Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

«Хат қоржын» (29.01.2019)

627 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (29.01.2019)

...үн қосады

Биік таным, терең білім керек

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бүкіл қазақ жұртшылығын елең еткізді. Әркімнің көңілінде, ойында жүрген көкейтесті мәселелерді саралап, салалап, таразылап берді. Түсінікті тілмен, терең ғылыми деректерге сүйене отырып жазылған бұл мақала-бағдарлама барша қазақ халқын қуантатын ерекше туынды. Тарихымызды бағалай біліп, жас ұрпаққа жүйелі түрде түсіндіріп тәрбиелеу бағытында аға ұрпаққа болашақта үлкен міндет жүктейді. Саясаттанушылар, депутаттар, ғалымдар, көпшілік болып өздерінің ой-пікірлерін, құптауларын жарыса жазып жатыр. 

Өте дұрыс, дер кезі. Бірақ ұрандап, асыра сілтеп, жалаң-жайдақ сөзбен жайтаңдап өте шықпай, «Ұлы даланың жеті қырының» әрбіріне нақты жеке бағдарлама жасалса деймін. Елбасының әрбір пікірінде, әрбір сөзінде терең мән жатыр. Науқаншылдыққа салынбай – ерінбей, адал еңбек етсек, алынбайтын қамал жоқ. 

Тағы бір ойымда жүрген мәселе – кейбір жоғары лауазымдағы шенділеріміз толыққанды өз міндеттерін атқара алмай ма деймін. Кейбірі қазақша таза сөйлей алмайды, өз ойларын айтуға қиналады. Олар Елбасынан неге үлгі алмасқа! Өз ана тілінде сөйлей алма­ғандардың сол ана тілінде логикалық терең ойлауы да кем болады, ендеше ел тарихына терең бойлап, туған тілінің қасиетіне жете ала ма? 

«Ұлылық деген − білім кеңдігі. Үлкен тарихы бар елге үлкен мәдениет, биік таным, терең білім керек», – деп жазады Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондықтан өзіміз білген өнегелі іс-әрекетімізді жас ұрпаққа ұғындыру – ортақ парызымыз.

Ғалия ИБРАЙЫМ,

зейнеткер

Шығыс Қазақстан облысы

...мақтан тұтады

Қаныш қаздырған құдық

Имантай мен Жәпек ауылдарының арасы 14-15 шақырымдай жер. Сонау жылдары осы арадан сапырылысқан жолаушылар арылмайтын. Құлама таулардың етегімен алыс сапарға шыққан саудагерлер болсын, іссапармен кетіп бара жатқан мырзалар ма, әйтеуір олай-бұлай өткен жүргіншілерден көз сүрінетін. Осы жолмен Далбадағы апа-жездесінің (Хайдар Жапекұлы, Бисә Жәмінқызы) үйіне Қаныш Сәтбаев та келіп жүрді. Бала жасынан дала кезіп, түрлі-түсті тастарды жинаудан жалықпайтын болашақ ғалым, бұл жақта да көңілі жай таппай тау-тасты шарлап, шаршап-шалдығып үйге кеш бата бір-ақ қайтатын. Жуантөбе тауының ығындағы Жәпек ауылының адамдары ежелден ауыз суға зәру. Қазған құдықтарының суы ащы болып, мал суаруға ғана жарайтын болғандықтан жаз айларында суды тау асты бұлақтарынан тасымалдап, қыста мұз ерітіп, әйтеуір әбігерге түсіп жататын. Институттың студенті Қаныш Жуантөбедегі атасының үйіне тағы да бір келгенде маңайды мұқият зерттеп жүріп, бір ойпаң тұсқа тоқтап, ауыл жігіттеріне: 

– Міне, құдықты тура осы жерден қазыңдар. Суы онша тереңде емес әрі тұщы болады, – деп қаздырған құдығы – Бабыр қорығындағы Темешбай қыстауынан жүз метр жерде күні бүгінге дейін «Қаныш құдығы» аталып, халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бір ғажабы, ғалымның болжағанындай екі метрге жетпейтін жерден тасқын су шығып, тіршілік көзі таусылмас қорға айналды. Қазақ халқының аяулы перзенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты Жаңатілек ауылының тұрғындары әркез ілтипатпен еске алып, оның халыққа істеген жақсылығын ұмытқан емес. 

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ

Павлодар облысы, 

Баянауыл ауданы 

...сақтандырады

Жатжұрттық күйеулер жарылқамайды

Бүгiнгi күнi қазақ қыздарының шетелдiк азаматтарға тұрмысқа шығуы жиiлеп кеттi. Ол туралы ақын Мұхтар Шаханов ағамыз да талай жазды да, айтты да. 

Менiң ойымша, барлығы отбасындағы тәрбиеден. Бұрын халқымыз қыздарының өзге ұлт азаматтарымен некелесуiне қарсылық бiлдiрiп отырған. Сол себептi қазақ халқының қаймағы бұзылмай, ұлттық тегiн сақтап қалды. Ал қазiр ше? Қазiр ата-анасы қызының құлағына кiшкентай күнiнен бастап: «Бай жiгiтке тұрмысқа шық, сонда еш қиындық көрмейсiң. Бастысы ақшасы болса, бақытты боласыңдар» деп миына құйып қояды. Мұны естiп, көрiп өскен қыз бай-манаптарды iздемегенде қайтсiн? Өзiне көз салған жiгiттiң әлеуметтiк жағдайы нашар болса, ол iштей ойланып тұрады. Себебi оған бiрiншi орынға махаббатты емес, дүниенi қоюды үйреткен.

Ғаламтор бетiн ашып қалсаң, «Түрiкке шыққан қазақ қызы шалқып өмiр сүруде. Немiске тиген қыз арманына жеттi және т.б» секiлдi арандатушы мақалалар өрiп жүредi. Оны көрген қыз «Неге мен де шетелдiң бай азаматына тиiп, әлемдi араламаймын?» деген ойға келедi. Содан оның қарапайым қазақ жiгiтiне деген көңiлi суиды. Бұл дұрыс емес. Сол себептi, жастардың санасын улайтын, терiс насихат жасайтын «шетелдiк күйеубалалар» жайлы мақаласымақтарға тыйым салу керек деп ойлаймын. Және де үйдегi ата-ана қызын адами құндылықтарға баулып, «күйеуiң бай болса да, кедей болса да қазақ болсын» деп тәрбиелесе, басымызға түскен қасiреттiң одан әрі ушығып кетуiнiң алдын алар едiк. 

Әдiлхан ӘТЕМОВ

Шымкент 

 ...сүйсініс білдіреді

Киелі жерлерге тағзым 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа ала отырып Маңғыстау ауданының 90 жылдығы қарсаңында аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының тарихи танымдық жан дүниесін күшейту және мемлекеттік бағдарламаны жастар арасында кеңінен насихаттау үшін жастардың танымдық шарасы өткізілді.

Осы орайда Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылының жас­тары киелі орындарға саяхат жасап, елжандылық сезімін нығайтты. Аудандық жастар орталығы ұйымдастырған саяхатта 50-ге жуық оқушы Шебір ауылының маңындағы Қаратөбе қорымына арнайы сапар шегіп, ондағы Досан батыр, Шотан батыр, ақын Абыл Тілеуұлы зираттарына арнайы тоқтап тағзым етті. Досан Тәжіұлы 1867 жылдары орыс патшалығына қарсы шыққан халық батыры. Шотан Назарұлы да 15 жасында ел бастаған халық батыры. Өзінің өнерімен көзге түскен Абыл ақынның да Маңғыстау халқы үшін еңбегі ерекше. Жастар акция аясында осындай түбекке танымал тұлғалардың өткен өмірі мен ерлігі жайында естіп білді. 

Дина ЖОЛДАСБАЙҚЫЗЫ

Маңғыстау облысы