Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Оралда «БатысБілімTalks» лекторийі өтті

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «БатысБілімTalks» лекторийі өтті. V рет өткізіліп жатқан білім беру лекторийі «Өндірістік революция жағдайында адами капитал мен білім беру жүйесіне қойылатын жаңа талаптар» тақырыбына арналды.

Оралда «БатысБілімTalks» лекторийі өтті

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Іс-шараның бас спикері – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова болды. Бұл шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов және өңірдегі білім беру жүйесінің қызметкерлері қатысты.

Педагогтарға арналған лекторийде ел болашағы жастардың білім іргетасы мектепте қаланатындығына баса мән берілді. Өз сөзінде отандық және әлемдік тәжірибені ұштастырған Күләш Шәмшидинова қазіргі ұрпақ тәрбиесінде жаттанды білімнен гөрі өмірде практикалық қолдана алатын нақты тәжірибе, шешім қабылдау маңызды екенін айтады. Таяу болашақта көптеген мамандық жойылып, дене еңбегін ақылды роботтар атқаратын тұста әр азаматқа «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалану» - оңай шаруа болмайды. Озық технология, жасанды интеллект кезеңінде оқушының шығармашылық қабілетін дамыту қажет.

- Білім дегеніңіз – ақпарат. Оған қол жеткізудің жолы да әртүрлі. Сондықтан мектеп қабырғасында балаға қажетті ақпаратты өзі іздеп табуына және оны өзі өңдеп, пайдасына жарата білуге үйрету қажет. Бүгінгі мектептің басты міндеті – осы, - дейді Күләш Шәмшидинова.

Кездесуде сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі педагог кадрлардың білімін жетілдіру мәселесіне тоқталды. «Кітап оқу, күн сайын өзін-өзі жетілдіріп, білімін көбейтіп отыру – бүгінгі адамға, маманға қойылатын ең басты талап» деді өңір басшысы. Батыс Қазақстан колледждерінде білім сапасын арттыруға баса мән берілуде. Мәселен, Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің мамандары BIM технологияларын енгізу бойынша финдік әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты.

- Бұл жұмыстар 4 бағытта жүзеге асады. Олар – гуманитарлық, индустриялық, медициналық және спорттық бағыттар. Бүгінгі таңда осы бағыттарға кадр даярлайтын колледждердің білім деңгейін көтеру үшін отандық және шетелдік серіктестер іздестіріліп жатыр. Мәселен, педагогикалық колледжде 2 мыңнан аса студент білім алады. Олардың дені ертең-ақ оқу бітіріп, мектепте бала оқытады. Ал баланың білім деңгейі тікелей мұғалімнің білім-білігіне байланысты. Сондықтан осыған баса мән беруіміз қажет, - дейді Алтай Көлгінов.

Бүгінгі лекторийге қатысқан мектеп директорлары, мектепке дейінгі және кәсіби білім беру оқу орны басшылары осы жиында айтылған бағалы ой түйіндерін өз ұжымдарында тарататын болады. Алыс ауылдар мектептері үшін бейнедәрістер әзірленіп, таратылмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан