Қоғам • 21 Қаңтар, 2019

Қатыгез бала қайдан шығады?

1437 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жасөспірім шақтың өзіне ғана тән қызуы мен максимализмі болатыны, соның әсерінен кәмелетке толмағандар арасында бір-бірімен төбелесу, әлімжеттік көріністері болып тұратыны белгілі. Әйтсе де оқушылардың өздерімен бірге суық қару, жиналмалы пышақ ала жүріп, бір-біріне оны жұмсайтын болса оған енжар, селсоқ қарай алмайсыз. Мұның өзі ата-аналар мен білім беру ошақтары және құқық қорғау органдары өкілдері бірлесе атқарар тәрбие жұмысында «бір кем дүниенің» бар екенін көрсетсе керек.

Қатыгез бала қайдан шығады?

Соңғы кезде өңірдегі орта мектептер мен колледж оқу­шы­лары арасында әртүрлі түсін­бес­тіктің салдарынан төбелес­ке шыққан оқушылардың бір-бі­рі­не пышақ сұғып алу деректері жиі кездесе бастады. Ай­талық, 2018 жылы өңірде осындай оқиғалардың бірнеше рет қайталанғаны, соның бірінде Ақ­төбе қаласындағы орта мектеп­тердің бірінің түлегі, «Алтын белгі» иегері, өзімен қатар оқыған сыныптасының кеудесіне пышақ сұғып, ол ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болғаны белгілі.

Әрине, адам өліміне себепші болған жасөспірім Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес жазасын алып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Әлбетте басты мәселе, басты гәп мұнда емес. Керісінше тәртібі де, сабақ үлгерімі де жақсы бағаланған жасөспірімнің бойында мұндай агрессивті мінез-құлық қайдан пайда болғанына жауап ізделуінде әрі оған жауап табылуында емес пе? Оқушылардың өздерімен бірге суық қару алып жүруінің деректері мен себебінің астарында қандай сыр бар? Осы сауалдардың астарына көз жүгірту үшін өңірдегі мүдделі ұйымдар тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілген де болар. Әйтсе де тұрғындар арасында жалпы сипат алмағаны, сөйтіп кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу алгоритмі әзірленбегені әмбеге аян.

«Мұртқа өкпелеп жүр­ген­де, сақал шықты» деген­дей биылғы жыл­дың басын­да қысқы каникулдан кейін мектеп­теріне оралған ақтө­бе­лік оқушы­лар­дың арасында жаппай тө­бе­лес тағы орын алды. 2019 жыл­дың 10 қаңтары күні сағат 16.00-дің кезінде жер­гілікті тұрғындар «ГМЗ» атап кеткен шағын аудан аума­ғындағы ескі зираттың тұсын­да жеткіншектердің тағы да жаппай төбелесу деректері мә­лім болды. Осы оқиға барысында 2002 жылы дүниеге келген Ақтөбе қаласындағы №22 мек­тептің оқушысы С.А. өткен жылы жоғары оқу орнының сту­денті атанған Е.Н. есімді жігіттің оң жақ иығына пышақ сұғып алған.

Ақтөбе облыстық ден­сау­­лық сақ­­тау бас­қармасы бас­шы­сының емдеу-профи­лак­тикалық жұмыс­тар жөніндегі орынбасары Гүлнәр Мәмбет­жанованың айтуына қара­ған­да, Е.Н.-ге жұмсалған пы­шақ кеуде мен өкпе тұсын жанай өтіпті.

облыстық ба­лалар ауру­­ха­­на­сына  таксимен жеткізілген оған шұ­ғыл ота жасалған. Емдеуші дәрі­гер­лер жарақаттың салдарынан жәбір­лену­ші­нің жүйке жүйе­сіне әжептәуір зақым кел­ген­ін айтады. Соның салдарынан қазіргі кезде оң қолының қозғалысы икемге келмей қалған екен.

Оқыс оқиғаға байланысты об­лыс­­тық полиция де­пар­та­менті, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ж.Макаревичке хабар­лас­қаны­мызда ол оның анық-қаны­ғы мен мән-жайын, орын алу себебін және түбегейлі сипаты жөнінде әзір­ге толымды ештеңе айта алмай­­тынын, бұған байланысты «Қыл­мыс­тық кодекстің» 293-бабының 3-тар­мағына сәйкес бұза­қы­лық және қадалғыш әрі кес­­кіш заттарды қолданып жа­сал­­ған бұзақылық бойынша сот­қа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Құқық қорғау органы өкі­лі­нің мә­лім­деуінше, кескіш зат­тарды қолдана отырып орын алған оқушылардың жап­пай төбелесіне қатысты деген күдікпен 20  жасөспірім ар­найы тергеу орындарына жеткізілген. Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы №22, №15, №13 және №42 мектептің жоғары сынып оқушылары мен облыс орталығындағы кейбір техникалық колледждердің тәрбиеленушілері бар. 

Біз жоғарыда аталған мек­теп­­тердің ди­­рек­тор­ла­ры­­ның тәрбие жұмыс­тары жөніндегі орынбасарларына хабар­лас­қаны­мызда, бұл мәселеде оқу ор­нында түсіндіру мен тәрбие жұмыс­тары жүйелі жүргі­зіле­тінін қай­та­лап айтудан ас­пады. Сонымен бірге олар оқу­шы­лар­дың жаппай төбе­ле­сіне өз мектептерінен қатысқан оқушылардың санын жоққа шығаруға әрі олардың кінәсіз екендіктерін айтуға тырысты.

Оқиғаны жасырудың орны­­на мектептегі жаппай төбелес­ке қатысы бар оқушы­лар­ға түсіндіру жұмыстары жүргі­зі­ліп, ата-аналар мен өзге де қоғамдық ұйымдармен тығыз бай­ланыс орнатылса алдағы уақыт­та орын алуы мүмкін оқи­ға­ның алдын алуға болмас па еді деген ой келеді.

Осы материалды әзірлеу бары­сында өңірдегі бірқатар тәрбие беру саласындағы белгі­лі тұлғалармен және пси­­холог-мамандармен ой-пікір алмасқан едік. Осы орайда ортақ әңгіменің арқа­уына айналған кейбір ұсы­ныс-тілектерді оқырман наза­­рына ұсынғанның ар­тықшылығы жоқ деп біле­міз. Ай­талық, психолог Айгүл Сүнде­­тованың айтуын­ша, ба­ла­­­лардың тызетпе, ашу­шаң болып өсуінің бір­не­ше себебі бар. Мұндай жайт генеологиялық сипаттар мен сәби дүниеге келгеннен  бастап отбасында тәрбиесіне де байланысты болуы мүмкін. Әрине баланың кекшіл болмай, көпшіл болып қалыптасуына мектеп пен ата-аналар ара­сын­дағы байланыстың оң ықпалы мол. Сондықтан да осы тұрғыда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының түйінін тар­қа­тудың әсері жоғары болмақ.

Сондай-ақ білім беру ісінің ардагері Данағали Кенжебаевтың айтуынша, әр­түр­лі төбелес пен атыс-шабыс, бір-бірін атып өлтіріп жататын детективті фильмдердің де бала психологиясына тигізетін жағымсыз жақтары аз емес.

Ал Ақтөбе қаласындағы «Бүркіт» патриоттық тәрбие клу­бы­ның жетекшісі Серік Сағиев­тың тұжырымдауынша, жасөспірімдерді қаты­гез­дік­тен бойын аулақ салу ісінде құқық қорғау органдары тиіс­ті шаралар атқаруы қажет. Мәселен, соңғы уақытта кейбір оқу­шылар өзін-өзі қорғау әрі өзіне әлдебіреулер орынсыз тиіс­кен кезде қорғану мақ­сатында кескіш және қадал­ғыш заттар ұстап жүреді екен. Әрине жасөспірімнің бұл ниеті басқа да өкі­ніш­ті әрекеттерге әкеліп соқтырмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан ал­да­ғы уақытта елімізде мұндай жағымсыз іс-әрекеттің алдын алу үшін білім беру орындарында алып кіруге және қолдануға болмайтын заттар тізімін белгілеу керек, дейді С.Сағиев.  

Ақтөбе қала­сын­да кескіш зат қолданған мектеп оқу­шы­ла­рының жаппай төбелесінен кейін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов арнайы отырыс өт­кізген болатын. Отырыста ай­тыл­ған мәселелер мен қой­ыл­ған міндеттер кәме­лет­ке тол­ма­ған­дардың ара­сын­дағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шара­лары және білім беру ұйым­­дарында қамқоршылық кеңес­те­рі­нің жұмыстарын жан­дан­ды­руға қаншалықты ықпал етеді, оны уақыт көрсетеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ