Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Алматыда Түркі кеңесі министрлерінің кездесуі басталды

539 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Түркі кеңесінің Ақпараттық-коммуникациялық технологияларына жауапты министрлердің ІІІ отырысы өтіп жатыр. 

Алматыда Түркі кеңесі министрлерінің кездесуі басталды

Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Түркия Республикасы Көлік және инфрақұрылым министрі Мехмет Жахит Турхан, Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс комитетінің төрағасы Бақыт Шарщембиев, Әзербайжан Республикасы Көлік, коммуникация және жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, Венгрияның Ақпараттық коммуникациялар, инновациялар және технологиялар Мемлекеттік хатшысының орынбасары Карол Балаш Солимар қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, былтыр қыркүйек айында Қырғыз Республикасының Шолпон Ата қаласында Түркі кеңесінің саммиті өтті. Онда түркі мемлекеттерінің басшылары ел үкіметтеріне, Түркі кеңесі хатшылығына тапсырма берді. Саммиттен кейінгі айларда экономика, сауда байланысы, туризм саласында үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Нақты айтсақ, инвестициялық қор құру жəне ортақ сауда өндіріс палаталарын ашу мəселелері талқыланды. Бүгінгі кездесу барысында ақпараттық коммуникациялық саладағы министрлердің бас қосуы болып отыр. Бүгін 4 негізгі бағыт бойынша талқылау өтеді. Қазіргі заманда ақпараттық технологиялардың мəні зор», - деді Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Əміреев.

Маңызды отырысқа дейін мүше мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша Түркі кеңесі Жұмыс тобының төртінші отырысы өтті. Мүше мемлекеттер киберқауіпсіздік, электрондық үкімет, спутниктік қызметтер және TASIM жобасы талшықты инфрақұрылым, сондай-ақ ақпараттық коммуникациялық технологиялармен байланысты басқа да басым мәселелер бойынша ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Соңғы жаңалықтар