Қазақстан • 23 Қаңтар, 2019

Жас кәсіпкер Маркетинг министрлігін құруды ұсынды

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жастар жылының» ашылу салтанатында сөз сөйлеген жас кәсіпкер Расул Абдуллаев Қазақстанның имиджін көтеруге арналған жобаны таныстырды. 

Жас кәсіпкер Маркетинг министрлігін құруды ұсынды

«Мен үлкен сеніммен армандар орындалады дегім келеді. Елбасының алдында сөз сөйлеу менің бала күнгі арманым болатын. Бұл мақсатқа жету, әрине, оңайға түспеді. Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеу үшін көптеген жетістікке жетіп, биік белестерді бағындыру керек. Қазір жастарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекеттің бұл қолдауы біз үшін үлкен бақыт» деді ол.

Сондай-ақ Расул Абдуллаев өз жұмысының нәтижесімен бөлісіп, мемлекет дамуына үлес қосатын Маркетинг министрлігі атты жаңа жобасын ұсынды.

«Бұл - Қазақстанды әлемдік аренаға шығару үшін таптырмас жоба болмақ. Сондай-ақ бұл елдегі барлық ведомстволардың жұмысының алға басуына үлес қосатын арнайы платформаға айналады. «Рухани жаңғыру» секілді идеологиялық бағдарламалардың маңызын тек қана елдегі азаматтар ғана емес, сондай-ақ шетелдіктер де білетін болады. Бұл істі жасауға арнайы кәсіби топ жасақтадық. Бізге мемлекеттен қолдау ғана қажет. Егер бұл жоба жүзеге асса, әлемдегі ең бірінші Маркетинг министрлігі болады» деді жас кәсіпкер.

Елбасының қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатына еліміздің ең белсенді, табысты жастары қатысып жатыр. Дәл қазір республиканың барлық аймағының жастары, оның ішінде 115 ЖОО мен 479 колледж студенттері интернет арқылы онлайн режимге шықты.