Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Мойынқұмдық құсбегі рекордтар кітабына енді

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ат жаратып, саят құрып, туған топырақтың тереңіне бойлаған бабаларымыздың рухани аманатының бірі құсбегілік. Бұл ешқандай да әуесқойлықтан туындамайтын, бәлкім ұрпақтар сабақтастығы арқылы берілетін бекзат өнер.

Мойынқұмдық құсбегі рекордтар кітабына енді

Бұл күнде көпшілік қауым мойынқұмдық құсбегі, этнограф, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты Жапар Сатылғановты жақсы таниды. Белгілі құсбегі 1981 жылы алғаш рет саятшылықпен айналысуға баулитын «Қауырсын» атты бүркітшілердің мектеп-клубын құрған болатын. Сонымен қатар, өзінен кейін де бүркітшілердің бірақ буынын тәрбиелеп, қалыптастырды.

Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде Жапар Сатылғановтың есімі еліміздің «КИНЭС» рекордтар кітабына енді. Редакция алқасы жерлесіміздің табиғат жанашыры екенін және талай жылғы еңбегін ескеріп, осынау құрметке лайық деп тапқан.

Танымал бүркітшінің негізгі мақсаты – атын шығару емес, керісінше ұлы даламызда ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттық құндылығымызға айналып кеткен құсбегіліктің қасиетін кейінгі буынға насихаттау. «Бұл ешқандай да спорт емес, бұл бекзат өнер. Әсіресе, кейінгі жас буын осы мәселені терең зерделеп, көкейлеріне түйіп алғаны абзал», дейді ол. Жалпы, ел білетін Сатылғановтар әулетінде құсбегілік атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер. Сондықтан да кәнігі құсбегі жас күнінен бері бұл аманатқа көздің қарашығындай қарап келеді.

Бір қызығы, сонау кеңес өкіметінің тұсында тиісті мекемелер Жапар Сатылғановтан «Рекордтар кітабына» ену үшін мәліметтер алған екен. Алайда сол бір аласапыран кезеңде бұл жұмыс аяқсыз қалады. Арада жылдар өтіп, еліміз егемендік алып, төл өнеріміз қайта жаңғырған уақытта оның есімі еліміздің рекордтар кітабына еніп отыр.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы