Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

Тараз туризмін дамытуда түйткілдер бар

742 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында туризм саласын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде келушілерді Әулиеата өңірінің бай тарихымен таныстыру басты мақсат болып отыр. Өңірде бүгінде туризм саласы қалай дамуда, межеленген міндеттер толық орындалған ба деген мәселе төңірегінде Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова айтып берді. 

Тараз туризмін дамытуда түйткілдер бар

«Жамбыл облысының туризмі – өңіраралық жеке шекара ынтымақтастығы саласында үлкен әлеуетке ие. Сондықтан да бұл саланы дамытуда бар мүмкіндіктер қарастырылуда. Аталған басқармада өткен жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жеті нысаналы индикатор бекітілген. Межеленген міндеттердің қатарында ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілетін келушілер санын арттыру. Екінші, туризмді дамыту бағытында сырттан келетін туристер санын көбейту және туристерге ұсынылған қонақ үйлер мен сервистік қызмет сапасын арттыру», дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Қарлығаш Аралбекова өз сөзінде туризм саласында өткен жылдың тоғыз айының көрсеткіші бойынша аталған индикаторлар Тараз қаласы, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында толық орындалмағанын жеткізді. Нақты айтқанда, аталған аймақтарда қонақ үйлердің жоқтығы мен келушілерге дұрыс қызмет көрсетілмеуі де айтылды. Бұл ретте жауапты мамандар кеткен кемшіліктерді қолға алып, жұмыс жасаймыз деп сендірді.

Басқарма басшысының айтуынша, туризм саласына қатысты өзекті мәселенің тағы бірі аймақта тарихи-мәдени орындардың дені Республикалық деңгейдегі нысандар қатарына енгізілген. Бүгінгі таңда өңірдегі «Айша бибі», «Қарахан» кесенесі, «Ақыртас» кешені келушілерге ақылы түрде қызмет көрсеткенімен де, ондағы сервистік қызмет сапасы көпшілік көңілінен шыға бермейді. Ал, бұл қасиетті орындар Республика бюджетіне қарағандықтан, оларға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбейді. Ал, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселені шешу керек екенін айтқан болатын.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы туризм саласын кешенді дамыту бағдарламасы аясында құны 7,401 миллиард теңге болатын 30 жоба қолға алынбақ. Оның бүгінде жетеуі дайын екен. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында туристерге арналған жол бойындағы сервистік кешендердің ұлттық стандарттарға сәйкестендіру бойынша да жұмыстар қолға алынатын болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы