Руханият • 25 Қаңтар, 2019

Бүркітші қыз Назарбаевпен кездесуден алған әсерімен бөлісті

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Моңғолиядан келген бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Бүркітші қыз Назарбаевпен кездесуден алған әсерімен бөлісті

Айшолпан жастар жылының ашылу салтанатында Елбасының алдында сөз сөйлегеніне өте қуанышты екенін айтты. Аздап қобалжығанын да жасырмады.

«Бұл мен үшін үлкен абырой болды деп санаймын. Елбасыны көру менің арманым болатын. Кеше сол арманым орындалды. Астанада, атамекенімде білім алып жатқаныма қуанамын. Осындай әдемі елорданы салған Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге алғысым шексіз», деді бүркітші қыз Sputnik мультимедиялық баспасөз орталығында.

Айшолпан қазір ағылшын тілін жақсартып жүрген екен. Сондай-ақ, ол Астананың адамдары мен климатына тоқталды. 

«Маған Астана қатты ұнады, адамдары да өте жақсы. Негізі, біздің елге қарағанда жылы деп айтсам болады. Бізде бұдан да қатты суық болады», дейді оқушы қыз. 

Бүркітші қыз қазақстандық тараптың шақыруымен Spectrum халықаралық мектебінде 11-сыныпта оқиды. 

«Білім орда» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дарханбек Қожабековтің айтуынша, мектеп оқушылары Кембридж бағдарламасымен оқытылады. Ал білім ордасының өзі 12 жылдық. 

«Айшолпан қазір ағылшын тілін үйреніп жүр. Бізге келгенде, деңгейі сәл төмен болған соң, біз қосымша сабақтар өткізіп жүрміз, мұғалімдер де көмектеседі. Бірақ, көп ел аралағанның әсері болуы керек, Айшолпан тілді оңай алып кетіп жатыр. Қабілеті бар. Сабағын да оқып, журналистерге сұқбат беріп те үлгереді», дейді Қожабеков. 

Халықаралық мектепте тегін оқитын Айшолпанға шәкіртақы да тағайындалған. 

Жуырда бүркітші қыз қысқы демалыстарда Моңғолиядағы ата-анасына барып келген. 

«Әрине, ол мектептің жұлдызы, бәрі оған қолдау көрсетеді. Бірінші күні мектепке бүркітті әкеліп, баспасөз мәслихатын өткіздік», дейді қор президенті. 

23 қаңтар күні Астанада Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстан президентін Баян-Өлгийге қонаққа шақырған болатын.