді, 27 аралас мектеп бар екен. Қала­лықтарда ғана сұраныс бар болар десек, қателесіппіз. Шие­лі ауданындағы №127 мек­теп-лицей директорымен сөй­лестік. Аралас мектептегі 77 сы­ныптың 12-сі орыс тілді. 906 оқушының ішіндегі 691 қара­домалақпен бірге корей, тәжік, татар, украин, чуваш, армян, әзербайжан, осетин балалары да бар. «Қазақтар балаларын неге орыс сыныбына береді?» деген сұраққа білім орда­сының басшысы Гүлшара Бер­далықызы: «Ата-аналар мек­тепті де, тілді де, сыныпты да емес, мұғалімді таңдайды. Қайда үздік ұстаз бар, сонда береді. Қалғаны екінші орында», деп жауап берді. Оның айтуынша, орыс сыныптарына сабақ беретін маман жоқтың қасы. Осы мәселені шешу үшін зейнеттегі мұғалімдерді шақыртып немесе екінші бір білім мекемесінен алдыртып оқытады екен. Және бір назар аударатын нәрсе, орыс сыныптарында оқушылар саны аз, 6-сыныпта 7 бала болса, 8-сыныпта 4 бала ғана. Мінекей, аралас мектептегі сыныптардың ара-жігін ажыратуға екінші себеп. 

Аралас мектеп мәселесінде тағы бір түйткіл бар. Астанадағы бір мектептің ата-анасы былтыр 5-сыныптар арасында екі жақ боп төбелескенін айтты. Мектеп директоры бұл жайтты жоққа шығарып отыр. «Жалған ақпар құлағыңызға жеткен», дейді. Алайда, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Олардың нені бөлісе алмағаны белгісіз, бірақ бір анығы – орыс сыныптары мен қазақ сыныптары болып бөлінуі. Бірінен-бірі артықпын деуі немесе кемсітуі, екінші тараптың намыспен тартысуы осындай ушыққан оқиғаға алып келген. Ата-аналар араласып жүріп әзер басылған. Бұл не? Этносаралық кикілжіңнің мектепішілік түрі ме? Олай дейін десең, орыс сыныптарында қазақ балалары да бар емес пе? Демек қазақ балалары бір-бірімен өзгенің тілі үшін төбелесіп жүр деген сөз ғой. Сонда ұлт ішінен ұлт жасап жүрміз бе?.. Меніңше, осы себептің өзі екі ғасыр бұ­рынғы солақай саясаттың ұлт болашағына зияны тигізетінін бағамдап, түбегейлі шешім шығаруға жетіп жатыр.

Не кедергі?

Әлбетте, әр адамның қай тіл­де білім алуын шешу өз ер­кінде, оны шектеуге болмайды. Сондықтан өзге тілді мектептерге мүмкіндік те бар. Мәселе, аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақ тілді мектепке айналдыруда болып тұр. Бұл мәселе қанша жылдан бері көтеріліп келе жатса да шешімі табылмауына не кедергі?

Осы сұрақпен Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атына хат жаздық. Министрліктің мәліметінше, республикадағы мектеп оқушыларының 66 пайызы қазақ тілінде оқиды. Ал аралас мектептер желісінің сақталуына үлкен қалаларда қазақ тіліндегі оқушылар санының үздіксіз көбейіп, сәйкесінше орыс тілінде білім алушылар санының кемуі себеп екен. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқушы орны жеткіліксіз болғандықтан, орыс тілді мектептерде қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашылуда деп түсіндірді. 

«Соңғы бес жылда қанша аралас мектеп біртілді мектепке айналды?» деген сауалымызға министрліктің тиісті мамандарында жауап жоқ. Аралас мектептен біртілді мектепке айнал­дырудың критерийлері қандай екенін де тап басып айта алмады. Тек, тілге тиек ететіні – 2014 жылы 2100 аралас мектеп болған, оның саны бүгінде 54-ке азайғаны. Онда қазақ мек­тептерінің саны көбеюі керек қой? Бес жыл бұрынғы ақпаратты ақтар­дық. Ақпараттық-талдау орта­­лығының зерттеуінше, 2014 жылы 3794 қазақтілді мек­теп болған, бұл бүгінгімен салыс­тырғанда 45-ке аз. Сонда қалай?..

Бұдан бөлек, жауап хатта «Тіл туралы» заңды алға тарт­қан, ондағы 16-бапта: «Қазақ­стан Рес­публикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, тех­ни­калық және кә­сіптік, орта білім­нен кейінгі, жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қа­рай және мүмкiндiгi болған жағ­дайда бас­қа да тiлдерде алуды қам­тама­сыз етедi», делінген. 

Ал осы мәселеде талай есіктің табалдырығын тоздырған ғалым М.Мырзахметұлының айтуынша, аралас мектеп мәселесін түбе­гейлі шешуге еш кедергі жоқ. «Бұл биліктегі атқамінерлердің ба­тылсыздығы ғана. Әйтпесе тәуелсіз ел болғанымызға қанша уақыт өтті? Дәл қазір бұған қарсы келетін ешкім жоқ», дейді ол. 

Солтүстік аймақтардың аралас мектептерінде орыс сы­нып­тары, соған сәйкес оң­түс­тік өңірлердегі аралас мек­теп­терде қазақ сыныптары көп екені мәлім. Осыны ес­керіп, еліміздегі барлық аралас мектептердің жартысы орыс­­тілді деп есептесек, таза орыс тілінде оқытатын мек­теп­тер­дегі 378 735 балаға ара­лас мектептегі барлық 1 324 074-тің жартысы, яғни 622 037 оқу­шыны және басқа тілде оқы­татын мектептердегі 15 216 бі­лім алушыны қосайық, сонда елі­міздегі шамамен 1 млн 55 мың 988 бала мемлекеттік емес тілде білім алады. Ал осы бала­лар ертең өзге тілді орта қалып­тастырмайтынына күмән қайсы? 

Елбасы 2012 жылғы Жолда­уында: «2020 жылға қарай мем­лекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады», деген еді. Белгіленген уақыт болса, ендігі 11 айда ке­ле қояйын деп тұр. Ал біз ара­­лаған аралас мектептердегі оқу­­шылардың «орысшалануымен» Президент тапсырмасын орын­даудың ауылы алыс секілді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»