Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Медициналық көмекпен қамту саласында мәселе көп

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Мәжілісте вице-спикер, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен биылғы жылдың алғашқы фракция жиналысы өтті деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Медициналық көмекпен қамту саласында мәселе көп

Отырыс Мемлекет басшы­сының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қа­зақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында алғашқы ме­дициналық санитарлық көмек қыз­метінің қолжетімділігі мен сапа­сын арттыру мәселесіне арналды.

Фракция жетекшісі Гүлмира Исим­баева өзінің кіріспе сөзінде Партия Төра­ғасы Н.Ә.Назарбаев төртінші сессияның ашылуын­да және жыл сайынғы Жол­дауында алқашқы медициналық сани­тарлық көмекке (АМСК) қолжетімділікті, әсіресе, ауылдық жерлерде әрі қарай арттыру бо­йынша айқын және нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

Вице-спикер заң шығару­шы­лар­дың және Үкіметтің осы бағытта бірқатар жұмыс атқарға­нын да тілге тиек етті. Денсау­лық сақтау мәселелері туралы заң қабылданып, онда тегін ме­ди­циналық көмектің кепілден­дірілген көлемінің жаңа моделі заңнама­лық тұрғыдан бекітіл­ді. АМСК-ны қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Енді алғашқы медициналық қыз­мет­тер еліміздің барлық тұрғын­дарын толыққанды қамтама­­сыз етіп, тең қолжетімді болуы үшін ұйымдастырушылық, эко­но­ми­калық және практикалық шаралар кешені қажет.

Гүлмира Исимбаева бүгінгі таңда 1900-ден аса ауылдық елді мекен алғашқы медицина­лық-санитарлық көмекпен толық қамтылмағанына ерекше назар аударды. Бұдан басқа, 37 ауылдық елді мекенде жақын маңдағы меди­циналық пунктке дейінгі ара­қашықтық 30-дан 180 километрге дейін, ал белгіленген меже − 5 шақырым. Осыған байланысты фракция жетекшісі медициналық ұйымдар жүйесін дамытудың инфрақұрылымдық жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, вице-спикердің айтуынша, денсаулық сақтау ұйым­дары жүйелерінің нор­ма­тив­терін қайта қарап, ауылдағы тұр­ғындар саны ғана емес, елді мекендердің бір-бірінен алшақ­тығы, географиялық және табиғи-климаттық факторлары ескерілуі қажет.

Сонда ғана барлық тұрғын­дар­дың медициналық көмекке қолже­тімділігін қамтамасыз ете алатынын айтқан Гүлмира Исимбаева медициналық ұйымдар жүйесін дамытудың инфрақұрылымдық жоспарын пысықтау қажеттігіне тоқталды.

Жиналыста алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмек сапа­сын жақсарту бойынша қабыл­данып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева баяндады.

Отырыс барысында депутаттар − фракция мүшелері Зәуреш Аманжолова, Құралай Қа­ра­кен, Гүлнар Бижанова, Мұрат Те­мір­жанов, Ирина Унжакова, Кә­рібай Мұсырман, Нұртай Са­бильянов, Абай Тасболатов, Омар­хан Өксік­баев алғашқы меди­циналық­санитарлық көмек жүйе­сін әрі қарай жетілдіру бойын­ша нақты ұсыныстар енгізді. Атап айтқан­да, денсаулық сақтау ұйымдары жүйе­лерінің норма­тивтерін гео­гра­фиялық және та­биғи-климат­тық фактор­ларын ескере отырып қайта қарау­ды, АМСК шең­берін­де медици­налық қызмет­тер­дің оңтайлы тізімін қабыл­дауды, денсаулық сақтау объекті­лерінің бірыңғай картасын пы­сықтауды, автомобиль жол­дарын денсаулық сақтау объек­тілеріне икемдеп салуды, ауылдық жерлерде жедел жәрдем автомобильдерін жаңарту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.

Іс-шара қорытындысы бойынша алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек қызметінің сапасын арттыру мен қолжетім­ді­лігін уақтылы қамтамасыз етуге байланысты бірқатар ми­нистрліктер мен жергілікті ат­қару­шы органдарға ұсынымдар тапсырылған фракция қаулысы қабылданды.