Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Қазақстан-герман ынтымақтастығының келешегі талқыланды

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Тило Клиннермен кездесті.

Қазақстан-герман ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Кездесу барысында сұхбаттасушылар саяси және сауда-экономикалық саладағы қазақстан-герман ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Екі ел арасындағы ілгерілемелі динамикасы атап өтіліп, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға өзара міндеттеме расталды.

Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың барлық мәселелерін әрі қарай дамытуды, сондай-ақ 2017 жылдың шілдесінде Астана қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер арасында өткен келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін нақты талқылады.

Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды және стратегиялық әріптесі болып табылады. «Біз екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтуге, атап айтқанда Қазақстан нарығына неміс инвестицияларын және технологияларын тартуға мүдделіміз. Сыртқы істер министрлігіне жүктелген жаңа міндеттер аясында біздің ынтымақтастығымыз жаңа серпін алады», - деді Б. Атамқұлов.

Неміс Елшісі Астанамен қарым-қатынастарды дамыту герман дипломатиясының Орталық Азия аймағындағы басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Т. Клиннер Қазақстан экономикасын одан әрі жаңғырту жоспарларын құптап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Германия Қазақстандағы негізгі еуропалық инвесторлардың бірі болып табылады. 2005 жылдан бастап 2018 жылдың қараша айына дейін Германиядан Қазақстанға инвестициялар көлемі 8,6 млрд. АҚШ долларын құрады. 2018 жылдың қаңтар-қараша кезеңінде тауар айналымы 1,9 млрд. АҚШ долларын, ал 2017 жылы - 1,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі күні Қазақстанда неміс капиталымен 450 кәсіпорын жұмыс атқаруда.