Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Қ.Қасымов: былтыр жол апаттарынан болатын кісі өлімі екі есеге қысқарды

549 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Қ.Қасымов 2019 жылғы 9 қаңтарда Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында жарияланған Мәжіліс депутаттарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы шараларға қатысты сауалына жауап берді.

Қ.Қасымов: былтыр жол апаттарынан болатын кісі өлімі екі есеге қысқарды

Министр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйеніп, Қазақстанда жол-көлік оқиғасында кісі өлімінің барынша көп деңгейі 2007 жылы тіркелгенін (4 365 адам) айтып өткен.

«Осы кезеңде 100 мың тұрғынға шаққанда Еуропа елдерімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасында қаза болғандардың ең жоғарғы көрсеткіштерінің бірі болып белгіленген (Қазақстан Республикасында - 28 адам, Германияда - 6, Францияда - 7, Латвияда - 17,5, Ресейде - 23). Қазіргі уақытта 2007 жылмен салыстырғанда республикада 2018 жылы жол апаттарындағы кісі өлімі екі есеге - 4 365-тен 2 096 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте өлім көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда көрсетілген кезеңде 17,7-ден 11,6-ға дейін төмендеді. Ресейде бұл көрсеткіш – 13, Қырғызстанда – 15, Румыния мен Болгарияда – 8, Еуропалық одақ бойынша орташа алғанда – 5 жағдайды құрайды» дейді министр Қ.Қасымов.  

Оның айтуынша, елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мақсатты бағытталған іс-шаралар кешені жүйелі негізде жүзеге асырылады. 2014 жылы «Жол жүрісі туралы» Заң әзірленді, ол барлық уәкілетті органдардың, сондай-ақ жол жүрісі саласына тартылған жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің нақты жүйесін құруға мүмкіндік берген. Заңмен көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру талаптары күшейтілген. Мысалы «С» санатын және «D1» кіші санатын алу үшін 21 жасқа толған, кемінде 3 жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі болуы қажетті. Сондай-ақ «D» санатындағы көлік құралын басқару құқығын алу үшін адамдардың және жүргізушілердің өтілі 21 ден 25 жасқа және жүргізушінің жұмыс өтілі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайған. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арыттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданған. Мамандандырылған ХҚКО-ларда емтихан қабылдау компьютерлік тестілеу арқылы және нәтижесіне емтихан қабылдаушының ықпалын болдырмайтын автоматтандырылған автодромдарда ұйымдастырылып, емтихан тапсырудың барлық процесі бейнекамераға жазу жүргізіледі. Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО-лардан онша алыс емес орналасқан 25 аудандық тіркеу-емтихан пунктінде алғашқы жүргізуші куәліктерін беруге тыйым салынады.

Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы барлығы 497 мың емтихан қабылданған, бұл ретте емтихан тапсырған азаматтардың жартысынан азы ғана алғаш жүргізуші куәліктерін алушы - 229 мың адам (46%). Жалпы көрсетілген шаралар соңғы бес жылда 1 жылға дейінгі басқару өтілі бар жүргізушілердің кінәсінен жол апатының саны 48% (2014 жылы 934-ден 2018 жылы 488-ге дейін) және 1 жылдан 3 жылға дейін 53,% (2014 жылы 1 543-ден 2018 жылы 726-ға дейін) төмендеген.

Одан басқа, Қ.Қасымов жол жүрісі қағидаларын едәуір өрескел бұзушылықтар (автокөлікті мас күйінде басқару; қозғалыстың қарсы жолағына шығу; жылдамдықты арттыру; жаяу жүргінші жолдарымен, тротуарлармен жүру және т.б.) үшін жауапкершілік күшейтілгенін айтып өткен. «Бұл ретте, осындай құқықтан айырылған адамдардың автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Біруақытта ІІМ тарапынан еліміздің жолдарында бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданды. Жыл сайын 2,5 млн. астам бұзушылық анықталады. Тек 2018 жылы автокөлікті мас күйінде басқарудың 25 мыңға жуық фактісі анықталды. Одан басқа ЖЖҚ өрескел бұзғаны үшін сот 3,2 мың адамды әкімшілік қамауға алды, 37 мың адамды автокөлікті басқару құқығынан айырды. Жаяу жүргіншілердің ЖЖҚ бұзуының жолын кесу бойынша белгілі жұмыстар жүргізілуде, олардың тарапынан өткен жылы 171 мыңнан астам ЖЖҚ бұзушылық анықталды» делінген жауапта.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін арттыру бойынша Мәжіліс депутаттарының ұсыныстарын қосымша пысықтап, оларды іске асыруға шаралар қабылдайтынын мәлімдеген.