Өнер • 18 Қаңтар, 2019

Сөз сойыл: Ғасыр құпиясы

667 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл: Ғасыр құпиясы

БІРДЕ...

Бір орыс елінің қатыны

Cейіт Кенжеахметұлы Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары Торғай облысының қазақ тілі қоғамының төрағасы қызметін атқарды. Сол жылдары қоғамның үлкен жиналысы болып, жиналыста сөз алған Сейіт:

– Біздің Торғай облысында Надежда Крупская атындағы совхоз бар, Н.Крупская атында мектеп бар, Н.Крупская атында көше бар, Н.Крупская атында дружина бар, Н.Крупская атындағы отрядтар бар. Бір жігіт ағасына ренжігенде: «Бұндай ағаның інісі болғанша, жеңгемнің сіңлісі болғаным дұрыс еді» депті. Сол жігіт айтқандай, біздің Қобыланды, Алпамыс, Кейкі батырларымыз, Міржақып, Ахмет аталарымыз: «Бұндай қазақ деген елдің батырлары болғанымызша, бір орыс елінің «қатыны» болғанымыз артық екен» деп жүрген жоқ па екен? – деген екен.

Арқалық Украинаның жері ме?

2000 жылдары Сейіт Арқалық қаласы әкімшілігінің жиналысына қатысып отырыпты. Мінберге қалалық оқу бөлімінің бастығы А.Кривенко шығып сөз сөйлепті. Одан кейін қалалық жылу бөлімінің бастығы Н.Богоченко сөйлепті, оның соңынан қалалық үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы В.Кухарчук шығып сөйлепті, мұнан кейің қалалық құрылыс-архитектура бөлімінен Степанчук сөйлепті... Бұның бәрін көріп-біліп отырған Сейіт қасында отырған музейдің директоры Жұмағали Өмірбековке қарап:

– Мынаны көрген бөтен адам: «Бұл Арқалық өзі Украинаның жері екен» деп ойлап қалатын шығар ә, – деген екен.

Қайынағамен қалжың

Сейіт Кенжеахметұлына ақша қажет болып қалады. Институттың бас есепшісі Тоқтарбайға барғандар құр қол қайтып жатады. Оны білген Сейіт кіріп барып өлеңдете жөнеледі:

– Ертеден ер туғызған қайран бабам,

Тоқтарбай соның бірі жайраңдаған.

Долларды салып алып қалтасына

Астана, Алматыда сайрандаған.

Бұрыңғы еркектердің жолымен

Қызарып қызды көрсе тайраңдаған.

Атақты Құлжан атам ұрпағының

Жомарттық істеріне қайран қалам.

Келгенде құрбы-құрдас ақша сұрап

Па, шіркін бір секөнт те ойланбаған, – дегенде Тоқтарбай:

– Қане, қанша керек еді? – деген екен.

Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ

АСТАНА

Әкімді әркім билейді

                                  Отырады орынтағы кеңседе,

                                  Сөйлегенде көзге түсті белсене.

                                  «Хорошомен» қарық қылып тастайды,

                                  Бала-шаға, шал-шауқандар келсе де.

                                  «Ауыл іші, мәселе көп ескірген,

                                  Айқыш-ұйқыш жел сөз де бар естілген.

                                  «Жұмыс деген кемшіліксіз болмайды,

                                  Жасыратын сырымыз жоқ ешкімнен...»

                                  Дейді-дағы, өз «пұшпағын» илейді,

                                  Отқа салсаң өртенбейді, күймейді.

                                  Жан-жағында ілік-шатыс, ағайын,

                                  Сол әкімді әркім келіп билейді.

«Без өширет» үй алып берем»

                                  Түлкі құйрық бір қатын,

                                  Әңгімесі жыр қатын:

                                  «Без өширет» үй алып берем,

                                  Кілтін қолдарыңа салып берем,

                                  Мынау құжаттарым мөр соқтырған

                                  Мен емеспін біреуді жер соқтырған...» –

                                  Деп, талайдың алып ақшасын,

                                  Алланың атымен сендірді,

                                  Ешқайда да қашпасын.

                                  Бірақ ауыздары аңқиып,

                                  Құлақтары қалқиып

                                  Адамдар сандалып қалды,

                                  Үй де жоқ, күй де жоқ,

                                  Сұр жыланға арбалып қалды.

                                  Алты ай өтті сотқа берді

                                  Қатынның соңынан топтап ерді,

                                  Берген «пұлдарын» жоқтап ерді...

                                  Ал алаяқ қатын жүкті екен,

                                  Таныстары да мықты екен,

                                  Шартты жазамен құтылып кетті.

                                  Ал, талтүсте «қойын алдырғандар»,

                                  Айқау-шумен жаңғырғандар –

                                  Естері ауып, құтырып кетті,

                                  Ақша қатынмен бірге жұтылып кетті.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы

Ақыл айтайын ба?

– Мен шахмат клубына барып жүрмін. Бірақ бір күні ұтып, бір күні ұтылып қаламын.

– Онда, оған ұтатын күні ғана бар.

***

Бірде қазақ жігіті Францияға бармақшы болады. Бірақ ол француз тілін білмегендіктен, досына келіп, ақыл сұрайды.

Сонда ол:

– Оның несі қиын, сөздің басына «ф» әрпін қойып сөйлей бер! – депті.

Бірер айдан соң әлгі жігіт Францияға ұшады. Содан Париждің көшелерінде жүріп, абайсызда адасып кетеді. Амал жоқ, алғаш кезіккен жігіттен жөн сұрауына тура келеді:

– Фауарым, фұл фай фоше? – дейді абдырап.

Сөйтсе, әлгі жігіт:

– Фратан, фөзім де філмеймін! – деп жауап қайтарған екен.

***

– Кітап оқуды қояйын деп жүрмін. Өйткені қолға алған кітабымда кейіпкерлер көп, оқыған сайын адамдардан шатасып, кімнің кім екенін біліп болмайсың.

– Онда «Робинзон Крузоны» оқығаныңыз жөн...

***

Адвокаттың екі түрі болады. Бірі заңды жақсы біледі, ал біреуі сотты жақсы біледі.

***

Көк шайдың көмегімен арықтаудың дұрыс жолы – тау-шатқалдарға шығып оны теріп әкелу.

Ғасыр құпиясы

– Анау тұрған керемет данышпан адам!

– Апыр-ай,ә! Шамасы ғылым жолында басын тауға да, тасқа да соғып, талай ғылыми жаңалықтар ашқан ғұлама ғалым болды ғой.

– Жоқ, ә. Сiз қайдағы-жайдағыны айтпаңызшы. Оның ғылыммен еш шаруасы жоқ. Бiрақ академик.

 – Академик дейсiз бе? О, онда оңай адам болмағаны ғой. Қазақстан академиктерiнiң қатарын толықтырып жатса, бұл елiмiз үшiн өте қуанышты емес пе?!

 – Түу, сiз ақырынырақ сөйлеңiзшi, анау естiп қалмасын. Естiп қалса, бұлқан-талқан болып ашуланады.

 – Неге?

 – Қазақстан сияқты халқының саны 17 миллионнан аспайтын “шағын” мемлекеттiң академигi болу – ол үшiн құлақ естiмес ұят, қорлық, өлiм. Ол –140 миллионнан астам халқы бар Ресей Ғылым академиясының құрметтi академигi.

 – Астапыралла, не дейт! Сонда бұл ғұламаңыз Қазақстанды қойып, Ресей сияқты алып елдiң ғылымын дамытуға өлшеусiз үлес қосып жүрген керемет данышпан болып тұр ғой.

 – Түу, мен сiзге қашанғы айтамын. Оның ғылыммен еш шаруасы жоқ.

 – Шаруасы болмаса, қалай академик атанып жүр?

 – Бұл ендi бүгiнгi ғасырдың “құпиясы”. Оны ешкiмге айтуға болмайды.

Мен сiзге бұл ғұламаның бiр ғана қырын айтып тұрмын.

 – Немене, екiншiсi де бар ма?

– Болғанда қандай! Бұл данышпан –Жазушылар одағының мүшесi. Бiрақ өмiрiнде бiрде-бiр көркем шығарма жазып көрмеген.

– Не дейт?! Көркем шығарма жазып көрмеген дейсiз бе? Сонда қалай болғаны? Осы Қазақстан Жазушылар одағына кiм болса сол өтiп жатыр деп бiреулер бiрдеңенi бықсытып жүрушi едi. Сол рас болғаны ма?

 – Түу, сiз Қазақстан Жазушылар одағы деп бұл ғұламаны тағы да қорлап тұрсыз ғой. Ақырынырақ сөйлеңiзшi өзi, естiп қалмасын. Пәлесiнен аулақ, естiп қалса, талағы тарс айырылып, тап осы жерде ит терiңiздi басыңызға қаптауы мүмкiн.

 – Сонда қалай, бұл ғұламаны тағы да Ресей Жазушылар одағының мүшесi демексiз бе?

 – Жоқ, ә. Бiздiң бұл “әулиемiз” Ресейден де асып кеткен. Бұл –Ресейдiң де, Қытайдың да, Американың да емес, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесi. Сiз өзi “халықаралық” деген сөздiң мағынасын түсiнесiз бе? Яғни бұл бiздiң ғұламаның талантын бүкiл әлем, бүкiл дүние жүзi, мұхиттiң арғы-бергi жағы, жердiң “асты-үстi”, тiптi сонау Африканың ну орманындағы бұтына жапырақ байлап жүрген жартылай жабайы тайпаларына дейiн таныды, мойындады деген сөз. Сенбейсiз бе, сенбеуге қақыңыз жоқ.

 – Сонда бiрде-бiр көркем шығарма жазып көрмеген бұл ғұлама Халықаралық Жазушылар одағына мүшелiкке қалай өтiп кеткен?

 – Мана айттым ғой, бұл ендi ғасыр “құпиясы”. Оны тiс жарып ешкiмге айтуға да, бұған күмән келтiруге де болмайды.

  Бұл ғұламаңыздың аты-жөнi кiм?

 – Хасан ғой, Хасан Төлекейұлы.

 – Сонда бұл ғұламаға жоғарыдағы атақтар не үшiн қажет?

 – Осындай да сұрақ болады екен-ау. Ойбай-ау, бұл атақтар ол үшiн үлкен абырой, бедел емес пе! “Академик келе жатыр, жол берiңдер!”, “Халықаралық Жазушылар одағының мүшесi келе жатыр, дұрыстап қарсы алыңдар!”, “Ау, академик-жазушы 60-қа келiп қалды, ел болып, үкiмет болып ат шаптырып, тойлауымыз керек!” деп халық құрақ ұшпай ма? Әнеки, не үшiн керек?!

 – Сiз ендi, кешiрiңiз. Менiң ғұламаға сәлем берiп, қасиеттi қолын сүю бақытына ие болғым келiп тұр. Мүмкiн, “бiрдеңесi” жұғар.

 – Құдай сақтасын! Сiз не айтып тұрсыз? Ғұламаның қолын сүйетiндей сiз кiмсiз? Ау, өзiңiзге қарасаңызшы. Ресей сияқты алып елдiң академигiн, бүкiл әлем мойындаған Халықаралық Жазушылар одағының мүшесiн олай қорламаңыз, қорлатпаймыз. Оны ренжiтпеңiз, ашуландырмаңыз. Ол қазiр үлкен ой үстiнде тұр. Бiз айтып отырған екi атақ ол үшiн аз. Тап қазiр ол Халықаралық космановтар ұйымына қалай мүше болуды ойлап тұр.

 – Сонда қалай, космосқа ұшып көрмесе де ме?

 – Ол үшiн ұшу мiндеттi емес. Ол алмайтын қамал жоқ, ол таппайтын амал жоқ. Бұл сiзге де, бiзге де – ғасыр “құпиясы”.

Дамир ӘБIШЕВ

Қостанай

Múıisti júrgizetin Berik SADYR