Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Петропавлда алабай тұқымдас ит иелерін талап тастады

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Партизан көшесі бойындағы жекеменшік үйлердің бірінде  алабай тұқымдас итті жедел шақыртылған полицейлер атып тастауға мәжбүр болды.

Петропавлда алабай тұқымдас ит иелерін талап тастады

Көп дене жарақатын алған  отағасы қалалық ауруханаға жатқызылған. Оның әйелін де бірнеше жерден қауып алған.

Жайшылықта айтқанға көнетін жұп-жуас итті не түлен түрткенін ешкім білмейді. Көршілерінің айтуынша, түні бойы аулада сейілдеген жеті қазынаның бірі арнайы орынға кіруден бас тартқан көрінеді. Қожайындарының бұйрығына бағынбай қарсы шапқан. Мұндай әрекетті күтпеген ерлі-зайыптылар дағдарып қалған. Осы мезетте  ақсиған зау  тістерімен бірнеше жерден тістеп,  жарақат  салып үлгірген.

Тәртіп сақшыларының пайымдауынша түнде иелері оны аулаға босатып жібереді екен. Оқиға болған күні таңертең әйел итті арнайы орын-вольерге кіргізе алмай қойған.  Ақырында оның өзіне де, көмекке келген күйеуіне де қарсы шабуылдап, талап тастаған. Амалсыз полиция шақыртуға мәжбүр болған.

Оқиға орнына шұғыл жеткен Петропавл патрултьдік полиция батальонының қызметкерлері табельдік қару қолданып, итті атуларына тура келген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы