Әлем • 30 Қаңтар, 2019

Қазақстан мен АҚШ заң жүйесіндегі басты ерекшеліктер

1847 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дамыған елдердің көшін бастап тұрған алпауыт елдің заңында ауыз толтырып айтатын қандай артықшылықтар бар? Бұл туралы заңгер, АҚШ-та тұратын қандасымыз Айнұр Көкетаева баяндады.

Қазақстан мен АҚШ заң жүйесіндегі басты ерекшеліктер

Қазақстан мен АҚШ-тың заңында айтарлықтай өзгешелік бар. Адам құқығы бұл жерде тәуелсіздік құжатына қол қойғаннан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Іргетасы ілгеріректе қаланған Еуропаның ең озық заңдарын тәжірибе жүзінде жүзеге асырған оның ғасырларға тамыр тартқан тарихы бар. Алпауыт елдің негізін қалаған Александр Хамильтон, Джон Адамс, Бенджамин Франклин,  Джон Джей, Томас Джеферсон, Джеймс Мадисон және Джорж Вашингтон сынды тұлғалардың барлығы дерлік түбі Еуропадан тарағандар. Мұхиттың арғы бетіндегі ел күллі тарихында 27 рет өзгеріске ұшыраған алғашқы әрі әзірге соңғы Конституциясын 1787 жылы 17 қыркүйекте қабылдайды.

Прокурорлар, соттар, адвокаттар,  заңгерлер, сондай-ақ заң саласында қызмет атқарушылар қолына алатын бірінші құжат – Конституция, сосын өзге заңдар. Әр заңгердің жұмыс үстелінде тұратын маңызды құжат. Ешкімді соттың әділ шешімінсіз мал-мүліктен, бас бостандығынан,  өмірінен айыруға болмайды. Елімізде шешімін тапқан оқиғалардың барысына көз жүгіртсек, ҚР атқарушы органдары Конституциядан гөрі Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, Қылмыстық кодекске, Азаматтық кодекске, Азаматтық іс жүргізу кодексіне сүйенеді.

Сонымен қатар АҚШ-та федералдық заң мен штаттардың заңы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Әр штаттың өз заңы болады. Сондай-ақ олардың федералдық заңмен сәйкес келуі шарт емес. Мәселен, Орталық билік штаттың рұқсатынсыз оның бюджетін пайдалана алмайды. Бірақ, түйткіл болмас үшін Орталық органдар штаттарға міндеттер жүктейді. Мысалы, тамақ өнімдері өндіріліп, сол жерде сатылымға енсе, онда бұл тағам түрі өндірген штаттың бақылауында болады. Алайда, өнім штаттан өзге өңірлерге сатылымға шығатын болса, онда бұл жерде федералдық заңдар күшіне енеді. АҚШ-та бюджет мәселесі де дәл осылай қаралады. Федералдар штаттарға бюджетті қалай жұмсау керектігін айтып нұсқау бере алмайды. АҚШ халқы, тіпті, штаттарына дейін  тәуелсіздікті аса жоғары бағалайды. Облыстарды штат деп елестетіп, мұны Қазақстанда жүзеге асырсақ қалай болар екен деген ой келеді.

АҚШ заңындағы тағы бір ерекше айта кететін нәрсе – іс жүргізу құқығы.  Мұнда сотта бұған дейін қаралған мәселелер мен істі бекітуге негіз болған заңдар мен ережелер жинағын таба аласыз. Бірдей мәселе туа қалған  жағдайда айыпты өзіне дейінгі заң бұзушыларға берілген жазаға тартылады. Ал Қазақстанда бірдей қылмыс жасаған айыпталушыларға қатысты шешім әртүрлі.

Соған қарамастан, қазіргі таңда Қазақстанда құқық саласында айтарлықтай жаңалықтар бар. Мысалы: митигация, арбитраж, адвокаттық қызмет саласындағы өзгерістер – барлығы дерлік құқық саласының сапасын арттыруға  бағытталған  батыстың озық заңдарынан алынған үлгілер. Әлемдік заңдардың үздік үлгілерін алу арқылы Қазақстандық билік азаматтық қоғамды дамытуға күш салып жатыр.

Жазып алған Салтанат ШЫНӘДІЛ