Әлем • 29 Қаңтар, 2019

Ғалымдар обырдан айығуға көмектесетін тауық баптап, жұмыртқа шығара бастады

1138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Эдинбург университетінің зерттеушілері  артритке, сондай-ақ рак ауруларына қарсы күресуге қабілетті ақуыздары бар тауық пен жұмыртқа шығара бастады. Бұл туралы BBC News ақпараттық агенттігі хабарлады.

Ғалымдар обырдан айығуға көмектесетін тауық баптап, жұмыртқа шығара бастады

Жұмыртқада адамда болатын вирус пен инфекцияға қарсы күресте басым үлес алатын IFNalpha2a ақуызы бар. Сонымен бірге олар зақымданған жасушаларды қайта қалпына келтіретін адам мен доңыздың макрофаг-CSF  деп аталатын ақуызын қосып препарат шығаруды да жоспарлап отыр.

Генді модификациялау арқылы тауықтардан емдік жұмыртқа алынды. Олардың ДНҚ құрамына маңызды ақуыздардың бөлінуіне жауап беретін адамның гені салынған. Бұған дейін де ғалымдар ешкі, тауық, қоян сынды жан-жануарлар арқылы адам ақуыздарының түрін жасап шыққан болатын. «Дәрі-дәрмектің клиникалық дозасы бар болғаны үш жұмыртқада болады», дейді ғалымдар.

Әдетте, адам ағзасында бір дәрумен жетіспегеннен ауруға шалдығады. Мұндай аурудан құрамында сол дәрумендер бар дәрі-дәрмекті ішу  арқылы айығуға болады. Ғалымдар мұндай дәрілердің өндірісте өндірілетінін, алайда оны тауықтардан алу 100 есе арзанға түсетінін алға тартты.

«Тауықтардан өнім алу зауытта өндіргенге қарағанда 10-100 есе арзан», деді доктор Лисса Херон. Сондай-ақ ол модификацияланған тауықтарға өзге құс фабрикасындағы тауықтарға қарағанда жақсы жағдай жасалғанын айтты.

«Тауықтар үлкен албарларда өмір сүреді. Олар күн сайын азық пен сусын апаратын біліктілігі жоғары мамандардың бақылауында. Бір сөзбен айтқанда, олардың тіршілігі жайма-шуақ», дейді ол.

Зерттеушілердің есептеуінше, кедергілерден арылып, толық препаратты шығару 10-20 жыл уақыт алады.

Сонымен қатар олар антибиотиктердің орнын алмастыратын, жануарлардың иммундық жүйесін жақсартатын дәрі-дәрмек ойлап табуды да жоспарлап отыр. Бұл антибиотиктерге төзімді вирустардың көбею ықтималдығын төмендетеді.

«Мысалы, біз үй жануарының зақымданған бауыры мен бүйрегін қалпына келтіруге дәрі-дәрмек пайдалана аламыз. Бірақ, қазір нарықтағы қолжетімді дәрілер айтарлықтай қымбат», дейді Херон.

Салтанат ШЫНӘДІЛ,

ЕҰУ студенті