Медицина • 31 Қаңтар, 2019

Тиісті жәрдемақысына қолы жетпей жүр

701 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үш баланың анасы 5 ай бойы балаға берілетін тиісті жәрдемақыны ала алмай отырғанын жеткізді. Жауапты мекемелердің бір-біріне сілтеуі мәселенің шешілуін тежеп тұр.

Тиісті жәрдемақысына қолы жетпей жүр

Әріптесіміз, газетіміздің тілшісі Гүлнұр Қуанышбекқызы 2018 жылы қыркүйектің 28-нде босанып, аяқ-қолын бауырына алған соң, яғни қазан айында Электрондық үкіметке (egov) енгізген жүйе бойынша, интернет арқылы жәрдемақыға қажетті құжаттарды тапсырады. Сол кезде бір реттік жөргекпұлды алғанымен, ай сайынғы жәрдемақысы түспеген. Қарашада түсуі тиіс ақшаны ала алмағандықтан, Гүлнұр «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына» (одан әрі – МЗТО) барады. Ондағылар: «Құжаттарыңыз қабылданған, бастысы бір реттік жөргекпұлды алдыңыз. Демек, бұл да түсуі тиіс. Кей жағдайда құжатты тапсырған күнге қатысты ілінбей қалып жатады, сондайда 2 айдың ақшасын қосып береді, келесі айда жіберетін болар. Бұл сұрағыңызға нақты жауапты Әлеуметтік сақтандыру орталығы береді», деп шығарып салады. Емізулі баламен отырған ана әрі-бері жүгіруден гөрі күтуді құп көрген. Бірақ жәрдемақы желтоқсанда да түспейді. Амалсыздан МЗТО-ның 1411 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласқанда, базаны тексерген қызметкер ай сайынғы жәрдемақының бұғатталғанын айтады. Содан тіркеуде тұрған Астана қаласының Алматы аудандық МЗТО-ға қайтадан барса, олар: «Сіздің мекенжайыңыз Есіл аудандық МЗТО-ға өтіп кеткен. Сонда барасыз», деп сілтеген. Тіркеу бойынша Алматы ауданы, ал МЗТО-да оның тұратын көшесі Есіл ауданына қарайды екен. Сілтеген жерге барғанымен бұл орталық шетелде тұрмайтынын дәлелдейтін құжаттарын сұрап, Гүлнұрдың өзіне өтініш жазғызып, қаржының қаңтарда түсетінін айтады. Бірақ қаржы түспегендіктен, себебін сұрауға тағы барды. Орталық өкілі: «Біз 13 желтоқсанда Астана қаласының полиция департаменті Көші-қон полициясы басқармасына ресми хат жаздық, әлі жауап келмеді, сіз Еңбек және көші-қон комитетіне барыңыз», дейді. Иманбаев көшесіндегі 16 үй мекенжайындағы комитетке барса, ондағы қызметкер Гүлнұрдың тамыз айында декреттік демалысқа шыққанын, ал қыркүйекте жұмыс орнынан зейнетақы аударылғанын айтып, жұмысқа шықпағаны жөнінде анықтама тапсыруды талап етеді. Жұмыс істеп, айлық алып отырса, ай сайынғы жәрдемақы берілмейді екен. Ал ол шын мәнінде жұмысқа шықпаған, оған түскен ақша бұдан бұрын жазған мақаласының қаламақысынан аударылған зейнетақы болып шығады. Әрлі-берлі сандалған ана жұмысына келіп, айтылған анықтаманы алып, қайта Есіл аудандық МЗТО-ға барады. «Енді мәселем шешілді ғой» деп сенеді, бірақ бұл «жыр» бітпепті.

2018 жылдың 13 желтоқсанында жазылған, 2 аптада жауап беріледі деген хатқа 2019 жылы 14 қаңтарда жауап келді. Соны алға тартқан орталықтағылар: «Көші-қон полициясынан сіздің шетелге 2016 жылы шығып кеткеніңіз туралы ресми хат келді, соған сәйкес сізге жәрдемақы төленбейді», дейді. Гүлнұрдың ойынша, «даудың бір басы» осында болып тұр, өйткені ол 2016 жылы Еуропада жолдамамен тағылымдамадан өтіп келген. Заң бойынша шетелге шыққан немесе тұратын Қазақстан азаматына мемлекеттік жәрдемақы берілмейді. Бірақ Гүлнұр шетелге көшпеген және көшу туралы өтініш те бермепті. Салып ұрып ресми хатқа жауап жазған Көші-қон полиция басқармасына барса, олар: «Базада қате кетіпті, оны комитет жөндейді, біз хат жазамыз», дейді. 29 қаңтарда хат жіберуі керек болған. Гүлнұр хабарласса, расымен де шетелде тұрмайтынын анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын жеткізіпті.  «Шыдамымның біткен жері осы болды», дейді ашынған ана.

Жөргектегі сәбиін құшақтап жәрдемақының соңынан жүгірген ананың табан тоздыруы «Ит итті, ит құйрығын жұмсайды» дегенді еріксіз еске түсіреді.

Мәселенің ендігі мән-жайын білмекке бел буып, Көші-қон қызметтері орталығына бардық. Осы іске жауапты полиция капитаны Анар Амантайқызының айтуынша, Гүлнұр 2007 жылы алған жеке куәлігін 2015 жылы жаңа үлгідегі чиптік куәлікке ауыстырған. «Ол 2015 жылы Семейден Астана қаласына көшіп келген. Қазір электронды чиптік үлгідегі куәліктен ақпаратты алу да, ауыстырған кезде ондағы мәліметті аудару да оңай. Ал ескі үлгідегі мәліметті жаңартқанда және сол уақытта бізде мәліметтер базасын жүйелеу мақсатында жүргізілген ауқымды акция кезінде, құжатты толтырған қызметкер Гүлнұрдың Семей қаласынан Астанаға қоныс аударуын «Республика аясында» дегенді «Қазақстаннан тыс тұрақты тұруға» деп қате толтырып жіберген. Бұл – адамдық фактордың қателігі», деді капитан. Гүлнұр осы орталықтағы полиция майоры Ербол Махметовке хабарласқанда қателік жіберген қызметкердің жазаланатынын айтқан болатын. Ал А.Аманжолқызы Алматы аудандық департаментіндегі қателескен қызметкерді жауапкершілікке тарту мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді, өйткені ол қазір онда жұмыс істемейтін көрінеді. Ал оның үстінен қараған жауапты подолковник А.Ш.Жарылғанова 2018 жылы 3 наурызда отставкаға кетіпті. 

Қызметтік тексеріс нәтижесінде қазір Гүлнұрдың шетелге тұрғылықты тұруға кетпегені анықталған. Оның үстіне 2015 жылғы жеке куәлігі әлі жарамды құжат, сол себепті Алматы аудандық департаменті Көші-қон қызметтері орталығына «Түзету хаты» деп аталатын құжатты жіберген. Ал құжатты қабылдаған капитан кеше Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетіне мәліметке түзету енгізуін сұрап хат жазған. «Осындай оқиға орын алғаны үшін Гүлнұр Қуанышбекқызынан кешірім сұраймыз. Түзетілген мәлімет Жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасына енгізіледі. Бұған 2-3 күн уақыт керек. Содан кейін жәрдемақысын ала алады», деп сендірді А.Аманжолқызы.

Гүлнұр әлеуметтік желіде жариялаған департаменттің хатында тағы бір екінші азаматтың аты жазылыпты. Капитаннан бұл азаматты да сұрадық. А.Аманжолқызы: «Екінші азаматтың мәселесі Гүлнұрдың мәселесіндей қателіктен болған деп айта алмаймын. Өйткені бұл тексеру жүргізуді қажет етеді. Бұл үшін азамат өтініш беру керек. Бір анығы, бұл азаматтың жеке куәлігі 2016 жылдан бері «Тұрақты тұратын жерін ауыстыру» бойынша жойылған. Одан бері 2 жарым жыл бойы адам жарамсыз құжатпен жүре алмайды. Ол шетелге шыққан болуы мүмкін. Оны нақтылау керек», деді. Біз де басылымның бұл мәселені де бақылауда ұстайтынын, лайықты жауап күтетінін жеткіздік.

Гүлнұр шыдамы таусылған соң Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры А.Садубаевқа хабарласып, мәселенің тездетіп шешілуін сұраған екен. «Содан кейін кішкене қимылдай бастағаны байқалады. Үмітім бар», дейді ол. Көзіміз көргеннен кейін көкейге: «Мұндай күйде жүргендердің қатары көп еместігіне кім кепіл?», деген ой келді. Неге? Себебі өзгенің күйін күйттеп, жанайқайын жеткізіп жүретін журналистің өзі осындай жағдайда жүрсе, қалған азаматтың хәлі қалай болмақ?

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»