Білім • 22 Қаңтар, 2019

Мұғалімдер зейнет демалысына ерте шыққаны жөн

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ұстаздық – ұлы қызмет» деген нақыл сөз­ге мән беріп көрсек, мұғалімдіктің жауап­кер­шілігі жоғары, қоғамда үл­кен салмағы бар жұмыс еке­нін көреміз. Соған қарай бұл қыз­меттің өлшемі мен бағасы да лайықты болуы керек. 

Мұғалімдер зейнет демалысына ерте шыққаны жөн

Елбасымыз қоғамдағы мұға­лім мәртебесін көтеру туралы заң қабылдауға ұсыныс берді. Қоғам, көпшілік, ұстаздар осы заңның дұрыс қабылдануына атсалысып жатыр.

Жалпы мұғалімге мемлекет тарапынан мүлде қолдау жоқ деген ойдан аулақпыз. Себебі реформалар арқылы білім же­­тіл­діру кезең-кезеңімен жү­зе­ге асырылып келеді. Соған сай бір­тін­деп үстемақы қосылып та жатыр. 

Дей тұрғанмен, осы ретте бірнеше ұсыныс айтуға бола­ды. Атап айтқанда, апта­лық жүктемені азайту. Бұл – жаңар­тылған білім беру бағдар­ла­ма­сының талабы. Қысқа мер­зімді жоспар жасау, сабақ зерт­теу, тиімді жүргізу, табыс­ты оқу­шыға жету шынайы­лық­ты, уақытты, алдын ала ойлану мен әзірлікті талап етеді. Критериалды бағалау, белсенді оқу мен оқыту, оқытудағы саралау, оқу мен оқытудағы жаңаша тәсілдер, бағалау тапсырмаларын әзірлеу – қазіргі оқытудың басты талаптары. Мұны игеру үшін мұғалім бұрынғыдай 5 немесе 3 жылда бір рет емес, жыл сайын білімін жетілдіруі керек. Бұл ретте біліктілік курс­тары мемлекет тарапынан тегін әрі жүйелі оқытылуда. Бұған жергілікті құзырлы ұйымдар, мектеп әкімшілігі дұрыс көзқа­рас­пен қараса дейміз. Себебі Елба­сы­мыздың «Өмір бойы білім алу кредоға айналуы тиіс» деген ойы ақиқатқа айналып келе жатыр. 

Әрине, келесі мәселе – жал­ақы­ны көбейту. Жас маман­дар 60 мың теңге айлықпен қалай күн көреді? Жасыратыны жоқ, бұл мамандар ата-анасы, туыс­тары­ның көмегімен қалт-құлт етіп күн кешуде. Айтуға ұялатын сынып жетекшісінің ма­р­­дым­сыз ақшасы тағы бар. «Шынымен елімізде бұл қыз­мет­тің өлшемі мен бағасы осы ма?» «Әлде шетінен осыған тұрар­лық ма­мандар мен адам­дар ма?» де­ген сауал әр көкіректе сайрап тұр. 

Бүгінгі ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу өте қиын да нәзік құбылысқа айналды. Үдеріс болған жерде дау-дамайлар, келіспеушіліктер болады. Бұл көбінесе ата-ана мен оқушы пайдасына шешіліп жатады. Сол кезеңде мұғалім не басшысынан, не әріптесінен қолдау көре алмай бейшара күн кешетіні рас. Мұғалім құқығын қорғау әбден керек. Осы мәселені естіп қуанып қалған жағдайымыз бар. 

Сондай-ақ республика дең­гейінде атақ алған мұ­ға­лім­дерге де үстемақы қарас­тырылуы керек. Себебі аталған деңгей­ді олар күні-түні қағаз кемі­ріп, оқу­лықпен қоса, оқу-әдісте­ме­лік кешен, құралдар жазып, байқауларға қатысып, шәкірт­терін бәйгеге қосып бағын­дыр­ды. Онымен қоса жыл сайын onlinе тәрті­бінде сабақ береді. 

Мұғалімнің денсаулығы да назардан тыс қалып қояды. Жыл сайын бір мәрте толық меди­ци­налық тегін ем мен алдын алу шаралары мемлекет тара­пынанан ескерілсе екен дейміз. Қоғамдық көлік­те жүруге мұғалімдерге пайыз­дық жеңілдік жасалуы тиіс деп ойлаймыз. 

Зейнеткерлік жастың мұға­лім­дер үшін басқаша қарас­ты­рылып жатқанын құптаймыз. Мұғалімді құрметті демалысқа ертерек шығарғаны дұрыс. С­ебе­­бі күнде өзгеріп жатқан қо­ғам­­да жас ұрпаққа білім мен тәр­­бие беру күш-жігері бар ла­йық­­­ты мамандардың қолында бол­ғаны жақсы.

Гүлмира Рыскелдиева,

Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі  орынбасары

АЛМАТЫ