22 Қаңтар, 2019

Алуа Балқыбекова: Қазақтың боксшы қыздарымен әлемде барлығы да санасады

693 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сербияның Сомбор қаласында өткен «Ұлттар кубогі» турнирінде жас боксшы Алуа Балқыбекова чемпион атанды. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізген ол Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген болатын. 

Алуа Балқыбекова: Қазақтың боксшы қыздарымен әлемде барлығы да санасады

Сербиядағы турнирге әлемнің үздік боксшылары жиналды. Мен 48 келіде ел намысын қорғадым. Турнир барысында үш кездесу өткізіп, жеңіске жеттім. Финалда ресейлік Юлия Чумгалаковадан басым түсіп, есемді қайтардым десем болады. Өйткені, тап осы боксшыдан жеңіліп қалғаным бар. Жалпы алғанда, бұл жылдың шымылдығын ашатын турнир. Алдағы ірі жарыстар алдындағы үлкен дайындық іспетті. Қазақстан құрамасының жалпы есепте бірінші орын алғаны да қуантады. Жеке бапкерім жетістігіме марқайып жатыр. Енді бұдан да үлкен жарыстарда топ жарғым келеді, - дейді Алуа.

Алуа Балқыбекова 48 келіде еліміздегі екінші нөмірлі боксшы саналады. 

2015 жылы бас команданың қосалқы құрамына қабылдандым. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді. 2017 жылы ел чемпионы атанып, бірінші нөмірлі боксшы болғаным рас. Бірақ бір жылдан соң Әйгерім Қасенаеваға жол бердім. Дегенмен, бас команда сапында жеңіске жету арқылы өзіме деген сенімім нығайды. Бұл менің ересектер арасындағы алғашқы ірі жеңісім, - дейді боксшы. 

Жас спортшы Қазақстанның боксшы қыздарымен барлығы да санасатынын жеткізді. Алуаның айтуынша, біздің команданың жеңісті дәстүрі бар. 

Боксшы қыздарымыздың әлем спортшылары алдындағы беделі жоғары. Өйткені, бізде жеңіспен өрілген дәстүр бар. Назым Қызайбай мен Жайна Шекербекова әлем чемпионаттарында көзге түсіп жүр. Ләззат Күнгейбаева мен Валентина Хальзованың да орны бөлек. Дина Жоламанның жетістігі өз алдына бір төбе. Сондықтан, ірі жарыстар кезінде бізбен барлығы да санасады, - дейді Алуа Балқыбекова. 

Серік Қонақбаев пен Серік Сәпиевті үлгі тұтатын жас боксшы алдағы уақытта Азия чемпионаты мен Марина Вольнова атындағы турнирге қатысуды жоспарлап отыр.