Тарих • 05 Ақпан, 2019

Ұлылық – өмірге ұлы ұрпақтар келтіретін халыққа тән қасиет

4259 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өз елінің рухани мәдениетін әлемдік деңгейде танытып, адамзат санасына қозғау салған ұлыларды ұлықтау мәселесі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жақсы көтерілген. Ұлт мүддесіне қызмет еткен қазақ зиялыларының тарих пен әдебиет кеңістігіндегі заңды орындарын иеленуіне игі әсер етер бұл мақаладағы міндеттердің бағасы бүгін де, ертең де артпаса төмендемесі хақ.

Ұлылық – өмірге ұлы ұрпақтар келтіретін халыққа тән қасиет

Осы орайда қазақтың тарихын образдар, ұлттық харак­тер, адам тағдыры арқылы ажарлап, ұлт руханиятының құндылығын жүрекке жеткізе жазудың шебер­лігін танытқан Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927, 1936, 1960) атты повесінде бейнеленген тарихи тұлғалар әкелі-балалы Рысқұл мен Тұрарды тану мен таныту төңірегінде ой өр­бітсек артық болмас деп ойлай­мыз. Өйткені аталған екі тұлға да тарих пен сөз өнерінде де, Әуезов­тің ғана емес, қазақтың Құнан­байы мен Абайындай өшпес із қалдырған атақты да ардақты азаматтары.

Ұлылық – өмірге ұлы ұрпақтар келтіретін халыққа тән қасиет екендігін де осы тарихи тұлғалар тағдыры ұмыттырмасы тағы анық. 

Мұхтар Әуезов – жазушы жа­уапкершілігін жеке адамның емес, бүкіл халық тағдыры, жа­ны, психологиясы, табиғаты, ой-арманы, мың қатпарлы ішкі құ­пия сырлары мен түрлі сезімдік көңіл күйлері, психологиялық, көркем­дік-эстетикалық, эмо­ция­­лық құбылыстары, т.б. деп қабылдаған қаламгер. Сон­дық­тан да болар М.Әуезов шы­ғар­­машылығының басты ерек­ше­лігінің өзі кейіпкерлерінің түп тұлғалары (прототиптері) бар екендігі. Келешектегі көркем шы­ғар­масына өзек болар оқи­ғаны зерттеушілік зердеге сал­май, суреткерлік сүзгіден өт­кіз­бей, оқиға өткен өңір мен ке­йіпкердің өскен ортасы мен тұрған жерін егжей-тегжейлі танып, көңіліне түймей қолына қалам алмаған қаламгердің бұл қасиетін бүкіл мұхтартанушы ғалымдардың (З.Ахметов, К.Сыз­дықов, М.Мырзахметұлы, Р.Нұр­ғали, Т.Әкім, Т.Жұртбай, т.б.) зерттеулеріндегі пікірлер мен жазушы мұрағатындағы жолжазбалар, «Абай жолынан» бас­тап «Өскен өркенге» дейінгі шығар­маларын жазу барысында жинаған қойын дәптерлері, күнделіктер тобы дәлелдесе ке­рек. Әсіресе, жазушының Оң­­түстік өңірге сапары жөніндегі то­лық мәліметті көр­­некті ғалым, абайтанушы, мұх­­тартанушы М.Мырз­ах­мет­ұлының «Әуезов және Абай» (Ал­маты: «Қазақстан», 1996, 272-б.) зерттеуінен де қарауға болады.

Көр­некті суреткердің әр туын­ды­сының жазылу тарихы мен шығармашылық өмірбаянының өзегін құрайтын творчестволық тәсіл «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі кейіпкерлер тағдыры мен табиғатын бейнелеуде де ерек­ше көрінеді. Айталық, сон­дағы бас кейіпкер Бақтығұл – өмір­дегі Рысқұл, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дип­ломат, көсемсөзші Тұрар Рыс­құловтың (1894-1938) әкесі. Бақ­тығұл-Рысқұлдың (1859 жылы туған, қайтыс болған жылы бел­гісіз) повестегі бейнесі мен тарихтағы тұлғасы бүтін бір көркемдік тұтас­тықты құрап, кейіп­кердің табиғи болмысы, мі­нез-құлқы, іс-әрекеттері, оның өмір сүрген ортасы, ондағы жер-су аттары, табиғат көріністері шынайы­лығымен талай жұртты тәнті еткені белгілі.
Сана-түйсігі ояу, саналы аза­маттың арманы еркіндік еке­ні әмбеге аян.

Бүгінгі біздің мақ­сатымыз бұл шығарманы талдау емес, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов тағдырындағы әрі Әуезов таныған, мойындаған, туындысы ар­қылы әлемге танытқан тарихи тұлғалар – Тұрар Рысқұлов пен оның әкесі, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі баст­ы кейіпкер – Бақтығұлдың про­то­типі – Рысқұл тағдырының та­ғы­лымын тағы бір жадымызда жаңғыртып, жас ұрпаққа берер үлгісіне үңілу. Өйткені ұлы қаламгердің қолынан шыққан әрбір сөз, әрбір бейне қазақ тарихы, қазақ әдебиетімен бірге өмір сүріп, ұрпағымыздың өз ұлтына деген, оны құраған тарихи тұлғаларға деген құрметі мен мақтанышын туғызары хақ. Елбасы айтқан «...Ұлы даланың ұлы есімдерін» құрайтын қазақ­тың даңқты ұлдарының бірі Тұ­рар Рысқұлов ұлы суреткердің заман­дасы, рухтасы ғана емес, оның әлем әдебиетіне ең көп ауда­рылған даңқты туындысына тақырып тауып беруімен де ел есінде.

Енді Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының ша­руа­шылығы мен мәдениетін дамы­туға үлкен үлес қосқан тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезовтің таныстығы, достығы қайда, қашан басталды деген сауалға жауапты көрнекті тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісовтің «Мұхтар Әуезов энциклопедия­сы» (Алматы: «Атамұра» бас­пасы, 2011) деген еңбегінен ала­мыз. Қазақты орны толмас қай­ғы-қасіретке ұшыратқан ста­лин­шіл-голощекиншіл «Кі­ші Октябрь» саясатына қар­сы шы­ғып, ашаршылыққа ұшы­ра­ған халқына ара түскен көр­нек­ті қоғам қайраткері Тұ­рар Рысқұловтың Алашорда жетек­шілерімен идеялас, рухтас болып бірге еңбек еткені тарих­тан белгілі. Т.Рысқұлов өзі би­лік басында отырған кезінде Мұхтар Әуезовтің Ташкентте ғы­лыми, педагогикалық және шығар­машылық жұмыспен шұ­ғыл­дануына көп қамқорлық көрсеткен. 
Ал Рысқұлдың өжет бейнесі Мұхтарды қатты қызықтырып, оның өмірбаянын өзек етер шы­ғарма жазуды жоспарлайды. Жазушының өтініші бойынша Тұрар 1923 жылы Жетісу об­лыстық революциялық трибу­насының төрағасына хат жазып, әкесі Р.Жылқайдаровтың сот ісі туралы мұрағат деректерін іздес­тіріп, алдыртады. 

Көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғали жазушының Оңтүстікке сапарының тарихы ілге­ріде-ақ басталғаны, оның Таш­кентте жүргенде тарихи тұл­ға Тұрар Рысқұловпен бірге жү­ріп, сырлас серік болғаны, оның арты Т.Рысқұловтың өмірі, әкесінің тағдыры туралы көп томдық шығарма жазу идеясына ұласқаны, соның нәтижесінде «Қараш-Қараш оқиғасы» атты тамаша туындының өмірге ке­лу тарихы туралы айта келіп: «...«Қараш-Қараш оқиғасы» ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді. Әдебиетшілер повеске арқау болған Т.Рысқұловтың әкесінің ба­сынан өткен оқиға екенін дұ­рыс айтады. Географиялық атаулар сәл өзгерген, адам атта­рында өзгеріс бар. Мұнда күрес­кер бар. Мұндағы атылған оқ – Ғазизалардың кегі. Бақтығұл санасындағы психологиялық құбы­лыстарды, сапалық эво­люция­ны көреміз», деп жазу­шы­ның шығармашылық зертханасынан сыр шертеді (Р.Нұр­ғали. «М.Әуезов және Алаш. Әде­биеттегі ұлттық рух». Көмек­ші оқу құралы. Алматы: «Санат», 1997).

Жалпы, әдеби шығарма тарихын түгендеу, автордың идеялық-шығармашылық мақсаттарын анықтау, яғни шығармашылық үдерісті қадағалау, т.б. сынды ғылыми-теориялық мәселелер әдебиеттанушылар мен мұх­тар­танушы ғалымдардың еңбек­терінде әр кездері әртүрлі дең­гейде жазылып жүр және әлі де зерттеліп келеді. Бұл – мә­тінтанудағы маңызды мәселелер. Ширек ғасыр бойы шек қойылған бұл шығарма 1960 жылы қазақ тілінде, ал 1961 жылы «Дружба народов» журналының №7 санында А.Пантиелевтің аудармасымен «Выстрел на перевале» деген атпен орыс тілінде жарық көрді. Содан кейін ғана жолы ашылған туынды аз ғана уақыттың ішінде түрлі жи­нақ­тарда бірнеше рет жарық көріп, көптеген шет тілдеріне аударылып кеңінен танылды.

Көкейінде қордаланған мол білімі, көзі көріп, куә болған, үзбей ізденіп, жазып жүрген тарихи фактілері мен қазына-қоры бай мұрасы бар Мұхтар Әуезовтің соңғы жылдары жарық көрген шығармаларының 50 томдық толық жинағынан (Алматы: «Ғылым», 1997-2011ж.ж.) өзге де мұражайындағы араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сия­мен, қарындашпен жазылған қолжаз­балары әлі де қоңды. Осы қолжазба, жолжазбалар мен алғашқы жылдары ақ қағаз­ға өз қолтаңбасымен түскен түп­­нұс­қаларындағы аптығы ба­сылмаған асығыс-ой ағымдары арнасынан асып-төгіліп жатқан мұхиттай тереңдікті танытады. Ойда әбден пісіріліп, толғағы жеткен тақырыптарын кейін тәжірибесі молайып, тұрмысы түзелген мезетте машинисткаға, сте­­нографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырса да айтылмай қалған сырлары, жазылмай қалған қаншама құнды ойлары, жоспарда болған, бірақ қағазға түспеген қаншама трилогиялар мен 7 кітаптан да асып жығылатын шығармалар шоғыры елес беретіндей. Жо­ғарыда келтірілген қысқа-қыс­қа әдеби фактілер Мұхтар Әуезовтің ойында болғанымен, орын­далып үлгермеген талай туындыларының тумай жатып тұншықтырылғанын да танытады. Алайда, сол 60 жылдық өмірінің өзін найзаның ұшында өткізсе де ұлт мұраты жолында адал қызмет етудің өшпес үлгі-өнегесін көрсетіп, «Қараш-Қараш оқиғасы» сынды өлмейтін көркем мұраларды ұрпаққа мирас етіп кетті.

Осы орайда, Елбасының мақа­ла­сында айтылған мін­дет­тер мен жоспарларды ұлы тұлғалардың туындылары төңірегінен таратып, іске асыра білсек, ұлттық құндылықтарымыздың құнары артып, қатары көбейері сөзсіз. «...Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет», деген Елбасы талабына сәйкес, олар­дың халық санасындағы бей­нелерін мәңгілік қалдыру үшін әдеби-мемориалдық ескерт­кіш­терді көбейтіп, төл тарихы­мызды тың мәліметтермен то­лық­тырып, ғылыми, мәдени, әдеби айналымға ендіру – күн тәр­тібіндегі маңызды мәселе. Әсіресе, М.Әуезов тағдырындағы тарихи тұлғалардың тағылымына тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қай­та қарап, олардың ұлт руха­ниятындағы қадір-қасиетін ба­ғалау бүгінгі ұрпақтың боры­шы болса керек. Осы ретте М.Әуе­зовтің «Қараш-Қараш оқи­­­­­ғасын­дағы» тарихи кейіпкер, көр­­некті қоғам және мемлекет қай­раткері Бақтығұл-Рысқұл әлем әдебиетіне ең танымал әде­­би кейіпкер ғана емес, ұлт тари­хы­нан да алар орны бар тұл­ға екен­­дігін еске ұстағанымыз абзал.

Мәселен, 1903 жылы белгілі географ ғалым Дмитриевтің «Рыс­­құл алқабы» деп атау беріп, картаға түсірген Талғардағы ең биік тау-асулар ұлы жазушы­ның кейіпкері Бақтығұл-Рысқұл бағын­дырған биіктік екендігін жұрт­шылықтың көбі біле де бермейді. 1923 жылы Ташкентте шыққан орыстың атақты географ ғалымы Николай Дмитриев­тің «Тал­ғар-Іле Алатаудың ең би­ік шыңы» деген ірі ғылыми зерттеуінде Рысқұл туралы былай деп жазады: «...1903 жылы 28 июльде мен Талғардың күнгей жағындағы мұзартқа шықтым... Менің бағыма қарай жол көр­сетуші болып Шығыс Талғар бо­лысының қазағы Рысқұл Жыл­қай­даров жолықты... Рысқұл мені бұрын ешбір картаға түсірілмеген қиямет қиын жолдармен алып жүріп, Талғардың ту сыртынан шығарып, Есік өзенінің басталатын көзінен әрі алып барды. Соның арқасында менің 1903 жылғы саяхатым елеулі ғылыми нәтижелерге жетті. Бұл табыстарым үшін мен өзімнің жол бастаушым Рысқұлға қарыздармын. Оның мені небір қиын құздардан, жып-жылтыр мұздардан жол тауып, асқан қажырлылықпен, айла-ептілікпен алып жүргенін көрсеңіз. Талғар шыңдарын бірінші зерттеуші ғалым ретінде мен мұзарт ете­гіндегі Есік өзенінің сағасы бас­талатын алқапты «Рысқұл ал­қабы» деп атап, оның есімін мәңгі есте қалдыруға өзімнің құ­қымды пайдалана отырып, ш­ешім қабылдадым. Өйткені ғы­лым алдындағы оның еңбегі зор». 

Тұрар Рысқұлов туралы трилогия жазуға мүмкіндігі болмаса да әкесі – Рысқұл-Бақтығұлдың мәңгілік бейнесін сомдаған ұлы суреткердің орындалмаған арманы Алты алаштың ардақтысы атанған Тұрардың биылғы 125 жылдық мерейлі мерекесі қар­саңында мақаладағы: «...біз, бірін­шіден, атақты тарихи тұл­ғаларымыз бен олардың жетіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойы­латын «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энци­клопедиялық сая­бағын ашуымыз керек», деген сөзі негізінде жүзеге асар уақыт та алыс емес секілді. Оң­түстік өңіріне бар­ған сапарында Түлкібас ауда­нының (бү­гінгі Түркібасы) тамаша табиғатына тәнті болып, «Қазақтың Швейцариясы» деген М.Әуезовтің сөзі әлемдік туризмге сұранып тұрған ғажайып аймақта атақты «Қараш-Қа­раш оқиғасы» повесіндегі әдеби бей­нелердің ашық аспан астын­дағы ескерткіш-мүсіндері орын алса, «Ұлы даланың ұлы есім­дері» тарих төрінен көрініп, еліне рухани дем берер ерлерді еске алу мен ел тарихының құнар­лы қат­парларын қайта қал­пына кел­тіру­дің де рухани қажет­ті­лігін таны­та түсері ақиқат. Өйт­­кені «Ұлы­лық – өмірге ұлы ұрпақ­тарын келтірген халыққа тән қа­сиет» деген дала даналығын ес­тен шығармағанымыз абзал.

Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор