Қазақстан • 22 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда шетелдік мигранттар легі тыйылар емес

459 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жергілікті жерлерде өткізілген кезекті «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шаралары шекараны заңсыз асып келген шетел азаматтарының кезекті тобын әшкереледі.

Солтүстік Қазақстанда  шетелдік мигранттар легі тыйылар емес

Көші-қон қызметі басқармасы ұйымдастырған рейд барысында ел аумағына келу, онда болу мен шығу ережелерін өрескел бұзудың  259 оқиғасы анықталып, 16 шетелдік шығарылған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері Петропавл қаласындағы құрылыс объектілерінің бірінде заңсыз жолмен нәпақасын тауып жүрген Өзбекстан Республикасының 5 азаматын құрықтады. Олар Қазақстан аумағына жеке мақсатпен келгендерін айтып, жауапкершіліктен  сытылуға тырысқан. Ақша таппақ болған ниеттері көші-қон заңнамасына қайшы келгендіктен, хаттама толтырылып, әкімшілік қамауға алынды.

Рейд кезінде  құрылыс объектілерінен бөлек  базарлар мен сапаржайлар аумағы, шетелдіктер қоныстанған орындар да жіті тексерілді.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбіловтің айтуынша, солтүстікқазақстандық сақшылар былтыр 5 жедел-профилактикалық іс-шара өткізіпті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жүздеген шетелдік азаматтар әкімшілік жауапткершіліке тартылып, елден аластатылған. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз қолданған ондаған жұмыс берушіге жаза қолданылған.

Мемлекеттік шекараны заңсыз жолмен кесу, ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамауға, заңсыз көші-қон ұйымдастыруға қатысты бірнеше  қылмыстық іс қозғалған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы