Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу апталығы басталды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр қауіпті дертке 70-ке жуық нәзікжан шалдықса, 20-сы қатерлі ісіктің құрбанына айналған.

Солтүстік Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу апталығы басталды

«Жатыр мойны қатерлі ісігі – бүгінгі таңда ең жиі кездесетін қауіпті дерттердің бірі. Әлем бойынша бұл ауру сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын дүние жүзінде жарты миллионға жуық қыз-келіншек аталған қатерлі ісікке шалдықса, жартысына жуығы көз жұмады. Елімізде орташа есеппен алғанда күн сайын жатыр мойны обыры екі қазақстандық әйелдің өмірін үзеді» дейді облыстық Онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк.

Оның айтуынша, 2018 жылы жатыр мойны обырымен диспансерлік есепке 51 нәзікжанды алынған. Олардың барлығы қатерлі ісіктің алғашқы кезеңдеріне шалдыққан.  2017 жылы 57  әйел  есепке қойылыпты.

Дәрігерлер мемлекет қаражатына жүргізілетін скринингтің өзіне адамдардың тексерілуге келе бермейтініне алаңдайды. Мәселен, аталған тексеріс тізіміне кіретін жатыр мойны обырын анықтау құны 3721 теңгені құрайды екен. Ал скрининг аясында 30 бен 70 жас аралығында әйелдер үшін бұл шара 4 жылда бір рет тегін жүргізіледі.

Онкологиялық диспансердің скрининг бойынша жауапты маманы Күлзипа Сандыбаева 2018 жылы өткізілген скрининг барысында 716 науқас анықталып, 673-і диспансерлік есепке алынғанын жеткізді. Олардың 17-сі жатыр мойны обырына шалдыққан. 15 әйелдің дерті қатерлі ісіктің – бірінші, ал екеуінікі екінші сатысында тіркелген.

«Скринингтің мақсаты – обырды алғашқы кезеңдерінде анықтау. Бұл дерттен толық айығуға мүмкіндік береді. Денсаулығын тексертемін деген жандар үшін апталық аясында тегін «Ашық есік» күнін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» дейді ол.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы