Аймақтар • 30 Қаңтар, 2019

Павлодарда студенттер спортшыларға арналған биококтейль жасады

472 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры мен магистранттары спортшыларға арналған «Алтын спорт» биоөнімін жасап шығарды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлады.

Павлодарда студенттер спортшыларға арналған биококтейль жасады

«Қазіргі таңда спортшылардың тамақтануы үшін «Ауыл шаруашылығы жануарларының сүті негізінде арнайы тамақтану үшін ферменттелген азық-түлік биотехнологиясы» тақырыбында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай ой өткен жылы пайда болған еді. Бұл өнім белгілі бір топқа кіретін адамдарға арналған. Оның ішінде балалар мен егде жастағы адамдар, әскери қызметкерлер бар. Бұдан кейін спорттық тамақтану тақырыбында өткен жылы зерттеу және апробация жүргіздік. П.Столыпин атындағы Омбы аграрлық мемлекеттік университетімен бірге жұмыс істеп, ресейлік халықаралық патент алдық. Қазіргі таңда бұл өнімге ПМУ-дің атынан патент алу шаралары жүргізілуде. «Алтын спорт» деген атау берілді», - дейді жоба жетекшісі биотехнология кафедрасының профессоры Марина Темербаева.

2018 жылдың қараша айында магистранттар Алтай өлкесінің Бийск қаласында өткен бірінші Бүкілресейлік шығармашылық жобалар байқауына қатысып, «Үздік биоөнім» номинациясында бірінші орын жеңіп алған. Қазіргі таңда Омбы қаласында тағылымдамадан өтіп жатқан магистрант Гүлнәр Жанғұлова осы тақырып бойынша зерттеу жүргізуде.

«Алтын спорт» биококтейлі - ашытылған сүт өнімі. Оның құрамына кіретін ингредиенттерді әзірге айта алмаймыз. Спортшылардың ағзасында жаттығу кезінде микроэлементтер мен дәрумендер бұзылады. Сондықтан спортпен айналысатындар мен сессия кезінде студенттер үшін пайдасы зор әрі иммунитетті көтереді. Байытылған және арнайы микрофлора таңдап алынған, ақуыздарға бай. Жаңа шығарылған және кептірілген протеин түрінде қолдануға болады», - дейді Марина Темербаева.

Профессордың айтуынша, сүт қоспасы ауыл шаруашылығы жануарларынан алынады. Көбінесе келісімшарт бойынша өңірдегі Успен ауданының «Галицкое» және Шарбақты ауданының «Победа» шаруа қожалықтарындағы симментал тұқымды сиыры мен Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» агрофирмасынан таулы алтай және заанен ешкілерінің сүті қолданылады.

«Қазақстанда көптеген шаруа қожалықтары ешкі шаруашылығымен айналысуды қолға алуда. Бүгінгі таңда спортшыларға арналған тағам Ресей мен Бералусь елінен сатып алынады. Сондықтан біз нарықта өз өнімімізді ұсынуды көздеп отырмыз. Жастар жылы аясында магистранттар әрі қарай стартап-жобаларға қатысады. Бұл жобамен Халықаралық конференцияларға қатысып, Сингапур елінде мақала жарық көрді», - дейді профессор.