Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Сапалы жолды сақтаудың әлегі

436 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Павлодар облысы көлік бақылау инспекциясының мәлі­метін­ше, өткен жылы 2 мыңнан астам ауыр жүк көлігінің жүргі­зу­шілері жол ережелерін бұзған. Жүк артқан 700-дей көліктің салмағы рұқсат етілген көрсеткіштен артық болып шыққан. 

Сапалы жолды сақтаудың әлегі

Қазір өңірдегі көлік инс­пек­­циясының өкілдері жүк тасы­малдауға қатысты заңнаманың қатаң сақталуын қолға алуда. Сол үшін көмір тасымалдаушыларды Көлік бақылау инспекциясымен қатар, жергілікті полицейлер де тексере бастапты. Енді ірі кәсіпорындардың көліктері де, жеке тасымалдаушылар да артық жүкпен жүре алмайды. 

Алайда үнемі қара жолда жүретін жүргізушілердің айтуынша, кейбір ірі кәсіпорындарға қарайтын ауыр көліктер көмірді асыра тиеп алады екен. Тіпті осы көріністерді бейнетаспаға түсіріп, «заң талаптары бәрімізге бірдей болса, кейбіреулер неге орындамайды?» деп наразылық білдіре бастады.

Таяуда тасымал­дау­шы­лар­дың наразы топ өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жа­зылбек қабылдады. Кездесуде жүк тасымалдаушылар, көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция өкілдері ауыр жүк тасымалдаудың заңдылықтарын, кеніштерден көмірді шығарып, оны тұтынушыға жеткізу мәсе­лелерін талқылады.

– Бізде 12 мың тонна көмір қоры дайын. Қазір «Майкөбе» кеніші темір жол арқылы тасымалданатын көмірдің бағасын арзандатты – тоннасы 6260 теңге. Көмір темір жол тұйығындағы қоймаға жеткізіледі. Ол жерде көмірдің тоннасы 8,5-9,5 мың теңгеден сатылады. Сон­дық­тан тасымалдаушыларға «Май­кө­беге» барып, тәуліктеп кезекке тұру да қажет емес, – дейді Ұ.Жа­зылбек.

Яғни, тасымалдау ережесіне сәйкес, көмірді көлікке сый­ға­нынша тиеп алуға болады. Ол үшін көлік бақылау инспекция­сынан 6 ай мерзімге берілетін анықтама сатып алу қажет. Жол бойында көмір шашылмауы керек. Апатты жағдайды болдырмас үшін көлікке жабынды қажет. 

Машина техникалық та­лап­тарға сай болса, ешкім жүргізушіге кедергі жасай алмайды.

Облыс әкімі орынбасарының ай­туынша, мәселе өңірдегі респуб­ликалық, облыстық маңыздағы жолдарды сақтап қалу ісіне келіп тіреледі. Көмірді асыра тиеп алатындар заңға сай тасымалдауға көшкен. Ал ірі компаниялардың көмірді көлікке артық тиеу үшін рұқсат құжаттары бар көрінеді.

Алайда бұл жағдай еліміздің «Авто­мобиль көлігі туралы» за­ңына қайшы келеді. Өйткені ауыр жүк таситын кө­ліктердің басым бөлігі тиісті мөлшерден артық жүк тиеп алса, бұл жолдардың тез тозуына әкеледі. Заң­да тиісті салмақ параметрін сақта­ма­ғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 6-9-тармақтары бо­йынша жауапкершілік қарас­ты­рылған. Жүк тасымалдау қағи­даларына сәйкес, еліміздің автомобиль жолдарында рұқсат етіл­ген салмақтан асатын ауыр жүк­терді тасымалдауға болмайды. Көлік бақылау инспекторлары осындай фактілерді анықтаған жағ­дайда кодекстің 571-бабы 2-1-тар­мағы бойынша әкімшілік хат­тама толтыратыны туралы ай­тылған. 

Өңірдегі прокуратура өкіл­дері­нің пікірінше де шектен тыс артық жүкпен жүруге арна­йы рұқсат қағаз беруге тыйым са­лынуы керек. Жол бойында ше­телдік тасымалдаушылар да аз емес. Сондықтан еліміз­дің Ин­вес­тициялар және инфрақұрылымдық даму ми­нис­тр­лігінің Көлік комитеті, өңірлік бөлімдер ауыр жүк тасымалдайтын шетелдік, отандық кө­лік­терге тұрақты бақылау жүргізеді. Ал кө­ліктерді бақылау алдымен отандық та­сы­мал­даушылардың мүддесін қорғауы қажет. 

Жергілікті көмір тасымал­дау­шы­лардың жанайқайлары да себепсіз емес секілді. Өткен жы­лы Мәжілісте «Көлік саласын реформалау туралы» заң жоба­сы таныстырылған-ды. Құжат­та саладағы әкімшілік тосқауыл­дарды жоюға, жұмыс сапасын арт­тыруға, тағы басқаларына бағыт­талған мәселелер қарастырылған. Елі­міздің автомобиль жолдарын­да көліктерді жаппай тоқтату тәжі­рибесінен бас тарту, тексе­ріс жүргізу үшін арнайы автомат­тан­дырыл­ған құралдарды қолдану мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл жа­ңашылдық 100 мың ауыр жүк көлігін тоқтатудың алдын алуға, көліктің жүру жылдам­дығын арттыруға және сыбайлас жем­қор­­лық тәуекелдерін азайтуға мүм­кіндік бермек. Сандық жү­йеден алынған мәлі­мет­тер тасы­мал­даушыда рұқсаттама құжат­­тары­ның бар-жоғын, техникалық байқау­дан өткен-өтпегенін білуге және төлен­беген айыппұлдарды анықтауға мүмкіндік береді.

Осыған сәйкес, жергілікті көмір тасымалдаушылар тара­пы­нан туған наразылықтың заңна­ма­лық тұрғыдан ғана шешім таба­тынын көрсетіп отыр. Бұл кеніш­тердің қожайындарына да қа­тысты. Өткен жылдың жазын­да облыстық әкімдікте Инвести­циялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орын­басары Самат Ғылымовтың қаты­суымен жиын өткені есіміз­де. Сол жиында облыс әкімі Бо­лат Бақауов жол жабындысын бұзатын ауыр жүктерді тасымал­дауға рұқсат құжаттарын бермес бұрын, тасымал барысына сараптама жүргізуді ұсынған-ды. Әкім кеніштерден көмір тиеу кезін­де құқық бұзушылықтарға жол бер­меуін қадағалауды, артық көмір тиегендері үшін кеніш­терді жауапкершілікке тарту­ды тапсырған еді. Кейін әкім­дік тарапынан қаржы бөлініп, ар­тық жүкті бақылау үшін арнайы жабдықталған көлік те са­тып алынды. Бұл көліктер кө­мір, ұсақ тас тасымалданатын Екі­бас­тұз, Баянауыл, Майқайың мен Қал­қаман арасындағы тас жолға бақылау жүргізеді.

Көлік комитетінің мәлі­ме­тінше, елімізде көлікті бақы­лау рә­сім­дерін автоматтандыру мақ­сатында арнайы автоматтан­ды­рыл­ған өлшеу құралдарын қол­да­нысқа енгізу жалғасуда. Бұл сал­мақ параметрлеріне қатысты заң бұзушылықтарды азайтуға мүм­кіндік береді. Автомобиль жол­да­рының сақталуына оң әсер етеді. 

Жалпы, облыстық көлік ба­қылау инспекциясының мәлі­метінше, өңірде 1300-ге жуық ауыр жүк көлігі тіркелген. Былтыр салмақ пен көлем параметрлерін асырғаны үшін жүргізушілерге қа­тысты 612 әкімшілік іс толты­ры­лып, 39 миллион 270 мың тең­геден астам айыппұл салынған. Кө­лік бақылау инспекциясы өкілдерінің айтуынша, ел аума­ғында ірі габаритті және ауыр сал­мақты жүктерді тасымалдауға қа­тысты тиісті заңнамада бар­лық талап егжей-тегжейлі жа­зыл­ған. Соған қарамастан заң бұзу­шы­лықтар азаяр емес. Облыс әкімдігі тарапынан шара қолда­ныла бастағаннан кейін ғана өткен жылғы қателіктерін қай­таламай, арнайы рұқсат қағаз алуға асыққандар да көбейіпті. Мысалы, былтыр бақылау бекет­терінде жүк тасымалымен айналысатын 15 мың көлік тексеріліп, 2933 жүргізуші ереже бұзғаны анықталған, айыппұл көлемі 90,4 миллион теңгеге жеткен.

Көлік инспекциясының өкілі Самат Ғылымов: 

– Кен орындарында жүктің салмағын өлшейтін құрылғы болуы керек, көлікке сыйғанша тиеп жөнелте беретін кен орындары жауапқа тартылып, тіпті лицензиясынан да айырылуы мүмкін, – дейді.

Жалпы, еліміздегі тасымалдау қызметіне тапсырыс берушілердің шарттарына орай, оларға тек темір жол қызметін пайдалану да ұсынылады. Бірақ өңір­дегі кеніштерден шыққан көлік­тер ауылдарға, аудандарға көмір­ді, басқа да жүктерді жол ар­қылы ғана жеткізе алады. Ал республикалық, облыстық, аудан­дық маңыздағы жолдардың тез бұ­зылмауы үшін мәселе ауыр жүк тасымалына арналған айналма жолдар салуға келіп тіреледі.

Сонымен, кінәні кімнен із­дей­міз? Облыста «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша жолдарды жөндеу үшін былтыр жергілікті бюд­жеттен – 9,5 млрд теңге, 2017 жылы – 12,4 млрд теңге бөлін­ген. Жөндеу жүргізілгеннен кейін аз уақыт ішінде жолдардың ойдым-ойдым шұңқырға айналуына ауыр жүк тасымалы әсер етуде. Тасымалға тапсырыс беруші мен жүк тиеуші компания өкілдері жүк салмағына шектеу қойды делік. Мәселе сонымен шешіле қала ма?! Жолдардың сапасыз салынуы сынды өзекті мәселе онымен шешімін таппайтыны түсінікті. Бұл үшін жол құрылысымен айналысатын мердігерлердің жұмысын қатаң қадағалап, жауапкершілікті арттыру керек. 

Екіншіден, кен өндірумен және тасымалдаумен айналыса­тын кәсіпорындардың өздеріне қо­сымша жол салып алуы, не бол­маса ақылы жол жүйесін енгі­зу арқылы да мәселенің түйі­нін тарқатуға болады. Қазір­гі қалыптасқан ахуалға көз жүгірт­сек, табиғи ресурстарды пайдалануды реттеуші мекемелердің, экологиялық ұйымдардың тарапынан қатаң талаптар қолға алынса ғана автомобиль жолдарын сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы