Медицина • 22 Қаңтар, 2019

Оралда онколог дәрігерлер қауіпті дерттің қатерін ескертті

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 21-29 қаңтар аралығында жатыр мойны қатерлі ісігі дерті туралы халықты ақпараттандыру апталығы өтіп жатыр. Бұл бүкіл дүниежүзінде жыл сайын өткізілетін шара.

Оралда онколог дәрігерлер қауіпті дерттің қатерін ескертті

Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансері мамандары ұйымдастырған баспасөз мәслихатында БҚО денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау бөлімі жетекшісі Айгүл Байбатчаева кіріспе сөз сөйлеп, ғасыр дертіне айналған сырқат мәселесіне жұртшылық назарын аударудың маңыздылығын атап өтті. Дәрігерлер бұл дерттің алдын алу, күресу жолдары бар екендігін, тегін мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын айтады. Қатерлі дертпен күрес жолдары жыл сайын дамып келеді, мамандардың да кәсіби біліктілігі жоғары.

- Бұл дерттің алдын алудың барлық құралы қолымызда, ең бастысы – бұл күреске әйелдердің өзі атсалысуы, өзінің және жақын жандарының денсаулығын алдын ала ойлауы керек! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» деген ғой. Бойыңыздан ауыр дерттің еш белгісі білінбесе де алдын ала тексеріліп, қауіптің алдын алудың маңызы өте зор» - дейді Айгүл Мәулетбекқызы.

Алдын ала жасалған скрининг арқылы денедегі дерттің 80%-ның алдын алуға болатыны медицинада әлдеқашан дәлелденген. Бұған қоса бүгінде онкогендік жұқпа қаупінің бетін қайтаратын тиімділігі жоғары екпелер пайда болды. Ең бастысы, профилактикалық қадағалау арқылы жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға болады, Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның да көмегі зор. «Сондықтан 25 жасқа дейінгі әйелдерге жасалған екпе көп қауіптің алдын алады» дейді мамандар.

Жатыр мойны қатерлі ісігі – әлем бойынша әйелдер арасында кең таралған обыр дертінің арасында екінші орында тұр екен. Жыл сайын бұл дертпен 0,5 млн әйел ауырып, оның 288 мыңы осы аурудан өледі. Бұл сырқатқа негізінен 30-40 жастағы әйелдер шалынатындықтан, жатыр мойны қатерлі ісігінің қоғамға тигізетін зардабы орасан.

Батыс Қазақстан облыстық онкология диспансері директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Нұрлан Төлемісов Ақ Жайық өңірінде жыл сайын осы дертке шалдыққан 80-90 әйел анықталатынын айтады. Дамыған елдерде жүйелі өткізіліп тұратын скрининг шаралары нәтижесінде аты жаман дертке шалдығу оқиғасы екі есеге азаятынын тәжірибе көрсетіп отыр.

Оралда өткен жиында гинеколог-дәрігер Асылзат Жақыпова жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау және емдеу жолдары туралы, Батыс Қазақстан облыстық онкология диспансері цитология бөлімінің меңгерушісі Лаура Якупова осы дертті анықтаудың цитологиялық скрининг әдісі жөнінде баяндама жасады. Түрлі сауалдарғамамандар тарапынан жауап берілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан