22 Қаңтар, 2019

Жол азабына ұшырағандарға шекарашылар көмекке келді

524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Мақаншы шекара отрядының кезекші бөліміне «Талдыкорған – Аягөз» тас жолының 92-жолайрық (разъезд) деп аталатын тұсында төтенше жағдай болғандығы туралы ақпар келіп түсті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

 

Жол азабына ұшырағандарға шекарашылар көмекке келді

Ұйытқи соққан боран (25-30 м/с) тас жолды омбы қарға көміп, техникалық көліктер қозғала алмай, тоқтап қалыпты. Анықталмаған мәліметтерге қарағанда, 500-ден астам адам қар құрсауында қалған екен.

Әскери бөлім басшылығы тез арада шешім қабылдап, шұғыл түрде құтқару тобын құрды. Қажетті құралдарымен, түнде көретін құрылғылармен жабдықталған қосымша аккумуляторлық батареялар, жылы көрпелер, азық-түліктер тиелген жол талғамайтын көліктерге мініп, төтенше оқиға болған жерге аттанған екі байланыс маманы, екі әскери дәрігер, шаңғышылардан тұратын топ түнгі сағат 3-тен өте діттеген жерге жетіп, құтқару жұмыстарына кірісті.

Шекарашылар 3 жүк көлігін, 4 жолаушылар автобусын, көптеген жеңіл автокөлікті жүргізушілерімен және жүргіншілерімен қоса барлығы 13 автотехниканы қауіпсіз жерге алып шықты. Құтқарылғандар ішінде толғағы таяп тұрған әйел де бар екен. Сонымен бірге ыстығы көтерілген екі автокөлік жүргізушісіне медициналық көмектер көрсетілді. Кеше сағат 13.30-да құтқару тобы өз жұмысын аяқтады.