Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Агроөнеркәсіп цифрландырусыз алға баспайды

550 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіп кешені алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – бес жыл ішінде еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыру. Былтыр өңір бойынша 464 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 64,2 миллиард теңге инвестиция құйылды. Соңғы бес жылда бір АӨК қызметкеріне шаққанда еңбек өнімділігі 1,2 миллион теңгеден 2,4 миллион теңгеге жетті.

Агроөнеркәсіп цифрландырусыз алға баспайды

Бәзбіреулер үшін жалаң дерек, құрғақ цифр болып көрінгенімен, астарында қаншама қажырлы еңбек, маңдай тер жатқанын, ұй­ым­дастыра білгеннің ісі өнік­ті, жұмысы берекелі екенін аң­ғару қиын емес. Қызылжар – топы­рақ құнарлығының бони­теті 50-55 па­йызды құра­ғаны­­мен, жазы қысқа әрі құбыл­ма­лы келетіндіктен ауа райына тәуел­ділік ықтималдығы жо­ғары өңір. Өкінішке қарай, кей шаруашылық жетекшілері теріс­кей­дің қатал табиғи-климаттың жағдайына мойынсұнғандай өсімді молайтудың, өнімділікті есе­­леу­­дің орнына қолда барды ғана қанағат тұтумен шек­те­­ліп жүр. Замана талапта­рын ес­­кер­меудің, іргелі із­ден­іс­­тер­ге бар­маудың ақыры банк­­ротқа ұшырататын жайттар аз кездеспейді. Егіншілік мәдение­­тін жетілдірумен жүйелі айналыспау, ауыспалы егіс жүйесін сақтамау, астық саласын әртараптандырмау салдарынан бір миллион гектарға жуық егістік жерлерге иелік еткен «Богби», «Трансавто» секілді алпауыт фирмаларда жалақыны кешіктіру, жұмыс орындарын қысқарту секілді көптеген әлеуметтік тең­ге­рім­сіздік қалыптасқан. Әлі күнге дейін еңбекақыларын даулап жүрген тұрғындар аз емес.

Тайын­ша ау­данында «Терновское» серік­тестігі әр гектардан небәрі 6 цент­нер өнім алса, «Тайынша Астық» ЖШС 20 центнерден айналдырған. Сондықтан да бүгінгідей жаһандану үрдісінде ғылым жетістіктеріне, озық агро­тех­нологияларға арқа сүйе­мей өндірісті алға бастырамын, же­тіс­­тікке жетемін деу бос сөз шыр­мауында қалу екенін жер­гі­лік­ті тәжірибелер анық ұқтырып отыр. Заман талабы ұсынған осындай маңызды қағидаттардың бірі − ауыл шаруашылығын цифрландыру. Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың зор мүмкіндіктерін айқындап берген «ақылды технология­лар­ды» егіншілікте, мал шаруа­шы­лығын­да қолдану өз жемісін бере бастады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «цифр­ландыру деген­іміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнімді арттыру, міне, осы мақсат», деген талаптарын басшылыққа алған өңірдің тауар өндірушілері агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғы­дан жаңғыртудың игілігін көріп келеді.

– Солтүстік Қазақстанның қол жетпес байлығы – ауылшаруа­шы­лық жерлері, оны тиімді игеру, дұрыс пайдалану өте ма­ңыз­ды. Облыс тұрғындарының жартысынан астамы елді мекендерде тұрады, 100 мыңға жуығы аграрлық салада еңбек етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ла­масы шеңбе­рін­де ауыл шаруашылығын дамы­ту­дың кешенді жоспары түзіліп, шығын­дар­ды азайтудың, уақыт, қаржы үнемдеудің, жедел ақпараттар мен қызметтер алмасудың, құжат ресімдеудің, жұмыс күшін тиімді пайдаланудың жетілдірілген, оңтайландырылған жолдары қарастырылған. Бүгінде егіс алқаптарының электронды картасы құрылып, оған 1,9 миллион гектар егістік, 4,6 миллион гектар шабындық жер енгізілген. 107 шаруашылық егін егу мен астық жинаудың, уақытын болжаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, өсімдік зиянкестерімен күресудің жолдарын күні бұрын анықтап, тиісті шаралар қабылдап отырады. Сөйтіп жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде атқарылуы дұрыс жолға қойылды. Сон­дай-ақ дәлме-дәл егіншілік жүйе­сі де еңбек өнімділігін арт­тыруға айтарлықтай әсер етіп отыр. Егіс кешендері арнайы бағдарламалар арқылы жанар-жағармай шығынын, бас­тырылған астықтың көлемі мен сапасын нақты есептей алады. Мал шаруашылығына да басымдық берілуде. 17 цифр­лы ферма жұмыс істейді. Келешекте олардың саны 200-ге дейін көбейеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Оның айтуынша, цифрлы жүйені қолданудың арқасында биыл еңбек өнімділігі  – 7, астық түсімі 5 пайызға артқан. Ет өндіру − 10,3, сүт − 3,2, жұмыртқа 27,9 пайызға молайған. Алда экспортқа өңделіп шығарылатын азық-түлік өнімдерінің мөлшері 142,4 миллион долларды құрамақ. Бір адамға есептегенде еңбек өнімділігі 6 миллион теңгеге дейін арттырылмақ.

Ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлерінің кәсіби мерекесіне орайлас өткен салтанатты жиында ауыл шаруашылығы сала­сына цифрлы технология­ларды жүйелі енгізгені үшін «Атамекен Агро» АҚ арнайы аталымға ие болды. Ак­цио­нер­лік қоғамның бас директоры Кентал Есләмовпен сөй­лес­кенімізде, ол егіншілікпен, мал шаруашылығымен, құс өсіру­мен айналысатындарын, 3 мыңға жуық адам еңбек ете­тін­ін, жер өңдеп, астық сапасын арт­тыру­дың тиімді тәсілдері жетік меңгерілгенін жеткізді. Соңғы үш жылда астық жинау техникасы паркі 45 пайызға жаңарған. Биыл 7 миллиард теңгеге 36 трактор, 17 дән себу кешені, 45 комбайн сатып алынды. Техникалардың электронды есебі жасалған және компьютер арқылы басқарылады. Элеваторларда астық қабылдау құжаттары осы үлгіде толтырылады. Алқаптардың электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер пайдаланылады. «Астықты аймақтың әлеуеті мен мүмкіндіктері орасан. Шетелге тәуелділіктен құтылу үшін алдымен ішкі нарық­тағы азық-түлік қауіп­сіздігін қамта­масыз етуге бас­ым­дық беруіміз керек. Бұл орайда кез келген бағдарламаның, бизнес жоспардың технологиялық тұрғыдан жетіл­ді­рілген нұсқа­ла­рын цифрлы жүйемен тығыз ұштастыру бірден-бір дұрыс қадам саналады», дей келіп, тәжірибелі басшы «ақылды технол­огиялардың» басқа да жетіс­тіктерімен бөлісті.

«Тайынша Астық» агрофир­ма­сының бас директоры Ана­то­лий Рафальскийдің п­ікір­інше, жерге қатысты тұты­ну­шы­­лық көз­қарасты жоюда, қарым-қаты­насты өзгертуде ин­но­вациялық сипатқа ие бағдар­ла­ма­лардың тиімділігін, ауыл шаруашылығына берер зор пайдасын айтпағанда әлі күнге дейін мән-мағынасы мен қадір-қасиетін жете сезінбей жүрген тәріздіміз. Бәзбіреулердің мемлекет тарапынан берілетін субсидиялық жеңілдіктерді тегін келген олжадай санайтынын, ұтқыр уақытпен ілесе келген жаңалықтарды ескере бермейтінін жасырмайды. «Цифрлан­дыру­дың адами факторға, ауа райына тәуелділікті азай­татын артық­шы­лықтарын білгенімізбен, кей әріп­тес­тері­міз­дің әрекеті Кеңес Одағын еске түсіреді. Әлі күнге дейін әбден тозған, ескірген техни­ка­лар­ды пайдалануы, алға қар­ай ұмтылмауы, экстенсивті шаруа­шылық жүргізуден аса алмауы еш ақылға сыймайды. Ондайлар «балапанды күзде санар» шақта өзін емес, ауа ра­йын, басқаларды кінәлап шыға келеді. Біздің агрофирмада алқаптарға спутник арқылы мониторинг жүргізу, малға чип тағу, фотобей­не есептер енгізілген. Дәлме-дәл мал шаруашылығы элементтерін қолдану арқылы азықтандырудың, сауылатын сүттің мөлшерін анықтасақ, әуе дрондары, квадрокоптерлер, жер серігі арқылы жердің құнарлығы, тыңайтқыштарды қанша мөлшерде сіңіру, өсіп кеткен арамшөп түрлері бойынша толық сипаттамалар алынады. «GPS» құрылғылары орнатылған егіс кешендерінде, комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі. Зығыр, рапс секілді пайдасы мол майлы дақылдардың өзіндік құнын анықтау жұмыстарын автоматтандыратын модульді енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды», – дейді А.Рафальский.

Анатолий Брониславович шетелде білімін шыңдап, көп нәрсені көкейге түйіп қай­тып­ты. Ол «Қазақстанмен табиғат жағдайы ұқсас елдердің жетіс­тік­теріне таңырқап, тамсана бер­генше озық дәстүрлерінен үй­ренген абзал. Өндіріске енгізу үшін алдымен техникаларды жаңалап алу керек. Сонда ғана ауыл шаруашылығы саласы жаңа сапаға көтеріледі. Заманауи техникалардың «тілін» білетін мамандар даярлау да − өзекті мәселелердің бірі. Осы жағына жете көңіл бөлген жөн» деген пікірін алға тартты.

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылым­дары­ның докторы Әйіп Ысқақ бол­са, аграрлық секторды эко­но­миканың жаңа драй­веріне айналдыру бағытында мем­­ле­кет­­тік бағдарламалар қа­был­­­­данғанын, оның бір ба­ғы­ты өндірісте сұранысқа ие аг­рар­лық ғылыми-зерттеулерге салы­на­тын инвестиция көлемін арттыруға негізделгенін айтады. Ет, сүт өнімдерін экспорттайтын елге айналудың басты бір шарты – сапалы жемазық әзірлеу. Мал азығы негізінен жайылым-шабындықтардан дайындалады. Олар жаңартылмағандықтан, күтім жасалмағандықтан өнім­ді­лігі, қоректік қасиеті төмен, ақуыз тапшы. Пішен, пішендеме, сүрлем сияқты жемшөп қорының аздығы салдарынан каротин, қант, тағы басқа биологиялық белсенді заттар жетісе бермейді. Өңірде біржылдық және көп­жыл­дық мал азығына деген қа­жет­­тіліктің 15 пайызы ғана өте­­леді. Арнайы егіліп, баптап өсірі­летін мал азығының сапасы мен көлемін ұлғайтуда табиғи-кли­мат­тық жағдайға бейімделген тұқым шаруашылығын қалып­тас­тыру­дың, бұл салаға да цифр­ландыру бағдарламасы енгізу­дің, бір­лескен жобаларды жүзеге асы­ру­дың мәні айрықша. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінде ауыл шаруашылығын цифр­ландыру тақырыбында өткен халықаралық алқалы басқосу ғалымның суармалы жерлерді үдемелі игеру цифрландырумен тікелей байланысты деген ойының өзектілігін дәлелдей түседі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы