Медицина • 22 Қаңтар, 2019

Мұғалім жүктемесі заң аясында сақталмайды

6215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Жолдауынан кейін мұғалім мәртебесі туралы әртүрлі ұсыныстар талқылана бастады.

Мұғалім жүктемесі заң аясында сақталмайды

Ең бірінші орында – мұғалімдердің зейнет жасы мәселесі. Расында, қазір білім саласындағы реформа, кездесетін қарама-қайшылықтар, жергілікті орган­дардың жауапсыздығы мен заңды орындамауы, «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында енгізіліп жатқан, әсіресе kundelik.kz электронды журналын тол­тыру мәселесі жүйкені жұқартып жібер­гені рас. Бұл туралы кейінірек тоқ­таламыз. Мұғалімдердің ішінде зейнет жасына жетпей зейнетке шығып бір-екі жылдан кейін өмірден өткен ұстаз­дарымды көргенде, бір жағынан тағдыр шығар дегеніммен, ойлануға тура келеді. Сондықтан мұғалімнің зейнет жасын қысқарту – кезек күттірмейтін мәселе. 

Екінші орында – материалдық-тех­никалық база. «Білім туралы» заң бо­йынша мектептерді керек-жарақпен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органның еншісінде. Мектептерге кеңсе тауарлары, принтер, компьютер жөндеу, картридждерді ауыстыру, тіпті оған сия құюды да жергілікті атқарушы орган «Білім туралы» заңының 6-бабына сәйкес беруі тиіс. Бірақ бұл көп жерде берілмейді, заң орындалмайды. Бәлкім сотқа беріп, заңды құқығымызды талап ету керек шығар. 

Үшінші орында тұрған мәселе – мұғалімдердің баспасөзге жазылуы туралы. Бұл туралы бұрыннан айтып келеміз. Мұғалімді газеттер мен журналдарға ешкім мәжбүрлеп жаздыра алмайды. Мәжбүрлеген адам заң алдында жауапты. Бұл еліміздің Конституциясы бо­йынша жеке азаматтардың құқықтарына қол сұғу және кемсітушілік сипатта қарастырылады. Қылмыстық кодекс бо­йынша жауапқа тартылады. Мәжбүрлеген адам бұл үшін бас бостандығынан да айы­рылуы мүмкін. Өкініштісі, біз заңға жүгіне бермейміз. Баспасөз мәселесі тікелей мұғалімнің өзіне байланысты. 

Төртінші орында тұрған – сенбіліктер. Бұл – Кеңес Одағынан қалған сарқыншақ әдет­тердің бірі. Ол кезде мұны ақша үнем­деу үшін жасайтын. Қазір жетпей­тін ақ­шаның орнын жабу ма дейсің. Қар­сы­лық жоқ, тазалағысы келгендер бара берсін, бірақ сабақтан тыс уақытта. Соны­мен қатар мектептің маңайы­ның шөбін жұлу сияқты «қызметтер» де қосылып кеткен. Жұмыс беруші мұғаліммен жасалған келісімшартта көрсетілмеген жұмысқа мұ­ғалімдерді жегуге құқығы жоқ. Соны­мен қатар бұл туралы Ата Заңымызда, Білім туралы заңда көрсетілген. Енді мұғалім өзі талап ете алмаса, айтпаса кім кінәлі? Педагог қызметкерлерді өз қызметімен байланысы жоқ жұмыстарға салуға ты­йым салынған. Мереке (демалыс) күндері кезекшілікке қою да заңға томпақ келеді. Қойылған адамға қосымша ақша төлену керек немесе басқа күндер есебінен демалыс берілуі керек. 

Бесінші орында – қағазбастылық. Министрлік қағазбастылық азаяды дегені­мен, жаңартылған мазмұндағы білім беру реформасы қағазды азайта алмай отыр. Бұрынғыдан екі еселенді десек те болады. Сабақ сайынғы формативті бағалау, бө­лім­дік жиынтық бағалау, тоқсандық жиын­тық бағалау, т.б. қағазды көбейте түспесе азайтқан жоқ. Әзірге мұғалім­дер интернетте НЗМ дайындаған осы дү­ниелерді тапсырып жүр. Интернеттен мұға­лімдер ғана емес, оқушылар да алуды үй­ре­нді. Жиынтық бағалауды әр мұғалім негізі өзі де жасауына болады. Бірақ уақыт­тың тапшылығы қолбайлау болып тұрғаны.

Алтыншы мәселе – kundelik.kz сайты арқылы толтырылатын электронды журнал мәселесі. Кейбір жерлер екеуін де толтырып отыр. Бұл жобаны тікелей мұғалім қалтасын қағуға келген бе дерсің. Шет аудан түгілі қаланың іргесінде тұрып интернет мәселесі шешілмеген жерлер бар. Интернет іздеп сабылған мұғалім. Кейбірі өзінің қалта телефонынан кіріп, кейбірі басқа жақтан әріптестерін көмекке шақыруға мәжбүр. Оның үстіне рейтинг қуалау деген тағы бар. Неге мұғалім күнделікке кіргісі келмейтін ата-ана мен оқушының (жағдайы келмеуі де мүмкін) орнына кіріп клоун болуы керек?! Электронды күнделікке кірмейтін ата-ана үшін журналға түсіндірме жазуы керек? Бұрыннан айтып келеміз, алдымен мектептердің жағдайын жасау керек.

Жетінші – жұмыс аптасы туралы. Қазір мектептерде бес күндік жұмыс аптасы. Мұғалімдер үшін алты күндік жұмыс аптасы. Заң не дейді? Мұғалімнің ақша төле­ніп отырған сағаты – 18 сағат. Басқа еш­теңеге төленбейді (қосымша жұмысы бол­­маса). Аптасына 40 сағат жұмыс уа­қы­ты делік. 18 сағат астрономиялық сағат­қа тол­майды. Осы уақыттың ішіне мұ­ға­лім­нің мектепте жүрген уақыты (үзі­ліс) жина­лыс­тарға қатысуы, дәптер тек­серу, шара­ларға қатысуы, үйде сабаққа дайын­дал­­ғаны, түннің ортасына дейін ұйқы көр­мей электронды журналды толтыруы, бар­лығы осы 40 сағаттың ішіне кіре­ді. Сон­да мұғалімнің жұмыс уақыты 40 са­ғат­тан асып кетеді. Ал директорлар бол­са сенбі күні де мұғалімдердің мектепте жүр­­генін қалайды. 5 күндік сабақ деп 8 са­­ғат сабақты 5 күнде «қылқынып» өт­кен­­­нен гөрі 6 күн өткен әлдеқайда жеңіл. Сон­дық­­тан мектеп директорлары да ойланулары керек.

Білім саласында көлденең көк атты­лардың медаль саудасына тыйым салу керек.

Білім және ғылым министрлігі мек­теп­­терді әкімдіктерден бөліп алса деген де ұсыныс жиі көтеріліп жүр. Сон­да бар­лығ­ын әкімдікке ысыра салып отырмас еді. Әкімдік те мектепке қарап тегін жұмысшы іздеп «ұлымас» еді. Соны­мен қатар биылдан бастап мектеп дирек­тор­ла­рын сайлау бастамасы да көтері­ліп жатыр. Дұрыс, дегенмен мектеп дирек­торын мұғалімдерге сайлату керек. Мұға­лім сайлаған директор әкімдерден гөрі мұға­лім­дердің жағдайын ойлайды.

Енді бір мәселе – аттестациялық тестілеу мәселесі. Тестілеумен мұғалімнің дәрежесін өлшейтіндей мұғалім ақпарат тасымалдаушы емес, ол – оқытушы! Көрінгеннің проектісінде, құжатында көрсетілген дүниені білуге міндетті емес. Әркімнің өз методикасы, негізге алып отырған ақпарат көздері бар. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, өзінің методикасын дәлелдеуі керек. Сондықтан біліктілікті тестілеумен өлшеген дұрыс емес. Қазіргі заманда ақпарат күнде өзгереді. Кез келген ақпаратты әркім әр жерден ала алады. Мұғалімнен теробайттық флешка жасағанды доғаратын уақыт жетті.

Жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі қағазға көміп қойды. Бас көтерт­пейді. Керексіз жақтарын сіз болып, біз болып алып тастауды талап етуіміз керек. Осылай жалғаса берсе, таяу уақытта мектепте мұғалім таппай қалуымыз да ықтимал.

Мейіржан ТЕМІРБЕК,

«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Шығыс Қазақстан облысы