Спорт • 29 Қаңтар, 2019

Даррен Дицтің дара шығуға мүмкіндігі мол

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) «Барыстың» сапында өнер көрсетіп жүрген 25 жастағы канадалық легионер Даррен Диц Мәскеудің ЦСКА клубының шабуылшысы Кирилл Капризовпен бірге жеңіс голдарын соққан ойыншылардың көшін бастап тұр.  

Даррен Дицтің дара шығуға мүмкіндігі мол

Айтулы ойыншылардың әрқайсысы сегіз реттен маңызды шайбаларды қақпаға енгізген екен. Тұрақты біріншілік аяқталғанға дейін «Барыс» әлі 10 кездесу өткізеді. Атап айтсақ, жерлестеріміз Новосібірдің "Сибирі» (29 қаңтар, қонақта), Санкт-Петербургтің СКА-сы (31 қаңтар, үйде), Финляндияның «Йокериті» (2 ақпан, үйде), Уфаның «Салават Юлаевы» (4 ақпан, қонақта), Новосібірдің "Сибирі» (12 ақпан, үйде), Қытайдың «Куньлуні» (14 ақпан, үйде), Омбының «Авангарды» (16 ақпан, үйде), Владивостоктың «Адмиралы» (18 ақпан, қонақта), Хабаровскінің «Амуры» (20 ақпан, қонақта) және Қытайдың «Куньлун» (22 ақпан, қонақта) клубтарына қарсы ойнайды. Ал мәскеуліктердің бізден бір ойыны артық. Егер осы ойындарда Даррен Диц шабысынан жаңылмаса, онда осы аталым бойынша ол жеңімпаз атанады. Осы орайда, оларды Найджел Доус («Автомобилист») пен Александр Семин («Витязь») өкшелеп келе жатқанын айта кетуге тиіспіз. Олар жеті реттен жеңіс шайбасын соқты.

Сонымен қатар, Даррен Диц ҚХЛ-дағы ең көп соққы жасаған ойыншылардың көшін бастап тұр. Астаналық хоккейші қарсыластар қақпасына 210 соққы бағыттаған екен. Одан кейінгі орындарда мына ойыншылар: Юусо Пуустинен («Нефтехимик») – 192 соққы, Андрей Кутейкин («Спартак») – 190 соққы, Алекс Грант («Йокерит») – 187 соққы және Илья Михеев («Авангард») – 177 соққы.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»