Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

«Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жаңа жобаны таныстырды

928 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жуминның қатысуымен «Шымкент - адалдық аланы» жобалық кеңсесінде сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер республикалық жобасы ашылды. 

«Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жаңа жобаны таныстырды

Бұл жобаға Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы негіз болды. Жобалық кеңсе қызметінің бағыты сыбайлас жемқорлық көптеп кездесетін және әлеуметтік маңызы бар салаларда кешенді талдау негізінде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қабылдануына байланысты болады.

Жаңа жобаның кураторы Данат Жумин жобалық кеңсе қала әкімдігімен, ӘКК және Агенттіктің аумақтық департаментімен бірлесіп, сәулет саласында 12 қызметті цифрландырған жобаны іске қосты дейді.

«Білім беру» бағыты бойынша жобалық кеңсе мектептерде ақша жинауды болдырмауға күш жұмсаса, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша тегін медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында қала халқы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады. «Сонымен қатар, «secret shopper» (Құпия сатып алушы) әдісімен зерттеу жобасы іске қосылып, ол барлық әлеуметтік маңызды салаларды қамтиды, бұл өз кезегінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралы болады», - дейді «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев.

Түрлі қоғамдық мониторинг зерттеу нәтижелері қоғам мен бірқатар мемлекеттік құрылымның мүдделері арасында теңгерімсіздік бар екенін көрсетті. Ол ашық дереккөздерде мемлекеттік органның жұмысын жұртшылықтың бағалауы бойынша ақпараттың жабықтығынан көрінеді. Ақпараттық ашықтық пен айқындылық құралдарының бірі «Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы» болып табылады, ол мемлекеттік бюджеттен мектептерді, ауруханаларды және басқа да қаржыландыру объектілерін қамтамасыз етуге арналған бюджеттің транспоренттілігіне ерекше назар аударуға мүмкіндік береді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»