Спорт • 29 Қаңтар, 2019

Дамир Исмағұлов Прагада айқасады

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен қандасымыз Дамир Исмағұлов бұл күндері UFC-дегі өзінің екінші жекпе-жегіне қызу даярлануда. Ол 23 ақпанда Чехияның бас шаһары – Прагада испандық Хоэль Альвареспен айқасады.

Дамир Исмағұлов Прагада айқасады

Пиреней түбегінің түлегі өте мықты спортшы. Осы күнге дейін 16 рет айқас алаңына шыққан 25 жастағы Альварес 15 мәрте жеңіске жетіп, барлық бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ал Дамир болса, 19 бәсеке өткізіп, 17 рет басымдық танытты. Кезінде ол M-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Содан кейін әлемдегі ең белді пормоушен – UFC-ге ауысты. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Австралияның Аделайда қаласында жергілікті спортшы Алекс Горджесті ұпай санымен ұтты.

Испания спортшысы «қылқындыру» әдісін өте шебер орындайды. 15 бәсекенің барлығын айқын басымдықпен аяқтаған бұл жігітті мықты деп айтпасқа лаж жоқ. Бірақ мен одан еш қаймықпаймын. Прагада өтетін жекпе-жекте өз жанкүйерлерімді қуанту үшін барымды саламын, – дейді Дамир Исмағұлов.     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»