Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Семейдегі мектептердің асханалары тексерістен өтті

638 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласына арнайы жұмыс сапары барысында республикалы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, қала әкімі Ермак Сәлімов, білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенколармен бірге  қаладағы  №49 және №10 орта мектептердегі асханалардың жұмысымен танысты. Асхана заманауи жабдықтармен қамтылған. 

Семейдегі мектептердің асханалары тексерістен өтті

Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған жаңа плита қойылған. Тамақтар жылы күйде ұзақ сақталады. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, алдағы уақытта әр мектептің асханасын жалға алатындар белгілі бір жылға мерзімде сапа бойынша жұмыс істеуі қажет. Сосын 5-7 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал №49 мектептегі жаңа жабдық бюджет қаражатына алынған. Жалгер «Таипов» ЖК өз қаражатына бактерия өлтіретін шам, көкеніс, картоп турағыш, су сақтайтын диспенсер алыпты. Семей қалалық білім басқармасының басшысы Наталия Фесенконың айтуынша:

- Ас мәзірі ішінде наны, бірінші және екінші тамағы, салаты, компоты қарастырылған балалар үшін тегін тамақ 303 теңгені құрауда. Мемлекет тарапынан тегін тамақтану үшін жағдайы төмен отбасынан шыққан 112 балаға жағдай жасалып отыр. Оларға міндетті түрде, сүт, бал, жемістер беріледі. Ол басқа да ата-аналар өз қалталарынан 220-250 теңгеге балаларына ыстық тамақ әпере алады. Бір самса пен шырын 100-150  теңге көлемінде. Жалгер аспазшы ас мәзірін жасап, оны мектеп басшылығы бекітеді. Барлық санитарлық талаптарға сай.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев асханадағы сорпаның дәмін татып көріп, былай деді:

- Балалар біздің болашағымыз. Олардың денсаулығын ойлап, мектепте ыстық тамақпен қамту, сол арқылы жеткіншектердің алаңсыз білім алып, жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Бұған «Нұр Отан» партиясы да, мемлекет те, қоғам да, ата-ана да өз деңгейінде көңіл бөлуі тиіс. Оқушыларға берілетін ас мәзірі, дайындалуы көңілімнен шықты. Барлық жағдай жасалғандығы көрініп тұр. Ең бастысы балалардың денсаулығы. «Ас адамның арқауы» демекші, 1-11 сынып оқушыларын дұрыс тамақтандыруымыз аса қажет.

№10 мектепте борщ сорпасы, күріш тағамдары 130-150 теңге көлемінде екен. Барлығы да талапқа сай болып шықты. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев тамақтың дәмін татып көрген соң, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан қанша бала келеді деп сұрады. Бұл 116 бала тұрмысы төмен жанұялардан болса, қосымша он баланы  аспаз Қарлығаш Бегенбаева өз демеушілігімен тамақтандырады екен. Қаныбек Жұмашев тағамдарда тұздың аздылығын тілге тиек еткен кезде, оған балалар үшін қатты тұздалған тағамдар дайындалмайтындығын түсіндірді. Қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың  айтуынша, ата-аналар, медбике, ұстаздар бірігіп, арнайы мониторинг топ құрған. Бұл мониторинг топ кез келген уақытта кіріп, балаларға талапқа сай тағам беріліп жата ма соны тексере алады.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

Семей