Қазақстан • 28 Қаңтар, 2019

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмысына қатысты брифинг өтті

916 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Алайда оның нақты қағидасы жоқ, дегенмен де қоғамда белең алып отырған осындай келеңсіз жағдаймен күрес әрбір азаматқа зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Ол мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс қағидаларын қатаң сақтауымен ғана шектелмейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы қоғамның ашықтығына жұмылдыруды қажет етеді. Осы орайда қала басшылығы өткен жылдың желтоқсан айында «Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмысын таныстырған-ды.

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмысына қатысты брифинг өтті

Мемлекеттік органдардағы жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды іске асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, билік институттарына деген азаматтардың сенімін арттыру бойынша жұмыстарды үйлестіру, сондай-ақ жекелеген азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз әрі қолайлы жағдай жасауды мақсат ете отырып құрылған жоба биылғы жылғы жұмысын бастап кетті. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисімен бірлесіп №5 ХҚО орталығында арнайы брифинг өткізді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаев цифрландыру жобалары ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа апаратын жағдайларды болдырмаумен қатар қызмет көрсету сапасын арттыруға негізделгеніне тоқталып,  азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында фронт-офистерде кең ауқымды жаңарту жұмыстарының жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Фронт-офистегі жұмыс аймағының 60 пайызында тиісті құжаттарды азаматтардың  өздігінен алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде Алматы қаласында 15 фронт-офис жұмыс істейтін болса, оның 5-уі мамандандырылған қызмет көрсету орталықтары. Ондағы цифрлық алаңында  1,588 млн астам азаматқа өздігінен қызмет алу тәртібі көрсетіліп,  өткен жылдың 12 айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалы көрсеткен 3,6 млн. мемлекеттік қызметтің  40 пайызы электронды жүйе арқылы жүзеге асқан. Мемлекеттік қызметтер реестріндегі 752 қызметтің 621-і, яғни 81 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді болса, оның 506-ын электронды нұсқада алуға болады.

Эльвира Серікқызы,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар